Иіс сабын (Әңгіме)

1215

0

Мына тылсым дүниенің сырын кім толық ұғып болды дейсің, тек басыңа түсіріп, үш ұйықтасаң түсіңе кірмес небір ғажапты көзіңе көрсеткенде ғана еріксіз «Біссімілла!» деп Алланы еске алатын пенде шіркіннің «Біссімілланы» да, Алланы да іштей ғана айтып қалған, біреуден біреу қорқып күн кешкен зобалаңды 1928 жыл еді. Сол бір қиямет-қайым орнағандай болған алмағайып заманның адамдары жасап жатқан күнәлар мен жауыздыққа жіберген тәңірінің сынағы ма, жаз шыққалы жерге бір тамшы жаңбыр тамбады. Сан мәрте түйіліп келіп, түнеріп келіп, күркірегенмен сәлден соң бұлттар да жерде болып жатқан сұмдықты көргісі келмегендей жөңкіле жөнеледі, іріп-іріп жөніне кетеді. Қала іргесін соғып, әлсін-әлсін уыс-уыс мөлдір тамшыларды көкке атып, толқын тербететін Шалқар көлі де биыл қайту, әудем жер кейін шегініп, орны сортапты пішендікке айналған.

Қала іші гуілдеген әңгіме, көшеде жан көрінбесе де, әйтеуір «Ананы ұстап кетіпті, мынаны Ақтөбеге айдапты, пәленшені атып жіберіпті, ана байды кәмпескелепті» деген хабар бір үйден шығып, екінші үйге кіруде. Азан шақырып қойған аты Мұхамедәлі болса да, бүкіл Шалқар-Ырғыз елі туралығын айтатын, батасы қабыл діндарды Пәтуалы атандырып жіберген еді, мешітті қызыл үкімет тартып алған соң ол өмірден озды, қаншама кеткісі келмесе де, биліктің қысымы күшейе түскесін ишан отбасының қаладан жиырма шақырым жердегі Құмбеткейге бес-алты үй жақын туыстарын ерте қоныс аударғанына да үш-төрт жылдың жүзі ауды. Мұнысы дұрыс бопты, әңгіме-өсектен аулақ отырғаннан, бәлкім, біреудің итаяғындағы жуындыны да қызғанатын қызыл көздерден алыстағаннан болар тұрмыстары оңалды, корадағы қой-ешкінің де қорамы көбейіп, ауылдың ішуінен ауысып, мес түбінде қорабалық қымыз қала бастады. Алайда мал аузы көкке тиген тұста келіп кеткен зуылдақ Сахидан соң бұл үйден маза қашқан еді, бүкіл Тілеу, Қабақ  «қатынқара» атандырып жіберген сұмпайының ұры көзі үйге кіріп-шығып, кіші шешесіне жәрдемдесіп жүрген Сақыпжамалға қадала қалған болатын. «Ишанның мына қызы бойжетіп қалыпты-ау, ә! Көркіне ісі сай сияқты… Бұл өзі нешеге келді екен, тоқтай тұр, тоқтай тұр… Імм-м… Шешесі қайтыс болып, мына кіші шешесін әкелген жылы бұл үште еді, ә…Ойбай! Мына қыз он алтыдан асыпты ғой онда… Шіркінің-ай, ә! Оу, мынау… Мұны неге ұзатпасқа… Бұларда бас көтерер адам қалған жоқ, құда-жекжаттығым бар, неге маған кіріспеске?.. Әтеңе нәлет-ай, мына үкімет болмағанда қыруар мал табуға болады екен-ау. Тоқта…Тоқта… Қазір де мұның қолын кім қаға қояр дейсің. Үкімет те оң қабақ танытып отыр… Әлде, қатынды қоя беріп, өзі алса ше? Бірақ… Мына үкіметтің қатынға еркіндік деген заңы, әйелдің өзі қалағаны болады дегені тағы бар-ау… Не қылса болар… Мына қатын шу шығарар ма екен? Ой, мұның басын айналдыруға шамасы келер, тіпті бар ғой, тақа болмай бара жатса – үкіметке көрсете қоймаймын ба…сәбетке қарсы деп…»

