Халқымыз ауа райын қалай болжаған?

2122

0

Қазақ халқы табиғат тылсымын ерте заманнан-ақ түсініп, оны өзінің тұрмыс-тіршілігіне арқау етіп, қолдана білген. Солардың бірі – халықтың ауа райын болжау тәсілдері. Қысы-жазы далалық өмірде тіршілік еткен жандар өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең білгендігі сондай, айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып, ауа райын күнібұрын болжап, ерте қам жасап отырған.

Жылдың әр айы мен тоқсанында болатын ауа райындағы және табиғат өзгерістері мен құбылыстарын дала халқы әркез назарында ұстап, оған ат қойып, баға берген. Жылдың он екі айындағы табиғат құбылысына байланысты халықтық қағидаларға қалыптасқан болжамдар мен оның атаулары әдеттегідей наурыз айынан басталады.

Өлара – екі айдың арасы. Осы арқылы алдағы айға болжам жасалады. «Өлара кезеңінде жауын-шашын болса, жаңа ай жауынды-шашынды болады» деп болжаған. Бұл айна қатесіз келіп тұрған.

Амал. Жыл оны екі айда айналып, соғып тұратын ыстық пен суықты, қар мен жаңбырды, жел мен боранды халық бір сөзбен амал деп атаған, яғни, жылдың әр мезгіліндегі табиғат құбылыстарының өткінші әрі тосын, аз уақытта болып өтетін өзгерісі мен көрінісін және оның бірнеше түрлерін айтқан. Ұлттық сандық ұғымда жеті амал бар. Олар: күннің тоқырауы, қарашаның қайтуы, үркердің батуы, мұздың қатуы, киіктің матауы, қыс тоқсан, ай тоғамы.

Құс қанаты. Наурыз айының соңғы күндерінде жыл құстары да ұшып келе бастайды. Құстардың келуімен қар аралас жаңбыр жауып жел тұрады. Мұны ел «құс қанаты» деп атап, амалға жатқызған.

Аласапыран. Көктемде, наурыз айында, кейде сәуір айында қар күрт еріп, жер лай болып, шаруашылыққа қиын күндер туады. Осындай жайсыз, қолайсыз мерзімді аласапыран деп атайды.

Бесқонақ. Наурыз айының 17-21 күндері аралығында болатын жауынды-шашынды күндер. Бұл – әр жылы соғып өтетін суық әрі жайсыз мезгіл. Жұрт бесқонақтан қатты сақтанып, күтініп отырған.

Қызыр қамшысы. Сәуір айының орта кезінен бастап алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттердегі найзағайдың жарқылын халық «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді.

Тобылғы жарған. Сәуірдің соңғы күндерінде екі-үш күнге созылатын суық жел соғады. Бұл – тобылғы бүршік жарды, яғни, өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.

Қызыл жұмыртқа. Мамыр айының алғашқы онкүндігінде дала құстары балапанын шығара бастайды. Халық тілінде қызыл жұмыртқа деп аталатын, осы кездерде 1-2 күнге созылатын суық болады.

Құралайдың салқыны. Мамыр айының аяғында болатын суық жел. Осы желге қарсы киік өз баласын аяқтандырып, жүгіртеді. Киік қанша көп болса да, олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп болады. Киіктің тағы бір ерекше қасиеті оның – аналығы кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Киік құралайының далада жетім, жалғыз қалмауы осыдан.

Үркердің батуы. Маусым айының басында үркердің мүлде көрінбей кетуі. Кейде мұны үркердің жерге түсуі дейді. Осыдан кейін 40 күн шілде басталады. «Үркер жерге түспей, жер қызбайды» деп есептеген.

Қырық күн шілде. Маусым, шілде айында 40 күнге созылатын ыстық. Осы аптапты күндерге орай халық арасында қырық күн шілде деп аталатын халықтық күнтізбелік атау пайда болған.

Үркердің толғағы. Мал-жанға жайлы кезең, шілде айының орта кезінде басталады. Бұл кезде жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды.

Таразының тууы. Тамыз айының ортасында ауа райы салқын тартып, қою бұлт пайда болып, алғашқы күз нышаны біліне бастайды. «Таразы туса, таң суыр» деген мәтел осындайдан шыққан.

Сүмбіленің тууы. «Сүмбіле туса, су суыр» дейді халық қағидасы, яғни қыркүйектің соңғы онкүндігінде күз келеді, яғни, күн суытып, жауын басталады.

Дайындаған

Аружан ЕРАЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<