Карантин

710

0

Біз көптен бері науқаспыз. Біздің дерт агрессия, көреалмаушылық, дөрекілік, надандық, немқұрайлылық, жек көру, құнығу, жалған сөйлеу, екіжүзділік… Егер карантин жасаса, адамзат баласын тек коронавирустан сақтау үшін емес, бәрімізді жалпы карантинге отырғызу өзекті мәселе болғаны. Бірақ ол карантиннің себебі басқа.
 Мынау есінен айырылып бара жатқан әлемнен әр адам өз еркімен оқшаулануы тиіс. Оңаша қалып, өзінің робот емес, тірі пенде екенін еске түсірсін. Сүйе білетін, қайғыға ортақтасатын, уайымдай алатын, қолдай білетін адам екенін. Бұл ғаламшарға із қалдыруымызға онсыз да аз ғана уақыт кесілген. Неге сол уақытымызды бағалауды үйрене алмай-ақ қойдық? Үнемі таусылмайтын өкпе-реніштен арылмай өтетін шығармыз? Айларға, жылдарға созылатын «үнсіздік» пен «кім кімді қаттырақ күйретер» дейтін ойындар кімге керек?
 Оқшаулану кезінде өзіңді танып, ашудан құтылған абзал. Біреуге еліктеуді доғарып, стереотипті өмір сүруді тоқтатқан жөн. Хайп қуып, жоқ жерден дұшпан табу әдетінен арылған дұрыс. Өз бақытыңды елге жариялауға ұмтылмауды үйрен. Өз ойыңды, жүрегіңді ести біл. Жан әлеміңді жаңадан форматтап шық. Жылдар бойы жиналған күйеден тазарт. Бұл карантин бізге адами қалпымызға қайта оралу үшін қажет. Табиғатпен үйлесімділікті жаңғырту үшін, аспан астында бейбіт ғұмыр кешу үшін…
Адамзатты өз болмысына оралту үшін, шын сүю, мейірімді болу, ұрпақ жалғастыру, қолдау, аяққа тұрғызу, сақтау, қорғау, тудыру, қуанту үшін…
Асықпай оянып, кофе не өмірдің дәміне рақаттану үшін, соғысқа емес, сүйікті жұмысымызға бару үшін. Әлем жек көру, сатқындық пен алауыздыққа бөгіп қалған. Бұл кірден арылып, жанымызды тазартайық. Жанымызды емделік. Бәрімізге осы  карантиннің пайдасы тисін.

23.03.2020
Владимир Гаджиев
Аударған:  Шынар Әбілда 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<