Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында, Арал ауданының абзал азаматы Дәуқара Аймағамбетұлының дүниеден озғанына он жыл толады. Бұл азаматты облыс, аудан басшылары, іскерлігі мен біліктілігін бағалап, құрмет тұтатын.
Мен әңгімемді Қазақстан Республикасының өндірісіне еңбек сіңген қайраткері, Арал өңірінде үлкен құрметке ие болған көшелі азамат Дәуқара Аймағамбетұлымен қалай танысқанымнан бастауды жөн көрдім. 1952 жылдың маусым айында Арал қаласына, Гурьевтегі балық техникумынан мұғалімдер келіп емтихан қабылдады. Соған Аралдан 7 сыныпты бітірген мен, 8-9 сыныпты бітірген Дәуқара Аймағамбетов, Жанәлі Әлімбетов, Сырғаш Медетбаев емтихан тапсырып, 1 қыркүйектен қалмай Гурьевке жететін болдық. Олар менен екі-үш жас үлкен, бір жылдай бір бөлмеде тұрдық. Оқу орыс тілінде. Елден барған бір ауыз орысша білмейтін бізге сабақ өте қиын болды. Кейіннен мен орыс балалармен бірге тұрдым. Төрт жылда «балық өндірудің техник-механигі» деген мамандықпен диплом алып, 1956 жылы Арал балық тресіне келдік. Айта кететін жағдай, осы жылдар ішінде Дәуқара екеуміз сырлас досқа айналдық. Менің артымнан келетін жәрдем жоқ, ал Дәуқараның жағдайы жақсы. Артынан күріш, ет, посылка келіп тұрады. Соны бөліп жейтінбіз.
Арал балық тресінің басшылары, жас мамандарды балық мекемелеріне бөліп-бөліп жіберді. Дәуқара өзінің алғырлығын көрсете біліп, тез арада, нұсқаушы, аға нұсқаушы, инженер, бас инженер, колхоз төрағасының орынбасары болды. Ал 1964 жылдың күзінде Арал теңізінің оңтүстігіндегі Қарақалпақ жерімен шекаралас Ұялы зауытына директор етіп тағайындады. Арада бес-алты жыл өткесін, тәжірибелі Дәукеңді 1969 жылы теңіздің батысындағы Ауан зауытының директорлығына ауыстырды. Ал 1975 жылы Қаратерең балық аулау базасына директор болды. Арада бес-алты жыл өткесін ол Аралдағы балық өсіретін Қамбаш питомнигін басқарды. 1984 жылы баяғы Арал өңіріндегі 21 колхоздан қалған жалғыз «Райым» колхозына басқарма болып сайланды. Осы жерде өзімбілермендікке салынып кадр мәселесінен жіберген қателігімді айтайын деп отырмын. Шынында да коммунистік партия кадр мәселесінде екі шұқып, бір қарайтын-ды. Үміт күтетін жастарды бастауыш партия ұйымында әдейі қарап, кадр резервіне қоятын. Осындай талаптарды, этиканы біле тұра, Арал комбинатының бас директорлығына сыртта қызметте жүрген азаматты министр бұйрығымен бекіттім. Арада көп ұзамай ол сенімді ақтамай, ұжыммен тіл табыса алмай дау-дамайдың астында қалды. Өзім он жылдай басқарған ұжымның шырқын бұзбау үшін, оны орнынан босаттық. Оған «Райым» колхозының басқармасы – Даукеңді өзімен келісіп, Арал балық комбинатының бас директорлығына бекіттім. Бұл менің жіберген екінші қателігім еді. Менің ойым, Дәукең баяғы өзіне тән дала дипломатиясы арқылы ұжым жұмысын дұрыс жолға бағыттау болатын.
