Гауһартас

1695

0

Фото: ашық дереккөз

«Гауһартас» ертеректен біздің құлағымызға Бибігүл Төлегенованың орындауында халық әні болып жетті. Иә, ерекше талант иесі, бұлбұл үнді апамыз репертуарындағы осы әнмен төрткүл дүниені шарлағанын ешкім жоққа шығара алмайды. Керемет ән күні бүгінге дейін сахнада айтылып, теледидар мен  Қазақ радиосының музыкалық  хабарларынан түскен жоқ.

Қазақ ән өнерінің саңлағы, дәстүрлі әнші, Қазақстанның Халық артисі, марқұм Жүсіпбек Елебеков әнді алғаш тыңдағанда Төлегеноваға: «Қарағым Бибігүл, «Гауһартасты» тірілттің-ау» деген екен. Жүсіпбектей әннің қыр-сыры мен қадірін білетін ағасынан осындай ризашылық сөз естіген әнші апамыз қайда барса да, қандай жерде концерт берсе де «Гауһартасты» қалдырмаған.

Айта кету керек, жазушы Дулат Исабековтің сценарийі бойынша 1975 жылы «Гауһартас» атты көркем фильм түсіріліп, халықтың көзайымына айналды. Арада жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, бұл туынды әлі экраннан түскен жоқ. Осы өміршең фильмді әрлеп, тартымды етіп тұрған «Гауһартас» әні…

Күні кешеге дейін оны халық әні деп келдік, одан Жарылқапберлінің әні деп шатастық. Алайда, «Гауһартас» халық әні де, Жарылқапберлінің де әні емес екен, иесі Сегізсері болып шықты. Ғасырдан ғасыр аттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен  әсем сазды, көкейкесті,  кең тынысты, лирикалық әннің авторы жайлы не білеміз? Сегізсері деген кім? Ол бұл әнді қашан, кімге арнап шығарған?

Осы сұрақтар төңірегіндегі білгенімізді жазайық: Сегізсері (азан шақырып қойған аты – Мұхаммед-Ханафия) 1818 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл  ауданының төңірегенде дүниеге келген. Ұлы жүз, Керей руының Ашамайлы аталығынан шыққан. Әкесі Бахрам батыр, палуан, құралайды көзден ататын мерген әрі өнерлі кісі болған. Ол исі қазаққа аты мәлім Шақшақ бидің баласы екен. Ал анасы Жамалды елге белгілі Қарауыл Қанайдың немересі дейді. Бірақ, Баһрам мен Жамал баласының болашағын көре алмай кетеді. Әке-шешеден сегіз жасқа жетпей айырылған Мұхаммед-Ханафия атасы Шақшақтың тәрбиесінде қалады. (Сырым Датұлы осы Шақшақ бидің туған жиені көрінеді – Т.Е.)  Мұхаммед-Ханафия жастайынан ақын, әнші бала атанады. Ауылдағы медреседе оқып, арабша хат таныған немересін Шақшақ би Қызылжардағы орыс-қазақ мектебіне береді. Талантты, сабаққа алғыр, білімге құштар бала сан қырлы өнерімен көзге түсіп, жиын-тойдың сәніне айналады. (Сегізсері атануының себебі қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеу сөзінен шықса керек).

Мұхаммед-Ханафия мектепті өте жақсы бітіреді. Бұл кезде оның есімі біраз жерге жетіп үлгірген еді. Керемет әнші әрі ақын, әрі палуан бозбаланы жұрт той-думанға шақырып, өнерін тамашалапты. Сөзіміз жалаң болмас үшін мысал келтірейік: Атақты Шыңғыс Уәлиханов нәрестелі болғанда, ұлан-асыр той жасайды. Міне, сол тойға Сегізсері арнайы шақыртылады. Жас жігіттің кереметтей талантына риза болған Шыңғыс сұлтан нәрестеге Сегізсерідей болсын деп Мұхаммед-Ханафия деп ат қояды. Бұл кейін Шоқан аталынып кеткен әйгілі Шоқан Уәлиханов еді. Тағы бір мысал –  Балқожа би немересі Ыбырайды тоғыз жасында қалаға оқуға аттандырарда Сегізсеріні арнайы шақырып, балаға батасын алған. Сегізсерінің лепесі қабыл болып, білімге бет бұрған Ыбырай Алтынсариннің кейін кім болғанын бүкіл қазақ елі білді.

