Кестенің сыры – түрінде, кілемнің сыры – түгінде

1688

1

Көшпелі халық үй шаруа­шылы­ғында кілем, алаша, қылшықты жүн­нен бау, басқұр тоқу, түйенің жүнінен шекпен тоқып, өздерін киім-кешекпен қамтамасыз етіп отырған. Үлкен отбасын асырау және тұрмыс жағдайын жақсарту қосымша кіріс көзін талап етті.

Бұйымдарды жасап қана қоймай, балаларына жас­тайынан оның қыры мен сырын, жасалу жолдарын түсіндіріп, кәсіпті меңгертуге тырысты. Қазақстанның тарихы мен географиясын, этнографиясын және мәдениетін зерттеуші Ресей ғалымы М.Красовскийдiң «…қаршадайынан жас қыздарды тоқуға, тiгуге, киiз басуға және сол сияқтыларға үйретедi, ал сәл өсе бастағанда мұның бәрiн олардан талап ете бастайды» деп жазыпты.

Бұған қоса қолөнер кәсібіне балаларды әкелері, ауылдың тәжірибелі, салиқалы қарттары, шеберлер бау­лып отырғанын айтып өту қажет. Олар ер балаға ұсталық, етiкшiлiк, зергерлiк, үйшiлiк, т.б. кәсіп түрлерiн меңгертуге тырысты.
Қыздар 6-7 жастан бастап кiлем тоқудың барлық үйiшiлiк қосалқы жұмыстарын – жүндi өңдеуге, иiру және иiрiлген жiптi бояуға, жiп шумақтарын дайындауға күшi жеткенше қатысып отырды. Осы жаста әжесiнiң, анасының, үлкен апасының басшылығымен кілем тоқу амалдарын, ою-өрнек түрлерін, олардың мән-мағынасын, қолданатын жерін, тоқымашылық дағдыларын меңгердi.


Осылайша кілем тоқу ісіне көздері қанығып, іштей танып, қолдары үйреніп, өздері жасай алатын икемділікке жеткен шағында олар көп еңбек сіңіруді қажет ететін, топтасып жасайтын кілем тоқу өнеріне араласа бастайды. Жоғарыда айтқан көпшіліктің көмегімен бітетін бұйымдарға басшылық ете алатын, сол бұйымға үлгі жасап бере алатын жағдайға жеткенде «шебер», «ісмер», «өнерлі», «бармағынан бал тамған», «өнері асқан шебер» атанады.


Жүн түту, сабау, тарау, т.с.с. жұмыстарды кез келген жас-кәрі бір-екі көргеннен-ақ атқара алуы мүмкін. Ал шалу, ілу, қию, тоқпақтау, тегістеу, үлгіге қарап отырып кілемнің керілген желі жіптерін санап, түс беріп өрнек шығару әдістерін көпшілік атқара алғанымен, кілемге салынатын үлгіні асқан шебер адам даярлап береді. Демек, қазақ халқының қолөнер шебері кілем тоқу өнерінде нағыз сынға түседі. Өйткені кілемді әсем де сәнді көрсетіп, мазмұнды да әсерлі етіп отырған ою-өрнек пен түстерді үйлестіру тәсілдері жоғары шеберлікті талап етеді. Қолөнер саласын жетік меңгерген, көркем талғамы жоғары, ісмерлігі озған адамды «өнеріне қарай − өрнегі» деп сүйсіне бағалауы тегін емес.


Кілемдегі әрбір ою-өрнектің сөйлей білетінін, оның бейнесінде белгілі бір сөздер жасырынып тұратынын, яғни әр өрнекте сим­волдық мән жататынын ата-бабала­рымыз балаларға жастайынан ұғын­дырмақ болған. Мәселен, кілем­дегі мүйіз тектес ою-өрнектері – қошқармүйіз, сынармүйіз, сынықмүйіз, төртмүйіз, қосмүйіз, тақмүйіз, тікмүйіз, бұғымүйіз, омыртқа, қанқа, т.б. молшылық пен тоқшылық болсын деген белгіні білдіреді. Қошқармүйіз басқа өрнектерге қарағанда кілемде басым­дығы зор, кең тараған және жиі қолданылады.

