Инфекциялық аурулардан қалай сақтануға болады

589

0

Инфекциялық аурулардан қалай сақтануға болады Медицина мамандары елордалықтарды инфекциялық аурулардан сақ болуға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
 «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметінен хабарлағандай, медициналық сақтандыру жүйесінің алғышарттарының бірі – профилактикалық, яғни сырқаттың алдын алу шаралары. Денсаулық кепілі – кез келген аурудың алдын алу. Қалыпты күйде ағзаның иммундық жүйесі адамды қоршаған ортаның зиянды әсерлерінен, соның ішінде әртүрлі микробтар мен вирустардан қорғайды. Ал оның қалыпты жүйесі бұзылған жағдайда, яғни иммунитет әлсіресе адамның микробтар мен вирустарға қарсы тұруы төмендеп, сырқаттанғыш келеді. Әсіресе, ауа райы күрт бұзылып, күн суыта бастағаннан-ақ ағза сыр бере бастайды.
Деректерге сүйенсек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Астана қаласында ересектер арасында 1965 науқас – жоғарғы тыныс жолдарының жедел қабынуы, 690 – қоздырғыштары белгілі жедел тонзиллит, 81 қоздырғыштары белгісіз жедел тонзиллит диагноздарымен тіркелген. Ал балалар арасында 6 819 – қоздырғыштары белгісіз тыныс жолдарының жедел инфекциясы, 266 – қоздырғыштары белгілі жедел тонзиллит, 470 – қоздырғыштары белгісіз жедел тонзиллит, 32 жоғарғы тыныс жолдары инфекциясы диагноздары анықталған.  
«2019 жылы инфекциялық ауруларды емдеу үшін  қалалық инфекциялық ауруханаға 827,4 млн теңге, балалар инфекциялық ауруханасына 1 545,6 млн теңге бөлінді. Бұл, жалпы алғанда, 2,3 млрд қаржы. Өткен жылмен салыстырғанда 0,3 млрд сомаға  көп», – дейді ӘМСҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Инфекциялық аурулардың тұмау, жел шешек, қызылша, ротовирусты инфекция және тағы басқа түрлері өте көп. Әр инфекциялық аурудың өз вирустары, бактериялары, қоздырғыштары бар. Ең қауіптісі – толық емделмесе ағзаның басқа да ауруларын қоздырып жібереді. Сондықтан инфекциялық аурулардан сақтану жолдарын білген жөн. «Қазіргі сәтте маусымдық ахуалға байланысты суық тию, тұмау, баспа, тыныс жолдары сырқаттары жиі кездеседі. Белгілері жағынан ұқсайтындықтан болар, көпшілік суық тию мен тұмауды шатастырып жатады. Суық тигенде адам ағзасы оны өзі де жеңе алады. Кейде елеулі асқынулар болуы мүмкін, әрине. Дегенмен, иммундық жүйені нығайту және суық тию мен тұмаудың алғашқы белгілері білінген бойда қолды жуу, тыныс алу жолдарын (мұрын, тамақ) шаю, яғни гигиенаны, тазалық шараларын сақтай отырып, сауықтыруды жүргізіп, кез келген асқынуларды болдырмауға болады», – деп кеңес береді мамандар. Медицина саласы жетілген, техника дамыған қазіргі уақытта, әрине, ауруды түрлі жолдармен емдеуге болады. Өз кезегінде, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры емдеу мекемелерінің медициналық қызмет көрсету сапасын өз бақылауына алған. Дегенмен, ауруды емдегеннен алдын алған дұрыс. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<