Ескі Сауран есігінде

1129

0

Отыз жылдан аса темір жол саласында қызмет еткен еңбек ардагері, Жаңақорған өңі­ріне қа­дірлі есім Алғашбек Мам­паевтың өмірдерегі туралы кітап жазбақ болып жүрген кезім. Жолбасшым – Ғалымжан Алғашбекұлы. Екеуміздің із­деген бір адамымыз Ескі Сау­ранның екінші басынан табылды. Ауласы ат шаптырым ақшаңқан үйдің алдындағы жатаған тамға кірдік. Салулы төсекте жасы сексенді алқымдаған арық қатпа шал жатыр екен. Қарт әкейге қос қолымызды қатар созып амандастық.

– Бұл – Камал деген әкеміз. Осы ауылда бұл кісілермен құдайы көрші тұрдық, – деп жолбасшым Ғалымжан әкейді маған, мені әкейге таныстырды. Осы өңірдің өткен өмірін, Алғашбек Мампаев туралы естелік жазып жүргенімізді түсінген шал бір қырындап, сөйлеуге ыңғайланып шынтақ­тады.

– Бұл жерді Ескі Сауран дейді, бірақ оған 30-шы разъезд дегенді қосып айтпасаң жұрт айы­ра алмайды. Бестам, Бесарық, Бескөпір деген жер атаулары да осы маңда. Сол жерлерді аралап, ойынымыздан бейнетіміз көп балалығымызды өткіздік. Біздің заманымыз қиын-қыстау заман болды. Небір тамаша кісілер өтті бұл өлкеден. Мәметек қожа деген кісі бар еді. Ел тоқ болмаса да әр жерден аттар келіп, көкпар шабатын. Ала шаңға көміліп, көкпарға жаяу еріп жүреміз сонда. Енді, міне, дым көрмегендей отырмыз, көз нашар, құлақ екі айтпасаң естімейді.

– Мәметек қожа туралы айтсаңызшы, – дедім мен сөзді бөліп.

– Таниды екенсің ғой, – деді шал. Былайша күлетін сөз. Қайдан таниын? Бірақ күлуге болмайды. Әкейдің көзі мен құлағына қоса есте сақтау қабілеті де нашарлаған. Бұл күлетін нәрсе ме? Жаңа ғана өзі маған Мәметек қожа жөнінде бір әңгіме бастап келе жатқанын ұмытып қалды. Тіпті есіне түсіре алмады. Бір тал шылымын тұтатып аузына салды да, тағы сөз бастады. Мен ендігі әңгімені бөлмей тыңдадым.

– Менің сол бала кезімде Мырзахан, Қауыс деген кісі­лер болды. Әйтпенбет деген шал қайтыс болғанда солар­дың әр үйден, біреуден бір уыс, біреуден бір тостаған тары мен бидай жинап, қап ар­қалап жүргенін білем. Сонда Әйтпенбеттің жаназасын шығарарда беретін құдайы тамаққа жылу жинап жүріпті. Халықтың тұрмысын осыдан біле бер. Соған қарамастан үкімет әр үйден түтінпұл жинайды. Бір әжейдің беретін ештеңесі болмады-ау деймін, екі қызыл жағалы есік алдында үстіне қи қалап жауып отырған табаны нанымен қоса бір тепкенін көзіммен көргем. Нан тепкен құдайдан безгендердің адамға қайдан жаны ашысын.

Ауылда Әбілда деген ноғай шал болған. Соның Әбілпатта деген баласы соғыстан аман-есен оралып, той жасады. Сонда мен той дегенді бірінші рет көрдім, бауырсақты бірінші рет жедім. Соғыстан соңғы жылдар жұпыны өтті. Бірақ көп ұзамай итке жуынды емес, атала істеп беретін қолы ашық күнге де жеттік.

Осыны айтып шал тағы бір темекісін тұтатып жатқанда есік­тен сәлем салып жас келін кірді. Басына орамал тартып, өңірін қымтаған инабатты жан екен. Күлімсіреп, жылы қабақ­пен шай қамына кірісті.

– Жастау кезімде Тәшкент жақтан шыт-шыбыр, азық-түлік әкеліп сауда да жасадым. Ол кезде үнді шайы қат еді. Сол үнді шайы менің қолымда болды. Кейіндеу Алғашбек қарамағына алып, алма бақ еккізді. 

Разъездерде станса кезек­шілері, байланысшылар орна­ласқан үйлермен қатар екі отбасылық тұрғын үйлер де салынады. Бұларды темір жолмен бірге Николай кірпішімен қаланған үйлер дейді. Ыза тартпайды, мүжілмейді. Дәл осы жерге темір жол 1903 жылы келген, ол үйлер де сол жылы салынған. Ел-жұрт «казарма» деп атайтын екі отбасылық осы үйде біз Алғашбектің отбасымен біраз жыл көрші тұрдық. Бұл кісілер Мәржік деген елді мекеннен көшіп келді. Ол – 32-разъезд бен Түркістанның ортасындағы бір ауыл.