Қызылжардағы мектепті тауысқан Мұхаммед-Ханафияны (Сегізсеріні) атасы Шақшақ би Омбыдағы әскери училищеге  түсіреді. Осында ол араб, парсы, шағатай тілдерін меңгереді. Училищені үздік бітірген орыс армиясының жас офицері  генерал-губернатор Горчаковтың қарамағына қызмет етуге жіберіледі. Жазалаушы отрядтың құрамына енген Мұхаммед-Ханафия Шақшақов (Сегізсері) өз халқына қарсы оқ атудан бас тартады. Патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы шығады. Енді оны Ресей билігі арадағы келіссөз бен бітімгершілікке пайдаланғысы келеді. Бұл міндетті де қаламаған ол ақыры сезікті ретінде аңдуға түседі. Басына қауіп төнеді. Амалсыздан қашып, досы Нияз екеуі Батыс Қазақстанға барып бой тасалайды. Осында Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысады. Көтеріліс жеңіліс тапқасын, Кавказға кетеді. Бұл кезеңде Шамиль бастаған шешендер мен дағыстандықтардың Ресей империясына қарсы азаттық соғысы жүріп жатқан. Әскери стратегия мен тактиканы жете меңгерген Мұхаммед-Ханафия Шақшақов жасақтарға басшылық етеді. Тіпті, Шамильдің тапсырмасымен бірнеше елдерге, атап айтар болсақ, Иран мен Ауғанстанға елшілікке барып қайтады. Сөйтіп, ол үлкен сенімге ие болады. Бірнеше жылдан соң, Батыс Қазақстанға қайта оралған мұны патша үкіметі біліп қалып, тағы ізіне түседі. Сегізсері енді Жайықтан Сыр бойына қарай ойысады. 

Жоғарыда Сегізсерінің аса талантты, жан-жақты дарын иесі екенін айттық. Ән-күй шығаруымен қатар  «Қыз Жібектің», «Айман – Шолпанның», «Ер Тарғынның», «Ер Сайынның», «Қамбар батырдың» мазмұнын ел аузынан естіп алып, жыр тіліндегі керемет көркем қиссаларға айналдырған. «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» екі нұсқасын шығарған. Алайда, мұны  өзгелер пайдаланып кеткен сыңайлы. Шындығына келер болсақ, ән-қиссаларын қашқын атанып, қуғын-сүргінде жүрген Сегізсерінікі деп ауызға алуға жұрт қорыққан да болар. Кейде «екі төрттікі» ғой деп айтады екен.

Енді негізгі тақырыбымызға қарай ойысайық, Сегізсері «Гауһартас» әнін Мақпал есімді қызға арнаған. Мақпал Найман руынан шыққан Бақтияр деген байдың қызы екен. Мақпал мен Сегізсері бірін-бірі сүйеді. Қызды ақын гауһарға (асыл тас) теңеген ғой.

Бір шумағы мен қайырмасын бере кетейікші:

– Ажарың ашық екен атқан таңдай,

Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай

Анаңнан сені тапқан айналайын,

Күлімкөз, оймақ ауыз, жазық маңдай

Беу-беу, гауһартас

Құсни құрдас, Раушан

Жүзіңді көргенде-ай,

Сәулем-ау, сабырым қалмас.

Мәтіндегі Құсни, Раушан дегендер Мақпал қыздың құрбылары көрінеді. Сөзі мен музыкасы гармониялық үйлесім тапқан ғашықтық ән халық арасына тез тараған.