Тотемдік нанымдарында қошқарды құт деп есептейді, батырлық, күш символы, ал бұғы бақыт пен табысқа жеткізеді, жолаушыға жол көрсетеді деп санайды. Түйетабан, ботакөз, өркеш, ботамойын, түйемойын өрнектер алыс сапарды білдірген.

Пайғамбарымыз көші-қон кезінде түйеге мініп ел аралаған. Сондықтан да болар қазақ халқы түйені киелі санайды. Оның жүнінен шұлық тоқымайды. Аяқ астына тастамайды, сүті мен еті ерекше құнарлы. Ата-бабамыз түйе малын осылай қастерлеген.


Құс бейнесі де кілемде жиі кездесіп турады. Аққу ошақтың бірлігін сақтайды, оны өлтірмейді, өйткені аққу отбасына береке, ырыс әкелуші құстар қатарында есептеледі. Сұлулықты, нәзіктікті аққуға, құралайға, елікке теңеген. Құсқанаты, қазмойын, қазтабан, құс­таңдай өрнектері жаңалықтың, хабардың жаршысы, ұшқан құстай ерікті, бақытты бол деген мағынаны берсе, ал итқұйрық, иттабан өрнегі ауыларалық қарым-қатынасты, жеті қазынаның бірі деген белгіні біл­діреді. Осыдан жан-жануарлар, аң, құсқа байланысты ұғым-түсініктерді ауыз әдебиеті үлгілерінен естіп, тыңдап, біліп жүрген балалар, олардың бейнелерін қолөнер туындыларынан да көріп қаныға түседі. Сол образдарды санасына әбден сіңіріп өседі, яғни олар осы ою-өрнектердің түр-түсінің әсемдігіне сәйкес жып-жинақы орналасуынан көркемдік әсер алып қана қоймай, бейнелеген ұғымдарға дұрыс көзқарасы қалыптасады.


Аспан әлеміне байланысты өрнектерде де балаларға аспан белгілерін таныстыруды мақсат етіп, оның сырын сол кездегі өздерінің дүниетанымдарына сәй­кес түсіндіріп отырған. Мұндай ою-өрнектерге күн көзі, шыққан күн, шұғыла, айшық, айгүл, жұлдыз, лезгі жұлдызы, егізжұп, т.б. өрнектер мысал бола алады.


Көне заманда адам баласы дауылдың, өрттің, найзағайдың, жауын­ның, ыстық пен аяздың неден болаты­нын білмеді. Олардың бәріне қорқа қарап, әрқайсысының жаратушы иелері (тәңірі) бар, соларға жалынып-жалбарыну арқылы әсер етуге болады деп түсінді. Күннің шығуына табынған, ай туғанда шалқалай жатса, өзіне жайлы, шаруаға жайсыз, тік жатса, шаруаға жайлы, өзіне жайсыз» деген сөздері және
«Ай көрдім аман көрдім
Ескі ай кетсін,
Жаңа айда есіркесін»
деген тілегі, жұлдыздарға да тамсанып тілек тілеп, жұлдыз ағып түскенде бір жарық өшті, бір пәлекет болады деп қауіптенген. Күн, ай, жұлдыздарды жер бетіндегі жарық дүниелер деп қастерлеген. Демек, үлкендер мұндай өрнектердің мәнісін үйрету арқылы балалардың адамгершілік тәрбиесін жетілдіре түскен.

Аспан әлеміне байланыс­ты өрнектердің мазмұнын білуі негізінде балалар ертедегі қазақ халқының дүниетанымымен танысады, олардың тапқырлығына, даналығына көз жеткізеді.


Өсімдік, жер, су, бейнелі өрнек­терге гүл, тоғыз төбе, су, ағаш, шатыр гүл, қоза, шытырман, жапырақ, өмір ағашы, жеміс, т.б. өрнектер мысал бола алады. Сүйікті ұлдары мен қыздарын бәйтерекке, шынарға, ақ қайыңға, хош иісті гүлге, алмаға, қарақатқа теңеген. Ардақты азаматын асқар тауым, шалқар көлім, қара орманым деп қастерлеген.