Осы ойдың келуі мұң екен ол қашан ауылдан аттанғанша ишанның кіші әйелінің басын айналдырумен болды. Біресе інілерінің біріне сұрады, біресе өзінің де қартайып тұрмағанын айтты, әйтеуір, қызда ойы барын сыналап құя берді санаға. Бір бейшараны бопсалап алған қара бұқаны көзден тасалап, осыларға қосуға әкелгені де есінен шығып кеткен, бар ойы – ишан қызын құрыққа түсіріп, сол арқылы мына ауылды уыста ұстау, басы құралып қалған малға иелік ету. Ал, Ақзердің ойында отағасының демі үзілер шақта айтқан: «Сақыпжамалды өзі қалаған жанға қосасың. Ақзер! Тек қана өзі қалаған адамға ғана» деген аманаты тұр еді. Ол мынадан қалай құтылуды ойлауда, біруақ ұзақ жылдардан отағасымен сыйлас болып қатысатын Жасекенді «Тез келсе екен» деп тіледі. Арал мен Құмсай маңын мекен ететін оған өткенде бір келгенде қызға қатысты ойын, лайықты жан табылмай тұрғанын айтқан, қаншама жеңгелері араласса да бірнеше құда түсушіге оның көнбегенін де жасырып қалмаған болатын, бар ойы – күш-қуаты бар кезде қызын дұрыс жерге ұзату, ишанның аманатын орындау екенін де жеткізді. Жасекен келесі жолы жігіттің төресі болып өсіп келе жатқан інісі Сейітмағанбетті ерте келмек болып кеткен-ді, одан әлі хабар жоқ. Ол жігітті бұлар бұрын да көрген болатын, Жасекенге еріп, Жаманқалаға жылқы айдаса барып, қайтып келе жатқанда бұлардыкінде бір-жар күн аялдаған-ды, он үштегі жасөспірім сол кезде иманды болғыр ишанға ұнап қалған болатын. Ие… зымырап бара жатқан уақыт-ай, оған да алты жыл өтіпті, бәрі күні кеше сияқты еді.

Бәлкім, қолдарына жүзік, білезік түспегендіктен бе екен, қыз жеңгелері болса соңғы кезде «Осы қызға оқу өтіп кеткен шығар» дегенді де айта бастады. Иә, оның әкесінен бес жастан бастап білім алғаны елге белгілі, әкесі де «Қызым мен білетін іслами ілімді толық меңгерді» деп масаттанып отырғанын да талай жұрт есіткен, бұлардың меңзеп отырғаны сол болуы керек.

Сақыпжамал да мұның барлығын сезетін. Заманның райынан қорқып, үкіметтің қусырып келе жатқанынан іші секем алады, өзіне тең жігіт кездеспегеніне қынжылып, туыстарының жайы алаңдатады. Жылдағыдай емес, астық та қымбаттап тұр, «Алла ақырын бергей» дейді ішінен, ішкі түйсігі елге қиын тиер, бір аласапыранды кез келе жатқанын аңғартатын тәрізді.

Бүгін немере ағасының әйелі Масаты тіпті қасынан шықпай қойды. «Молда қыз-ау, саған жігіт жақпайтын болды ғой», – деп сөз бастаған ол әңгіме шүйкесін әрі созды.

– Өткенде келгенді айтам… Қатынқараның інісі ше… қай жері кем? Тым-тәуір-ақ жігіт…

– Түсінігі жоқ қой.

– О немене тағы? Өзіміз түсінік-пүсініксіз-ақ шықтық қой…

– Есіктің алдына менің әдейі тастай салған құрығымды былай көтеріп қоюды білмей, үстінен аттап үйге кіріп келген адамды есерсоқ, жарымес – деп білу керек жеңеше.

– Онда ана Жамантайдың баласы ше?

– Түу…Жеңеше-ай, алашаның астынан менің тартып отырған қыл арқанымды жылан екен деп үйден шыға қашқан еркек кімге пана бола алады?

