Ғарышкер Жәнібековты қазақ деп ойлағанбыз…

694

0

1978 жылы Владимир Жәнібеков ғарышқа ұшқанда қазақ деп ойланғанбыз. Себебі, газеттер оның өмірбаяның жарысып жазып жатты. Онда: «В.А.Жәнібеков 1942 жылы 13 мамырда Қазақ ССР-нің, Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданындағы, Ескендір селосында дүниеге келді» деп жазылғасын, қазақ деуге толық негіз бар еді. Ұлты орыс деп жазылса да, «жетімдер үйінде тәрбиленген» деп қосып айтқыштар айтқасын, кәдімгідей соған сеніп жүрдік. Ұлтпен мақтану үшін осындай соқыр сенімге сенген аңғал кезіміз-ай.

Владимир Жәнібековтың әкесі Александр Крысин НКВД-да қызмет еткен подполковник, шешесі Евдокия Четверткова медбике болған. Ұлты орыс Владимир Крысин қалайша Жәнібеков атанып жүр?

1968 жылы болашақ ғарышкер Володя Крысин Мәскеуде тұратын қазақ қызы Лилиямен танысады. Орысша тәрбиеленген Лилия тұрмысқа шығар алдында болашақ күйеуін ата-анасымен таныстырмақшы болып үйіне шақырады.

Лилияның атасы Абдул-Хамит Жәнібеков белгілі этнограф ғалым еді. Арғы атасы Алтын Орда ханы Өзбек ханның баласы Жәнібектің ұрпағы еді. Осы Жәнібектің ұрпақтары Ноғай әдебиетінің негізін салушылар болды. Тағдыры шығар, жалғыз ұлы Мұнардың да Лилиядан басқа баласы болмады. Қызының қолын сұрап келген болашақ күйеу баласына қайын атасы өзінің арғы тегі Жәнібек хан екендігін, «дүниеден өткен соң тегіміз аталмай қала ма деген ойын айта келе, «осы некеге отырарда біздің текке өтсең қалай болады» деп өтініш айтады. Ол ата-анамен ақылдасайын дегенімен кейін олар келісімін береді. Осылайша болашақ ғарышкер некеге тұрғаннан кейін қазақтың фамилиясын қабылдап, Жәнібеков болып шығады.

Қазақтың фамилиясы оған құт болып дарыды. Көп ұзамай ғарышкерлер тобына қабылданды. Инна және Ольга атты екі қызы, 5 немересі болды.  Ғарышқа 5 рет көтеріліп, бесеуінде де экипаж командирі болды. Ғарышта 145 тәулік, 15 сағат, 58 минут, 35 секунд болған оның көрсеткішін әлі ешкім қайталаған жоқ. Ғарыштағы салмақсыздық жағдайында тиімді қозғалыстарды енгізуі «эффект Джанибекова» деп бекітілді. Екі рет Совет Одағының батыры және генерал-майор атағына ие болды.

Соңғы он жылдан бері РФ-дағы космонавтика мұражай Ассоциясының президенті болып қызмет атқарады.

 Бір өкініштісі ғарышкер жездеміз дүниеге келген жер Бостандық ауданын шошқа мен жүгері өсіруді жақсы көретін бас хатшы Н.С.Хрущев Өзбекстанға өткізіп жіберді. Сондықтан екі мәрте батыр жездеміздің қола бюсті Ташкент облысындағы Бостандық посекесіне орнатылғаны әрі жеріміздің көрші елге өтіп кеткендігі өзегіңді өртейді.

Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЕВ,

тарихшы, журналист-дайджест.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<