Мысалы, су оюы − байырғы, киелі ою. Олай дейтініміз, су − ертедегі ұғымда киелі, жаратушы аналардың бірі. Ауырған адамдарды сумен ұшықтайды. «Суға түкірме» деген қағида да бекер айтылмаған. Көне түркі жазбаларында «От ана», «Су ана» деген тіркестер кездеседі. Ертедегі адамдардың ұғымынша, дүниенің жаралуына төрт зат негіз болған: от, су, ауа, жер. Су оюының негізінде ирек оюы кілем жиегінде (бордюрында) және кілемнің ор­таңғы бөлігінің және жиегінің жік-шегарасын көрсете бейнеленеді. Қазақ халқы жер, су, өсімдіктерге қатысты да қасиетті ұғымдарды кілем тоқу өнерінде бейнелеу арқылы балаларының суды ластамауын, талды сындырмауын, шөпті жұлмауын, т.с.с. тәртіпті талап еткен. Су өрнегіне байланысты қазақтың «Сұмырай хан» ертегісінде жүз ұлы және жүз қызы (шәкiрттерi) болған халық шеберi туралы баяндалады. Бiрде хан оларға өзiнiң арығынан суды пайдалануға тыйым салды. Ал кейiннен бас шебердi қарақшылар өлтiрiп, жалғыз қызының қолын кесiп тастады. Халық көтеріліп, хан­ның ордасына басып кiрiп, оны өлтiрдi. Шеберге көрсетiлген құрмет белгiсi ретiнде шәкiрттерi ұстазына арнап су өрнегiн, ал қызына гүл тақырыбында ою-өрнек арнады. Міне, бұл ертегі арқылы үлкендер балаларына әрбір ою-өрнектің сөйлей білетінін, ұғын­дырмақ болған.

Демек, ою-өрнек түрлері тек әшекей ғана емес, белгілі бір ойды жеткізу мақсатында қолданылған.
Қазақ кілемдерінде күнделікті тұрмыста кездесетін белгілі бір заттардың бейнелері де беріледі. Мысалы, тұмар, балта, балдақ, тұмарша, сырға, қармақ, тарақ, орамал балдақ, кереге, т.б. Тұмар, тұмарша – киелі өрнектердің бірі. Көне түркі тілінде «тума иер» деген сөз бар. Онысы «туған жер» дегені. Тұмар сол «тума иер» сөздерінің қосылуы арқылы шыққан. Бұрын тұмар ішіне туған жер топырағын, тас қиыршықтарын салған. Онысы «Жер Ана желеп-жебейді», «туған жерге қайтып ораламын» деген сенімнен шыққан. Бұл ұғым қазақ арасында әлі бар.


Кереге − киіз үйдің керегесі тәрізді өрнек. Туысқан түркімен, қарақалпақ қолөнерінде «кереге көз» делінеді. Қазақтың кілем бұйымдарында бұл ою шеттеріне сәндік үшін тоқылады. «Керегең сөгілмесін, керегең кең, берік болсын» деген тіркестерді оюмен жеткізу үлкен тапқырлықтың, даналықтың белгісі.


Ру, ен таңбасы, түрлі жазу пі­шінді ою-өрнектер де кілемде жиі кездеседі. Мәселен, тұмар − Шапырашты руының, дөңгелек − Албанның, Суанның, қос дөңгелек − Арғынның, тарақ − Тарақтының ру таңбасы болған.


Кiлемдегi ең бiр маңызды элемент − түсi. Сондықтан балалардың түс туралы түсінігін қалыптастыру үшін тұрмыста, өмірде түстердің символдық мәнін, олардың бір-бірімен үйлесімі үлкен мағына білдіретінін қарастырған жөн.