…Бірде қоқанның Жабы деген қарақшысы Бақтияр байдың жылқыларын барымталап, Мақпалды Құсни, Раушанмен қоса тағы да 16  қызды басып алып кетеді. Мұны естіген Сегізсері өзінің достарымен бірге қарақшыларды қуады.  Оларға жетіп, қарақшыларымен қоса Жабыны өлтіреді. Қыздарды босатып, жылқыларды кейін қайтарып жатқанда қарақшылардың өлмей тірі қалғаны топ қыздарға қарата бірнеше жебе тартады. Жебенің бірі Мақпалға тиеді. Сегізсері  Мақпалды ауылға жеткізеді. Бірақ, қыз ауыр жарақатынан көз жұмады. Мақпал қыз  Жезқазған мен Қызылорда шекарасындағы «Айнакөл» деген жерге жерленген дейді.

Сегізсерінің шығармашылығын зерттеуші Төлеубек Қарамендетегінің айтуынша, таңғажайып талант иесінің  «Назқоңыр», «Алқоңыр», «Ғайни», «Ақбақай», «Әйкен-ай», «Япурай»,  «Мақпал»,  тағы басқа  әндері бірден-бірге тарап, күні бүгінге жеткен. Шоқтығы биігі – әрине, «Гауһартас». Сегізсерінің әндері көп болған.  Шығармашылығын кезінде елге таратқан шәкірті Жаманқұл Дәндібай: «Серінің 75 әнін халыққа тараттым, күйлері мен қиссаларын орындадым» депті. 

Жоғарыда өзгелердің атына телінген бірнеше қиссаларының атын атап, жұрт  білетін бірнеше әндерін айтып кеттік, ал күйлері жөнінде мәлімет жоқ. Жалпы Сегізсерінің өмірі мен шығармашылығы түбегейлі зерттеуді қажет етеді. Кезінде «Япурайды» халық әні деп, одан Мағжан Жұмабаевқа телідік. Оны айтасыз «Дайдидауды» түрмеде отырған Мағжан мәтінін де, музыкасын да жазыпты-мыс. «Славян базарынан» бастау алып, құж қайнаған Қытай тыңдармандарын тәнті еткен, Еуропа былай тұрсын,  мұхит асып Американы шулатқан құдіретті ән аса талантты әнші Димаш Құдайбергеновтің репертуарына еніп, оны биік орындаушылық деңгейге көтергенін айтудың өзі бір ғанибет!  Рас, Сегізсері мен Мағжан жерлес, Мағжан Жұмабаев 1893 жылы дүниеге келген. Мағжантанушы ғалым Дандай Ысқақұлы: «Мағжан сөз жоқ қазақтың маңдайалды Абайдан кейінгі ұлы ақыны, бірақ ол  ән шығармаған…» дейді.

Осы мақаланы жазбас бұрын біз Мағжан ақынның жыр жинақтарын парақтап шықтық, алайда «Дайдидау» деген өлең кездестірмедік. (Ән шығару үшін әуелі мәтін керек ғой, сосын ойландық – Т.Е.) Бір сәт ән мәтінінің бірінші шумағына назар салайықшы:

– Хат жаздым қалам алып сізге еркем,

Жүзің бар онтөртінші айдай көркем.

Есіме сен түскенде беу қарағым,

Қозғайсың қатып қалған іштің дертін.

Дайдидау-ай,

Қозғайсың қатып қалған іштің дертін.

