Екі көңіл арасы

2486

1

Өмір адамның өзгелерге деген сүйініші мен махаббаты, мейірімі, өкпе-ренішінен тұрады. Қарым-қатынастан құралады. Сондықтан жантану ілімінің де зерттеу аясы негізінен осы мәселені қамтиды. Осы орайда мына бір қызық дерек ойға оралады.

Кәдімгі темір жол рельстерінің бір-бірінен арақашықтығы 143,5 см екен. Неліктен олай деген сауал туатыны заңдылық. Өйткені, өлшемді 150 см, ең болмаса 145 см етіп алса, есте сақтауға, жаңылыспауға жақсы болар еді ғой! Бірақ қалыптасқан стандарт – 143,5. Себебі әлемдегі алғашқы теміржол вагондарын құра бастаған кезде осы өлшем қолданылды. Оған себеп сол кезде арбалардың дөңгелектерінің арақашықтығының сондай болғаны екен. Ал, арбалар тасжолдардың еніне сәйкес жасалған.

Сонда тасжолдардың енін сол өлшеммен салуға не себеп? Бұл сауалдың жауабын есте жоқ ескі заманнан табамыз. Ежелгі Рим империясында адамзат тарихында алғашқы асфальт төсеушілер осы өлшемді қолданған. Бүгінгі өркениеттің ең озық үлгілерінің іргетасын қалаған римдіктер өздерінің жүк таситын арбалары, соғыс күймелері үшін ең ыңғайлы өлшем ретінде 143,5 см-ны алған екен. Өйткені соғыс күймелеріне қос ат жегіледі. Қос ат қатар жүру үшін арақашықтық орта есеппен 143,5 см. Осылайша қазіргі темір жолдың енін ежелгі римдіктер анықтаған.

Ал иммигранттар АҚШ-та темір жол салуды бастаған кезде осы өлшемді ала салған. Бұл тіпті аэробустардың дизайнына әсер еткен. Американдық инженерлер жанармай цистерналарын сыйымдылығы жоғары етіп жасағысы келген. Дегенмен, ұшақ Юта штатында құрастырылып, Флоридаға теміржолмен жеткізілетін. Сондықтан теміржол туннельдердің енін ескеру қажет болған. Нәтижесінде американдықтар, римдіктер өз заманында мінсіз деп тапқан өлшеммен санасуға мәжбүр болды.

Бұл өлшем Еуропада стандарт ретінде таңдалған. Бүгінде ТМД, Балтық жағалауы елдерін, Финляндияны, Ирландияны, Испания мен Португалияны қоспағанда Еуропаның барлық елдерінде дерлік қолданылады. Сонымен қатар Солтүстік Америкада, Қытайда, Австралия және басқа елдерде осы өлшем таңдалған. Ал елімізде теміржол рельстері үшін белгіленген өлшем – 148 см.

Мұның бәрінің қарым-қатынасқа қандай қатысы бар дегенге келсек… Екі адам арасындағы байланыс, ол мүмкін неке, достық болмаса туысқандық болар, теміржол рельстерінің ежелден қалыптасқан үлгі бойынша төселіп келе жатқаны сияқты, арақашықтық сақтаумен ғана тұрақты болады. Бұл да – бір заманда қалыптасқан қағида. Оны ереже етіп бекіткен кім екені, жекелеген адамның оған келіспеуі немесе қабылдауы маңызды емес. Маңыздысы – ережені сақтай білу.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<