Мысалы, көк түске ерекше мән-мағына беріледі. Ол – Көк Тәңірі, Құдай. Қазіргі кездің өзінде «көкке қара» деп аспанды айтады. Бұрын біреудің ата-тегін білмекші болғанда «оның көгі кім?», «көгінде еш нәрсе болған ба?» деп сұрайтын. Осыған қарағанда қариялар бі­реуге ренжігенде «көгі жаман неме», «көктемегір» деп ұрысатын. Осы жағдайларға байланысты көк түстің рәміздік мазмұны ерекше сапаға ие болып, оны төсенішке пайдаланбаған. Екінші жағынан көк түс қазақ үшін жасыл түстің синонимі. Жерде «көк» − жайлау. Себебі қазақта бұрын «жасыл жайлау» дегеннің орнына «көк майса жайлау» деп түсінікті әрлендірсе, содан кейін малды «көкке шығар», «көкке өрбіт» немесе «көктеп жатыр» дейді. Әжелеріміз де осы күнге дейін жасыл түсті бұйымдарды «көк» деп айтады. Жалпы айтқанда, «көк» сөзінің мағынасын «көктем» түсінігі арқылы тіршілік бедері, «өмір реңі», «жасару» деп түсіндіруге болады.


Қазақта жасыл мен қызыл түстерді тек жастарға байланыстырып айтып отырған. Мысалы, қыздарды қырмызы қызыл гүлге теңеуі, олардың қызыл орамал тағып, қызыл қамзол киіп жүруінен шығар. Қазақ мақалдарында да қызыл түсті «Өнер алды – қызыл тіл», «Қисық бұтаққа қызыл жиде бітеді», «Ананың көңілі – қызында, қыздың көзі – қызылда» деп келтірілген. Демек, қызыл мен жасыл – жастарға тән түс.
Негізінде қызыл түс − оттың, күннің рәміздік белгісі. От та, күн де қазақтар үшін киелі. Әсіресе, от қазақтың ырымында, әдет-ғұрпында сиқырлы күшке ие. Отқа түкірмеген, аттамаған, су құйып сөндірмеген, шоқ баспаған. Адам киімі, үй іші отпен тазартылады. Жеке отау құрған жас жігіт әкесінің үйінен от алып, өз ошағын тұтатқан. Осыдан «отау», «отағасы» деген сөздер пайда болған дейді ғалымдар. Жас нәресте мен жаңа түскен келінді пәле-жала, қауіп-қатерден аулақ болсын деп отпен аластатқан. «От-ана, май-ана, жарылқа» деп отқа май құйып Ұмай анаға жалбарынған.
Сонымен бірге қара түс те заттар мен құбылыстардың түсін ғана білдіріп қоймайды. Оның мағынасы байырғы, көне, ескі түсініктеріне сәйкес келеді. Қара − жердің түсі, берекенің белгісі. Мысалы:


«Қара жерді жамандама,


Қайтып сонда барарсың.


Қауым елді жамандама,


Қарғысына қаларсың»


деген сөз де осының белгісі. Адамның өзімсініп атайтын табиғи төл түс. Ол − философиялық ұғым – тұрақтылықты, статиканы білдіреді. Осыдан «қара жер», «қара бала», «қара сөз», «қара өлең» деген терең мағыналы ұғымдар қалыптасқан болу керек. «Жеті жарғыда» кек алуға беретін рәміздік нәрселер − «қара қазан», «қара нар», «қара мылтық», «қара ат». Мұның барлығы – «құн дауымен» байланысты ережелер. Ал «қара нардың» мәнісі – өлген кісінің сүйегін қара нарға артып, көп қоныстаған қыстаудың төңірегіне апарып қоюдан шыққан. Жаман адамды «қара жанды» деп есептеген. Мысалы, «Қыз Жібектегі» Бекежан образы. Әке үйін «қара шаңырақ» деп атады. Қараның тағы бір мағынасы әдемілікпен байланыс­ты. Әсем сұлу қыздардың есімдері де әдемі – Қарашаш, Қаракөз. Қара сонымен бірге күнделікті сөз арасында пайдаланатын табиғи ұғым болғанға ұқсайды. Сырым батыр жасырақ шағында Бөкен биден бата тілей барыпты. Сонда данагөй қарт ақын: «Ел қамына бола тусаң, балам, арқаң қара нардай жауыр болсын, мінезің қара жердей ауыр болсын, өкпең жоқ, бәрі тұтас бауыр болсын» деген екен. Түркі халықтарында қара ежелден жамандықпен де байланысты.

