Кәмпиттің қағазы да – табыс көзі

2785

0

«Мен неге қоқыс жайлы ойлануым керек? Ай сайын коммуналдық төлем төлеп отырмын ғой». Қоқыс туралы әңгіме қозғалғанда, басым бөлігіміздің берер жауабымыз осы. «Жұрттың балалары… » деген сөз сап ете қалады осындайда.

Шынында, өзге елдер қоқыстың қалауын келістірсең, кіріс көзі екенін әлдеқашан зерттеп, пайдаға асырып қойды. Деректерді қарасақ, Германия жылына шығарылатын қоқыстың 62 процентін қайта өңдейді. Бұл мемлекетпен қатар Авс­трия да осындай көлемде өңдеумен айналысады. Ал, осындай технологиядан соң резеңкеден паркет, бөтелкеден күртеше дайындалады. Мұны не үшін қозғап отыр­мыз, бізге кәмпиттің қабығы да пайдаға жарамсыз қоқыстай көрінеді емес пе?! Қуан­тарлығы, қызылордалық София Темірболат бұлай есептемейді. Оны да табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік бар деп біледі. Ақыл – жастан…

– Түрлі жобалар жасағым келеді. Бірде кезекті идеямды жүзеге асырсам деп ғаламторды шарладым. Қызықты экология­лық бастамалар бар екен. Соның ішінде қоқысты пайдаға жарату жайлы тақырыптар қамтылған. Өзім шығармашылыққа жақын болғандықтан күнде жеп жүрген кәмпитімді неге жобама қоспасқа деген ойға келдім. Содан кейін осы кәмпит қабығын ісмерлікке пайдаланып, панноларымның әдемілігі үшін қолдана бастадым. Әлеуметтік желілерге жүктедім, көпшілік қызыға бастады, – дейді София.

Кәмпиттің қағазы да –  табыс көзі

Кейіпкеріміз 5 жыл ішінде бірнеше туындыларына қанат бітірген. Жұмыс барысында тұздың, шайдың сыртқы орамасын да пайдаланған кезі болыпты. Тың дүниелерінде ұлттық колоритті, ұлттық нақышты бейнелеуге тырысады. Бұдан бөлек, София сурет салумен де шұғылданады екен. Жұмыстарын бірқатар көрмеге қойған, онда оны сатып алсам деушілер кездесіпті.

Әдемілікке іңкәр кейіпкеріміздің ізденімпаз екенін байқау кім-кімге де қиын емес. Бастысы, шығармашыл жастың әлі талай жаңа идеясы көпке ой салады деп білеміз. Софияның бұл туындылары – жоқтан бар етіп, қоқыстан да бизнес жасау­ға болатынының айғағы.

– Қайта өңдеу кем дегенде екі міндетті шешеді. Біріншісі, экологияны таза ұстау­ға үлес қосады. Өйткені полиэтилендер қоршаған ортаны ластайды. Ал, екіншісі ол – пайда көзі. Жетістіктің ең кереметі десек болар, ендігі жерде қоқыс арқылы жол салу да қолға алынуда. Бұл – әлі де зерттеп- зерделейтін мәселе. Шығармашылықтан бөлек, мен осы маңызды тақырыпқа терең бойлап, болашақта елге пайда әкелетін бас­таманы қолға алуды ойлаймын, – дейді София.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<