…Бір қолымда кесе, бір қолымда қалам, шып-шып терлеп, шайға да, әңгімеге де қанықпағандаймын. Арасында әлгі келінге еріксіз қарап қоямын. Шал сөзін бөліп-бөліп, көп нәрсені есіне түсіре алмағандай, ойындағысын тү­сіндіре алма­ғандай абдырай берді. Шамасы, шаршап та қалған шығар. «Сексен көрейін деген жасым ба еді, быламық жеймін деген асым ба еді» деп мақалдатты. Оңай емес, оның үстіне науқас сыңар болып жатқан сыңайлы. Шап жақтан түтік шығарып, бір ұшын шыны құтыға салып қойғанын байқадым.

Келіннен кейін кіріп, аяқ жаққа шешей де жайғасқан. Ол бәсең дауыспен Ғалымжанға әңгіме айтып отырды. Аз ғана үзілісті қалт жібермеген келін «шай ішіңіз» деп ілтипат танытты. Шырайлы келіннің бал қосып бергендей шайы әңгі­мемен қосылып жүре берді.

Ендігі сөзді шешей жалғады.

– Біз бұл отбасымен қабыр­ғамен бөлінген екі үйде тұрсақ та, бір үйде тұрғандай болдық. Бөлек тамақ ішкен емеспіз. Ыдыс-аяғымызды се­нікі, менікі демедік. Ілескүл де мың болғыр жан ғой. Есігіміз ілінбейтін, жабылмайтын. 

Пойыз деген күні-түні ағы­лып жатады. Біз тарс-тұрс доң­­ғалақтардың даусына үй­реніп кеткенбіз. Пойыз­дар­­дың темірді темірге ұрып, бақы­рып-шақыратыны құла­ғымызға әуендей жағады. Бір күні мал іздеген бір кісі келіп, біздің үйге қона кетпекші болды. Түнгі пойыздардың тарсыл-гүрсі­лі­нен ұйықтай алмаған сол кісі түн ортасында атына мініп кетіп қалды. Ілескүл екеуміз оған әбден күлдік.

Алекеңді бұл жердің жұрты қатты сыйлады, жақсы көрді. Бастық болса да жұмысшылары үшін қарапайым адам. Біреуді сөкпейді, біреуді жамандамайды. Жұмысқа берілген, жұртқа қайырымды. Осы темір жолдың жағасына 1973 жылы 200 түп алма ағашын отырғыздық. Бұл – Алекеңнің бастамасымен жасалған тірлік. Сонда басшы есебінде жұмысты сырттан бақылап, нұсқау беріп тұрмайды. Қолына күрек алып жер қазады, шелек алып су тасиды. «Ертең тәтті алманы жей­тін немерелеріміз бізге рахмет айтады» деп күлімсірейтін. Күлім­деп тұрған бастықтың алдында кім жалқаулансын. Ол кісінің жұмысшылары өз міндеттерін адал атқаратын.

Мен өзім «чистильщик» деп аталатын жұмыс атқардым. Рельстердің қосылысына қар қатып, тас тұрып қалмау керек, ол жолдың ауысуына кедергі келтіреді. Соларды сыпырып тазалаймын, жуамын. Жиырма бір жыл істеп, теңге ауыспай тұрғанда Ресейдің 7 рублімен зейнетке шығарды.

Алғашбектің үйі алма бақ еккеннен соң бір жылдан кейін-ақ Жаңақорғанға көшіп кетті. Ол кісі жұмысшыларына үй салып беруге дейін жұмыс жасап, басшылықтың бетін соған бұрған. Көшуіне байланысты ол ойын орындай алмады. Осы жердегі жұрт олардың көшпегенін қалады. Бір адам қалмай көшті шығарып салуға жиналды. «Сіз секілді қамқор адам бізге енді табыла ма?» деп жұрт қимай қоштасты. Ауыл арасы жақын болса да, айшылық жерге кетіп бара жатқандай айырылысу қиын соқты. Мен жылап қалдым. Алекеңнен кейінгі бастық болып келгендер есімізде де қалған жоқ. Бірі келіп, бірі кетті. Дайын алма баққа егелік жасады.

1994 жылы жол бойынан алшақ, ауыл ортасынан осы үйді салып алдық.  Балалар бөлек кетті. Қолдағы ұлым барып-келіп Астанада жұмыс істеп жүр. Мынау – келінім, қырғыз қызы. Біздің жағдайымызға, ыстық-суығымызға қарап отыр.

Пойыз баяғыдай үйдің ір­гесін солқылдатып өтпейді. Дауысы алысырақтан естіледі. Сол пойыздың даусындай бая­ғы өміріміз де алыстап кетті. Дәуіріміздің ең дәмді, тәтті кезеңдері сол жылдар, Але­кең­­мен, оның отбасымен бірге тұрған кез екен.

***

Біз осылайша баяғы көрші әңгімесіне көкірегіміз, қырғыз келіннің шайына шөліміз қа­нып, тағы да жолға түстік. Қы­зыл­ордадан бері бет алғанда әр-әр жердегі қарға суарылған суық желден көкірегімізді қым­тай шыққан едік, бұл жақта күн шуағын төгіп тұрды, ал, жер көкпеңбек.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<