«Қорқыт ата» кітабында: «Кімде-кімнің ұлы, қызы жоқ, қара отауға кіргізіңдер, қара киіз астына төсеңдер, қара қойдың етін алдына тартыңдар, жесе жесін, жемесе тұрсын да кетсін. Ұлы барын ақ отауға, қызы барын қызыл отауға қондырыңдар» депті.
Қазақта ақ та – қасиетті түс. Ол қуанышты хабардың, бақыттың, таза­лықтың белгісі. Ол да кейде зат есім мағынасына ие болған. «Ақ» деп сүттен жасалған тағамды айтады. Күйеу бала қайын жұртына алғаш келгенде ақ (қымыз, айран) ішкен, келінге де ақ жаулық тағып, бетін ашпас бұрын ақпен көмкерген. Ақ сонымен бірге шындықтың, ақиқаттың әрі тазалықтың адалдықтың, шын­шыл­дықтың белгісі. Мысалы, «Ағын су арнасын табады, ақ адам орын алады» деген қазақ халқы. Қолданыс барысында ақ күмістің синониміне айналған. Күміспен көмкерілген сандықты «ақ сандық» деп атайды. Сондықтан да болар халқымыздың нанымында күміс – тазалықтың белгісі.
Құрбандыққа шалған биенің ақ түсті болуының мәні, ол арқылы жас­тарды некелестіруде бабаларының аруағынан рұқсат алған. Ақ киізге хан көтерген не ақ киізге орап жерлеген. Ағынан жарылып, ақ отауға ақ тілектер айтылған. «Ақ түйенің қарны жарылғанда» деген сөз тіркесі қуанышты хабарға байланысты айтылады. Құрбандыққа ақ нар не ақ жылқы сойған.

Ал, құрбандыққа қой шалынса ақсарбас не бозқасқа аталады. Себебі шалынатын қой ақ түсті, сары күн нұрының нышаны болуы керек.


Сары түс те, негізінен, ақыл-парасаттың белгісі деп есептеледі. Сонымен бірге ол бір жағынан қайғы-мұңмен байланыстырылады. «Сары уайымға салыну», екінші жағынан ол жұбаныш пен үміт кепілі – «Уа­йым түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа».


Міне, қазақ халқында түр мен түстердің өзіндік мән-мағынасы, атау­лары және қабылдау ерекшеліктері қалыптасқан. Өз ортасына, көңіл-сезіміне байланысты кезеңдерін бейнелейтін символика өзіндік түр мен түске әспеттелген. «Өнер – тау­сылмас азық, жұтамас байлық» деп, өнер құдіретті күш, ол жарқын болашаққа жол сілтейтін жолсерігің, ертеңгі күнгі жейтін тамағын, рухани байлығың деп балғын шақтан өнер үйренуге жол сілтеген.


Абайдың қай шығармасын алсақ та, жастарды еңбекке, талапқа, кәсiптi, өнер-бiлiмдi меңгеруге шақырып, тәлiм-тәрбие, үлгi-өнеге беруге бағыттайды. Отыз үшiншi қара сөзiнде былай дейдi: «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды». Бұдан ойшылдың қолөнердi өмiрдегi ең қымбат қарекет екенiн, малдан да қолөнердiң тұрақты, баянды дүниелiк екенiн ескертетiнiн байқаймыз.


Осындай тағылымға шақыру ұлы түркi ойшылы Жүсiп Баласағұнның «Құтты бiлiк» шығармасында баян­далған. Түркi халықтары мәде­ние­тiнiң биiк шыңының бiрi болған «Құтты бiлiктегi» қолөнершiлерге қатысты жолдарды мысалға кел­тірейік:
– Қолөнершi қолдарында
түрлi өнер,


Қолөнерiн пайдаланып
күн көрер.


Бұлар да бiр ең қажеттi кiсiлер,


Жақын жүрiп көп-көп
пайда түсiрер,


Темiршi, етiкшi, балташы,
терiшiлер,


Сыршы, зергер, садақшы,
жебешiлер.


Бұл дүние ғажабын, iстейтұғын
осылар,


Өнердiң кереметтерiн iстейтұғын
осылар,


Таусылмайды санын тiзсең
олардың.