– Мақұл делік. Ал, кеше келіп кеткен Алдоңғар ше? Сен тастаған құрықты апарып белдеуге қыстырды, сенің алаша астынан қозғап отырған арқаныңа мән де берген жоқ. Сонда ол неден жазып қалды?

– Иә, сонысына мен де алданып қала жаздадым. Алла сақтады одан. Бірақ ол маған емес, қораға көп қарайтын сыңайлы. Өзі сыр білдірмеген болып отырғанмен, бар ойы – баю ғой деймін, бір-екі рет ақшалы, қазыналы екенін де айтып қалды. Мұндайлар адамнан гөрі дүния-мүлікті қадірлейді ғой. Менің жуынып, әдейі қалдырған иіс сабыныма қарағанмен, оның не мән аңғартатынын ұқпады. Ой жоқ сорлы екенін сонда білдім. Сонысы дұрыс болды, бізді құдай сақтапты жеңеше.

– Иіс сабын?! Ол не мән береді сонда?

– Оны кезінде көрерсіз. Менің оны жанымнан тастамайтынымды білесіз. Ар жағын ойлана беріңіз.

– Түу… Молдақыз-ай… Сенің-ақ жұмбағың бітпеді-ау…

Осы әңгімеден екі күн өте сәскеге жақын Сахи жіберген тағы бір қисық мойын қатпа қара келіп отырғанда Жасекендер де жеткен еді. Ишан отбасы сыйлы қонақтарын қуана қарсы алды, бұл қатпа қараға жақпады. Орта жастағы ажарлы қазақтың бұл үймен бұрыннан таныстығы барлығы, оның қасындағы қапсағай ірі денелі жас жігіттің көркі, ұзын бойлы келісті пішімі оның танауын қусыра түсті де, сасық күзенше шақ ете қалды.

– Бұ не жүріс? Банды емессіңдер ме? Осындай кезде… Тегін емес қой…

– Өзіңдікі не жүріс? Не сөз? Жолаушыға, құдайы қонаққа қалай сөйлеуді білмейтін кімсің сен? Үйде бізден бұрын отырғасын амалым құрып тұр. Әйтпесе…

 Жасекен әлгіге жиіркене қарады. Анау алған бетінен қайтар емес, жасы үлкенді сыйлау дегенді де ұмыттырды қызғаныштың қызыл иті.

– Не әйтпесе…Тескен тау айдатасың ба? Шалқар мына тұрған жер, мілитса әкеліп, қаматып тастайын ба осы?

– Әй! Көргенсіз! Құмалағыңды дұрыс тастап ал, әуелі! Қасиетсіз! Мен Ленинге он төрт багон балық жіберген Арал үкіметі бастығы Медетбаев Төлегеннің інісімін. Атым – Жасекен. Бұл елдің көбісі мені біледі. Жанкелдиннің, Рысқұловтың қасында болған адаммын… Сен құсаған жалба тайлақ емес… Әй! Естіп отырсың ба?

Осыдан кейін барып ананың үні өшті, танымаса да ол Жасекен атына қанық еді. Кешегі Шалқар мен Арал арасындағы ақтармен соғыста оның аталған екі азаматқа жол көрсетуші болғанын, тапқырлығын, ізшілдігін бұл ел жыр қылып айтар еді. Қатпа қара шыға жөнелді. Қымыз ішіп шөл басқан соң, барлығы сыртқа шықты, Сақыпжамал көрінбейді, сірә, отауда отырған болар.