Сол кезеңдері «демократияшылдар» көбейіп өзін-өзі ұсынатын белсенділер пайда болған еді. Бір қызығы, арыз баяғы «Райым» колхозшыларынан облыс басшыларына жазыла бастады. Бес-алты ай шыдаған облыс басшылары «жолдас министр, мына дауды өзің келіп шешпесеңіз болмас» деген өтініш айтты. Сонымен не керек, Орталық партия комитетінің басшыларымен келісіп Аралға барып, аудан басшыларымен бірге «Райым» колхозында жиналыс өткізуге тура келді. Колхозшылардың көбісінің аты-жөнін білемін. Себебі, 1958 жылы осы колхозда нұсқаушы болып қызмет жасағанмын. Колхозға ешуақытта болмасын деген ойым болмады. Бұл колхозды ауданға белгілі азамат, сөзге шешен, жырау Берекет Омаров ағамыз он жылдай басқарған-ды. Ол ағамызбен де жұмысымыз аралас, қорамыз қоралас болып, туыстай араласқанбыз. Ал енді мына Дәуқара комбинатқа керек басшы, бір жағынан колхозға көмегін аямайды деп, үш-төрт рет шығып сөйлеп түсіндірген болдым. Бірақ олар «жолдас министр, сізді жақсы сыйлаймыз, ал Дәукеңді колхозға қалдыр» деп отырып алды. Осы жерде колхозшылардың нағыз демократиясын көрдім, бұл маған сабақ болды. Амал қанша, ЦК-ға обкомға жазылған арыздарды доғарту мақсатында өз бұйрығыммен Дәукеңді бас директордан босатып, колхозына қайта жібердік. Сонымен Дәуқара Аймағамбетұлы екінші рет колхоз басқармасына сайланды. Облысты білмеймін, Арал ауданында болған бұл тұңғыш оқиға еді. Міне, осыдан-ақ Дәукеңнің елге қандай қадірлі екенін білуге болар.
Сонымен ер Дәукең комбинаттың бас директорлығынан босап, Райым колхозына екінші рет басқарма болып сайланды. Өзіне біткен дала дипломатиясын дұрыс пайдаланып Байқоңыр, Төретамдағы әскер басшыларымен дос болып Қызылжар елді мекеніне дариядан су келтірді. Үй сайын ағаш ектіріп, жол, көпір салды, ел құрметіне бөленді. Оның тағы бір елге жасаған қызметін айта кетейін. 1987 жылдары маған келіп колхоз орталығынан жастарға арнап үлкен мәдениет үйін салдыртсам деген ойын жеткізді. «Ал колхозда қаражат жеткіліксіз, маған қаражаттан көмектес. Жобасын жасатып, құрылыс материалдарын, құрылысшыларды өзім табам» деді. Дәукеңе қарсы дәлел айта алмай мен де заң бұзуға бардым. Себебі, мемлекеттік мекеме тікелей колхоздарға қаражат бере алмайтын. Біреулер мәселені шешем десе, жолын іздейді ал керісінше, шешкісі келмесе сылтау іздейді демекші. Колхозшылардың хатына сәйкес қарыз есебінде деп құрылысқа толық жететін қаржы бөлдірттім. Бір жарым жылдың ішінде, құрылысшыларды Алматыдан алдыртып, құрылыс материалдарын Төретамнан тасытып, аудан көлемінде елді мекендердің еш жерінде жоқ, үлкен мәдениет үйін салдырды. Міне, осы және Арал өңірінің өркендеуіне жасаған басқа да еңбегін ескеріп, Қызылжардағы мәдениет үйін Дәуқара Аймағамбетұлының есімімен атаса, нұр үстіне нұр болар еді.
Дәукең тектілер ұрпағынан еді. Әкесі Аймағамбет Сейіт болыстың көмекшісі болған. Болыс көмекшісі тегін адам болмайтыны белгілі. Аймағамбет әкенің елге көсем, сөзге шешен екенін жас та болсақ көріп қалдық. Арал өңірінің соңғы билері Аймағамбет, Шора, Айекеш, Садықбай ақсақалдар туралы «Аралдың айтылмаған ақиқаты» атты кітабымда жазғанмын. Биыл шығатын «Толқынмен алысқан, балықшылар арыстан» атты кітабымда да тоқталдым. Біздің елде, төрт бидің кезінде айтқан әзілдері ел аузында. Шора ақсақал Даукеңнің қайын атасы. Яғни, Дәукеңнің елу шақырым жерге атпен алып қашқан жары Зәбудің әкесі. Жаны жәннатта болғыр Зәбу марқұм қашанда қай кезде де тек туыс емес, Дәукеңнің атын атап келген кім болмасын, есігі ашық, төрі дайын болатын. 1970 жылы Аймағамбет, Айекеш, Шора, Садықбай ақсақалдар Аралдың бірінші басшысы Тәкей Есетовтің үйіне, қуаныштарына құтты болсын айтып, бата беріп кетейін деп келеді ғой. Есік алдында қосшысы «олар әлі тұрған жоқ» деп кіргізбейтін көрінеді. Ондай кедергінің талайын көрген билер көнсін бе, кіреміз депті. Сонда баяғы қосшы ағамыз, «осы сендер мені танисыңдар ма?» дейтін көрінеді. Шынында да ол кісінің әкесі елге аға болған, біздің билермен құрдас аға болатын-ды. Билердің үлкені Айекең, «әй, не деп тұрсың, әкеңнің құрдасы, шешеңнің қатары болсам, неге танымаймын» депті. Сөздің аяғын естіп қалған Тәкейдің жас келіншегі Тазагүл бетін басып, «ойбуй, әкелер-ай, тез кіріңдер үйге» деген екен. Билердің талай сөздерін кітап қылып жазуға болады. Дәукеңнің сол кісілерге ұқсаған бір сөзін келтірейін.