Көріп отырғанымыздай, он бір буынды қара өлең, бірақ  шумақтың төртінші жолы ұйқастан шығып кеткен. Сондай-ақ, бірінші қатарда сізге, үшінші қатарда сен делінген. Неге бұлай? Біздің пайымдауымызша, сан жылдар ағысында ауыздан-ауызға, бірден-бірге тарағасын да болар, ән мәтінінде жаңсақтық кеткен сыңайлы. Мағжан Жұмабаев біріншіден, берідегі  жазба ақын, ол ұйқасқа, әрбір сөзге мән бермей ме? Екіншіден, өткен ғасырдың отызыншы жылдары жазба өлеңді оқуға, жаттап алып айтуға жұрт сауаттанып қалған кезең емес пе еді? Мұндай классикалық деңгейдегі әнді аса талантты адам ғана шығара алады деген ойымыз бар. Не десек те, «Дайдидаудың» кімнің әні екені зерттеуге сұранып-ақ тұр, өйткені бұл керемет шығарма Димаштың орындауында қазір дүниежүзіне тарап кетті.

Енді Сегізсерінің өмірбаянынан тағы бір тарихи дерек: серінің ел арасындағы беделі мен атақ-даңқынан сескенген әрі осы жылдары бел ала бастаған  Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық көтерілісіне қосылып кете ме деп қорыққан патша үкіметі оны Кенесарыдан былайырақ, яғни өз  жұртына қалайда қайтаруды ойластырады. Осы үшін Ресей үкіметіне жасаған барлық қарсы әрекеттерінің кешірілетіні арнайы құжатпен куәландырылып, бұл құжат Ұлы жүздің белгілі би-сұлтандарына табысталады. Осыдан соң, Сыр бойында жүрген Сегізсері мен елінен келген би-сұлтандар біздің Ақмешітте кездесіп, оны туған жеріне алып қайтады. Бұл шамамен 1840 жылдардың орта тұсы болса керек. Еліне барғасын Рысбике деген қызға үйленеді. Ұрпақ таратады, шәкірт тәрбиелейді. Көп жылғы қуғын-сүргін, көрген бейнет, ыссылы-суықты күтімсіз кезеңдер денсаулығын бұзған еді. Біртума, аса таланты азаматты сол кезеңдегі емі жоқ өкпе ауруы 36 жасында, яғни 1854 жылы  өмірден ерте оздырады. Шығармаларының өзінің атына телінбей халықтыкі болып немесе біреулер пайдаланып кетуінің бір себебі ғұмырының қысқалығынан да болар! 

Қазақстан Республиканың Ғылым академиясында Сегізсерінің бірнеше шығармалары сақталған көрінеді. Оны қазақтың айтулы  өнер иелері, сал-серілер ұстаз тұтқан. Айтар болсақ, Біржан сал:

– Ұстазым Сегізсері, Нияз сері, мен едім шәкірт болған Біржан сері, – десе, Жаяу Мұса «Ер Сегіз» деп өлең арнаған. Үкілі Ыбырай жиын-тойларда Сегізсерінің әндерін айтқан. Ол «серілердің серкесі» атанған. Махамбет Өтемісұлы «Сегізсеріге» деп жыр шығарған. Мәшһүр Жүсіп те оны жоғары бағалаған. Бертінірекке келсек, ақын Нұржан Наушабаев «Сегізсері баһадүр» деген дастан жазған. Ал жазушы Ғабит Мүсірепов өзінің «Ұлпан» романында Сегізсеріні «атақтының атақтысы» деп атаған. Ғалымдар Әлкей Марғұлан мен Манаш Қозыбаев та есімін құрметпен атаған.  Ақын Қадыр Мырзалиевтің «Сегізсері Баһрамұлы» атты поэмасы және бар.

Қазақ халқының өнері мен әдебиетінен ойып аларлықтай орны  бар Сегізсерінің жарқын бейнесі шынын айтуымыз керек, әлі  көріне қойған жоқ. Көп жұрт біле бермейді. Бірақ, тарих толқыны көмескіленіп, ұмыт қалған асылдарымызды алдымызға ысырып әкеп беріп жатқан бүгінгі заманда сөз жоқ Сегізсерінің де есімін өскелең, білімді ұрпақ зерттеп-зерделеп, ұлықтайтын болар деп сенеміз.

Темірбек  ЕСЖАНОВ,

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<