Қыздың сынамаққа қойып отырғанынан хабары жоқ Сейітмағанбет есік алдында жатқан құрықты алып, белдеуге қыстырғаны сол еді, ауыл шу ете қалды. Бұлар бір жұма бұрын Сахи әкеліп қосқан қара бұқаны жерсінгенше арқандап бағып отыр еді, қисық мойын қара әдейі соны босатып жіберіпті. Қазақта мал иесіне тартады – деген сөз бар еді, сол, сірә, рас болар, жас бұқа тура қазандық басында жүрген әйелдер мен балаларға қарай өкіре төніп келеді екен. Ауық-ауық жерде өші бардай топырақты бұрқырата аспанға атады, бұқаның өкіруі, әйелдер ойбайы мен балалардың жылаған даусынан лезде азан-қазан болған ауыл арасы шаңнан көрінбей кетті. Шалт қимылдаған Сейітмағанбет бұқаның қарсы алдынан шықты, он тоғыздағы жігіт жүген-құрық тимеген шу асауларды бас білдіруімен аты шыққан қарулы болатын, шап беріп бұқаның екі мүйізінен ұстады да, төмен тұқырта бастады, іштей ата-баба аруағына сыйына қимылдап, мойнын бұрап жібергенде бұқа көзі алара бір жағына құлай кетті. Көзді ашып-жұмғанша болған іске ауыл қайран қалып, «Пәлі, жігітім-ақ екен» десті.

Біраздан соң шайдың дайын болған хабары шықты да, үлкендер үйге кіре бастады. Сақыпжамалдың әріректе беті-қолын жуғанын көрген Сейтмағанбет тілдесіп қалмақ болып солай беттеген, бірақ қыз тез отауға кіріп кетті. Ол қыз жуынған жердегі шәйнекке барып, қолын шайды. Көзі шағыр үстіне қойылған иіс сабынға түсті. Ол қалтасынан беторамалын алды да, иіс сабынды орап, қалтасына салды, «Баяғыда кішкентай бала еді ғой» деп қояды іштей. Әлгінде қыз бәденін анықтап қараған еді, ағасы мақтауын келістірген, айтса – айтқандай бар екен, енді манағы құрықтың да есік алдында жатуы тегін емес екенін сезді, қыздың иіс сабынды қалдыруы – жігітті ұнатамын деген ишарасы екенін де түсінді.

Дастарханға Сақыпжамалдан басқалары түгел жиналыпты. Жасекен екі күн осында болатындарын айтқан тұста Сейтмағанбет те үйге кірген еді. Осыны күтіп отырғандай қисық мойын қатпа қара да «Өз батам – өзіммен» деп бетін сипады да, орнынан тұрды, үйден шығып бара жатып: – Екі күннен соң келерміз, – деуді де ұмытқан жоқ.

Үй іші тым-тырыс. Осы тыныштықты Жасекен бұзды. – Не болды, тілдесе алдың ба Жамалмен? Бұл үнсіз басын изеді.

– Қайдағы тілдескен? Өтірігіңе береке берсін. Бұл Молдақызды көрген де жоқ қой, – деді Масаты.

– Біз асығыстаумыз Ақзер. Балалар қарсы болмаса, құдалық ырымын жасайын, заманның жайы – мынау, адамның сыйқы – анау. Әйтпесе, той жасайтын-ақ шаруа… Бір зобалаң болып тұр ғой ел басында…

– Құдалығы несі? – деп Масаты шыр ете қалды, – Қыз не дейді?

Осы кезде қоңыр мақпал үн естілді. – Бастай беріңіз аға. Жамал келісті.

Бұл Сейтмағанбет еді. Жасекен шыдай алмай орнынан қозғалақтап кетті:

– Бәрекелді… Айналайын… Істің сәтін сала гөр…

– Тоқта… Болмайды… Молдақыздан сұрайын. 

Масаты шыға жөнелді де, сәлден соң қайта оралды. Абдырап тұр.

– Келісіпті… Түсінбеймін… Қай уақытта сөйлесіп үлгіріп жүр бұлар…

Қалған шаруа тез шешілді, қисық мойын қатпа қарадан қауіптенген Ақзер ауылды жинап, ұзату ырымын жасады, түстен кейін қыз жасауын екі түйеге теңдеп, олар жолға шықты, алдыда тізген түйелерді жетелеген Жасекен, екі жас сәл кейіндеу келеді. Осылайша заман тыныш кезінде ишанның Орынбор шеберлеріне он бес жылқы беріп, өзіне арнайы жасатқан сәукелесін киген Сақыпжамал күрең жорғамен Аралды бетке алған болатын.

Алдажар ӘБІЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<