Жетпісінші жылдардың аяқ кезі. Бір үлкен жиналыс болып, кештеу шыққанбыз, біздің үй орталықта райкомға жақын болатын. Үйге келсем Қуанған жақсы тағам дайындап қойған екен. Әншейінде бірге жүретін Дәуқара қасымызда жоқ. Менімен бірге келген орынбасарым Жылқыбай Арынғазиевқа «тез Дәуқараны тап, бірге тамақтанайық» дедім. Ал Дәуқара Аралдағы туған құдасы, белгілі азамат Сағи Абатовтың үйіне барыпты. Күнде келіп жүрген құдасы болғасын үй иелері қиналмай дайын тұрған дастарханға жеңіл шәймен отырыпты. Жылқыбай әдейі машинамен барып менің шақырып жатқанымды айтады ғой. Сонда сөз шебері Дәукең «Құдекең шақыратын болса бағана қайда қалды, Жылқыбай сен не деп тұрсың, мына үй иелері туған құдам келді деп апысы кіріп, көпісі шығып, қазанға тамақ салайын деп жатыр, ешкімнің үйіне бара алмаймын» дейтін көрінеді. Ал құдасы мен құдағайы бір-біріне қарап, аң-таң болып қалыпты. Бұл Дәукеңнің өзіне тән әзілі ғой. Дәукеңнің сөзі де, ісі де ірі болатын. Қаратереңде директор болып жүрген кезі, бір күні маған келіп, «Құдеке, үш тон берші» деді. Ол кезде комбинатқа әдемі қара тондар келетін. Оны мекемелерге бөліп бергенбіз, Дәукең де өзінің сыбағасын артығымен алған болатын. Байқасам, сол кездегі Қаратерең ауыл советінің төрағасы белгілі азамат Әлімжан Жүгінісов ағамыздың үйіне Алматыдан құда-құдағайлары үш адам болып қонаққа келеді. Екі-үш күн жайланып қонақ болғаннан кейін, қыстың аязды күні 200 шақырымдай Арал қаласына жеткізіп салмақшы болады. Ол кезде қазіргідей жол талғамайтын жараулы көлігі жоқ. Қонақтарды тоңдырып алмаймыз ба деп үй иесі қатты қиналыпты. Соны байқаған Даукең қоймадағы сары майдай сақтаған үш тонды кигізіп жіберіпті. Маған келуінің себебі сол екен.
1968 жылдың жазында Аралға КСРО халық әртісі Роза Бағланова апай келді. Мақсаты – Арал теңізінің оңтүстігіндегі Ұялы елді мекенінің төңірегіндегі әке-шешесінің басына барып қайту. Аудан басшысы Тәкей Есетов Ұялыдағы Дәуқараны қызметтік катермен шақырып алып, қасына ауаткомның орынбасары Түгелбай Пірімбетов деген азаматты қосады. Розаның аман-есен барып қайту жауапкершілігін тапсырады. Олар апайды жақсы құрметпен апарған, ата-анасының жатқан жерінде болған апай тебіреніп, риза болып қайтады.
Дәуқара досым шыққан биігін өзінің адал еңбегімен, маңдай терімен бағындыра білді. Азаматтар елге деген ерлік істерін көзімен көріп, талай куә болған, облысқа белгілі қайраткерлерді атауға болады. Олар – Әбдіхан Көбеев, Қаһарман Табынбаев, Биғали Каюпов, Нәжмаддин Мұсабаев, Айтбай Көшербаев, Кішкене Айбосынов, Әбілбай Садықбаев, Нұраш Оспанов, Шәкірат Дармағамбетов және басқалары. Ешкім мәңгі өмір сүрмейді. Қызметін халқына арнады. Қайран асыл достарым-ай – Дәуқара, Сағитжан, Әнес, Мұхамедияр, сіздермен дәмдес, тұздас болып, өздеріңдей парасатты достарды сыйлаған, керемет рухани ортада ғұмырымның әдемі кезеңін өткізуді жазған тағдырыма ризамын.
Құдайберген САРЖАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері,
ҚР өндірісіне еңбек сіңірген қайраткер.
мемлекет және қоғам қайраткері,
ҚР өндірісіне еңбек сіңірген қайраткер.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<