Жалпы, фотоөнер айтарлықтай кеш пайда болды. Өйткені, XIX ғасырға дейін фотография жасауға тікелей қажетті көптеген химиялық зат әлі ашылмаған болатын. Ол кезде ғалымдар химиялық заттардың қайсысы сәулемен шағылысуға қауқарлы екенін білген жоқ. Сондықтан, кескіндер тек қылқалам шеберлерінің туындарында ғана сақталды.
Кескіндер жасаудың негізгі әдісі саналатын бейнелеу өнері орта ғасырларда кең тарала бастады. Қоғамда қалыптасқан пікір бойынша, сол заман суретшілерінің барлығы бірдей кедей болды деуге келмес. Олардың кейбіреулері, тіпті, қазіргі той фотографтары секілді жоғары сұранысқа ие болатын. Адамдар ұрпақтарына өздері туралы естелік қалдыру мақсатында суретшілерді жиі жалдайтын. Суретшілер портреттер жасағаны үшін үлкен қаржыға кенелетін. Бірақ бір кескіндемені салудың өзіне тым көп уақыт кететін. Әрине, бір адам немесе тұтас отбасының портретін жасау барысында ұзақ уақыт бойы тапжылмай отыру қиын, әрі мүмкін емес. Сондықтан, суретшілер бұл үдерісті тездету амалдарын қарастыратын. Осылайша, үлкен ізденістер мен талпыныстар нәтижесінде «Обскура камерасы» аталатын құрылғы пайда болды.
Обскура камерасы туралы деректер Леонардо да Винчидің еңбектерінен бастап кездеседі дегенмен, шын мәнісінде, оның қасиеттері жөнінде ежелгі грек философы Аристотель де жазған. Обскура камерасы – жарықсыз қорап. Ол терезесіз қараңғы бөлмеге ұқсайды. Бір қабырғасының ортасында дөңгелек тесік болады. Сол тесіктен ішке өткен жарық қарама-қарсы қабырғаға түседі. Осының нәтижесінде, адам камераның алдында тұрған заттың төңкерілген кескінін көруге мүмкіндік алады.
Леонардо да Винчи Обскура камерасының ортасына түссіз қабырға орнатып немесе әйнекпен бөлудің амалын қарастырады. Мұндай жағдайда, суреттен көріп тұрғаныңыздай, суретшіге дайын бейнені қылқаламмен басып шығару ғана қалады. Оптиканың дамуымен байланысты Обскура камерасы да жетіле бастады. Оған қос дөңес линзаның орналастырылуымен құрылғының ауқымы әлдеқайда кішірейіп, пайдалануға ыңғайлы бола түсті. Обскура камерасы шағын ғана ағаш қорапқа айналды. Оның артқы бөлігіне орналастырылған айна арқылы кескін әйнекке түсетін болды. Бірақ бұл да фотография алуға мүмкіндік бермеді. Өйткені, мұнда да үлкен Обскура камерасының жұмыс жасау принципіне сай, кескін тек суретшінің шеберлігіне ғана тәуелді болатын.
Нағыз фотографияның пайда болу тарихы 1800 жылдан бастау алады. Ол британдық Гэмфри Дэви мен Томас Веджвуд жасаған тәжірибемен тығыз байланысты. Олар күміс нитраты мен натрий хлоридінің ерітіндісіне малынған қағазды Обскура камерасына салып көреді. Нәтижесінде төмен-контрастты бейне алынды. Бірақ оны экспозициялау үшін бірнеше сағат қажет болатын және суретті жарыққа шығарып қараған кезде ол толықтай жоғалып кететін. Сондықтан, бұл тәжірибе көп ұзамай тоқтатылды.
Дәстүрлі мағынадағы фотографияға алғаш қол жеткізген Жозеф Нисефор Ньепс есімді өнертапқыш болатын. Ол үнемі Обскура камерасының жұмыс істеу принципін зерттеуге қызығушылық танытып, зерделеп жүрген. Ньепс бейнелерді автоматты түрде қағазға түсіру жолын табуда аянбай ізденеді. Ақыры, оған қолы жетеді. Ақ-қара кескіндер алу үшін битум аталатын сириялық асфальт сіңген қағаз пайдаланылды. Мұндай сурет алу әдісінің өзіндік қиындығы бар еді. Ол – экспозицияға ұзақ уақыттың кетуі. Кейде бұл үдеріс, тіпті, сегіз сағатқа созылатын. Осы себепті, адамдарды сегіз сағат тапжылтпай ұстап отыру мүмкін болмағандықтан, Ньепстің алғашқы фотосуреттерінде тек өз қаласының пейзаждары ғана бейнеленген.
Ньепстің өмірден өтуімен фотографияның дамуы тоқтап қалған жоқ. Бұл істі одан әрі Луи Жак Дагер жалғастырды. Ол суреттер жасау үшін күміс жалатылған мыс пластинаны пайдаланды. Оған қоса, йод та жағатын. Нәтижесінде пайда болған негативті кескін өнертапқыштың көңілінен шықпады. Оның үстіне, экспозиция уақыты да қысқармады.
1835 жылы Даггер сурет экспозициясының сынап буы әсерінен әлдеқайда жылдам жүретінін кездейсоқ байқап қалады. Өнертапқыш әлі экспозицияланбаған суретті шкафына салып қояды. Ертеңгі күні тартпадан сол қағазды алса, фотосурет дайын тұрған болып шықты. Содан кейін Даггер барлық химиялық элементпен тәжірибе жасайды. Нәтижесінде өнертапқыш экспозиция жылдамдығына нақты сынап әсер еткендігін анықтайды.
Осыдан кейін фотография алу жолдары әлдеқайда дамып, қарқынды жетіле бастады. Джон Фредерик Годдард есімді ағылшын азаматы күміс пластинаны бром және хлор бу қоспасымен өңдеу арқылы үлкен жетістікке қол жеткізді. Себебі, осы тәсілді пайдалану барысында экспозиция уақыты бір минуттан аспайтын болды. Бұл жаңалықтан кейін портреттік түсірілімдер кең етек жая бастады.
1850 жылдары стереоскопиялық дагеротипия пайда болды. Осыған орай, бір құрылғыға екі кескін қатар орналастырылатын. Жеке лупа немесе бинокль көмегімен адамның әр көзі жеке-жеке бір суретке қарай алатын болды. Нәтижесінде, сурет айтарлықтай ауқымды көрінді. Сол кездегі суреттердің кемшілігі оларды көшіру мүмкіндігінің болмауында. Жаңа сурет жасау үшін фотосуретке қайта түсiру керек еді. Бұл жағдай негативті-позитивті үдерістің ойлап табылуы нәтижесінде өзінің оңтайлы шешімін тапты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<