Аңғар өзiң. Мен сөзiмдi доғардым.
Араласып, түсiнiсiп жүрерсiң,


Сүйiндiрсең, сүйiнiштi
өмiр сүрерсiң.


Iсiңдi iстеп берсе, қайтар
құнын тез


Iшкiз, жегiз, мол ауқат бер,
сырын сез.

Кәсiп иелерiн құрмет тұта бiлген ақын кәсiпкерлердi адал еңбек адамы, тiршiлiктiң тiрегi, материалдық байлықты тудырушы, рухани игiлiк­терге жол ашушы ретiнде жырлап суреттейдi. Әрине, осы материалдар кәсiпкерлердiң адал еңбегiн құрметтеуге, «өнерлi өлмейдi», «та­лаптыға нұр жауар», «ерiнбей еңбек еткен мұратына жетедi» деген ой түйiнiп оқушыларға үлгi етiп ұсынуға болады.


Ал, көрнектi ақын, әрi халық педагогикасын зерттеушi Мұзафар Әлiмбаев «Көк кiлем» атты дастанында Рахым деген кедейдiң ата-бабасынан қалған жалғыз тықыр кiлемiне байдың көзi түскенi, Рахымға жала жауып зынданға қаматқанын жырлайды. Мысалы:
Ұстаған жетi бабасы,


Ұстаған өзi жас күннен,


Өлшеусiз құны-бағасы


Бар екен тықыр тас кiлем.

Жиһазы осы қолында


Жетi атаның көзi екен!


Тоқыған өмiр бойында


Жетiншi әке өзi екен!


Көк кiлем бетi бай қала,


Жемiстi жасыл салқын бақ,


Мөп-мөлдiр көктi айқарса,


Жұлдыздар жанған жарқырап.

Қалдырған баба өсиет:


«Сақтаса қайсы үй дұрыстап,


Сол үйде болар дос ниет,


Сол үйге қонар ырыс, бақ».

Мiнеки, кiлем бұйымы – күнделiктi өмiрдегi ең мәндi де қастерлi ұғым­дарды көрсететiн заттардың бейнесi. Олай болса ұл мен қыз күнделiктi өмiрде көрiп жүрген заттарының бейнесiн ата-бабасының қолымен жасалған бұйымдардан көрiп, оның әсемдiгiне бiр тамсана және кiлем бетiндегi өрнектердiң мағынасын терең ұғынуы арқылы өз бойында ол затқа деген ерекше құрмет пайда болады.


Халқымыз қашан да қанатты сөздерді қазынам деп, өнегені өрісім деп таныған. Ұрпақ тәрбиесінде әр азамат, әр ата-ана, әр ошақ пен орта ең алдымен бабалар өнегесіне, даналар қалдырған дәстүрімізге сүйенгенде ғана сүбелі үлеске ие болмақ. Халқымыздың өсиеті мен өнегесін, дәстүрін, дәріптер тағылымдарын, мәуелі пікірлерін жинақтап, үлгі етіп ұсынғанда ғана ұрпақ тәрбиесіне мол үлес қосылмақ.
Халық даналығының тәрбиелiк құралдары, мақал-мәтелдер, жұм­бақтар және ертегiлерде «Бiр түктi кiлем, бiр түксiз кiлем» (Аспан, жер). «Сатайын десем ауыр кiлем, сатпайын десем тәуiр кiлем» (Жер). «Зер-зер кiлем, зер кiлем, көтерейiн десем зор кiлем» (Жер). «Түр-түр кiлем, төгiлiп жатқан кiр кiлем. Жайы-жайы, жай кiлем, жайылып жатқан бiр кiлем» (Көктемдегi жер) – деп көрініс тапқан. Мiнеки, кiлемнiң өзiн жұмбақтағанда жердiң қызыл гүлiне бағалап көркемдеп көрсеткен халық баласының бойынан да сол әсемдiктi көргiсi келедi.


Кiлем тоқу кезiнде ұстанатын әртүрлi наным-сенiмдер, ырымдар да бар. Мысалы, бiтпеген кiлемнiң жанына ер адам келсе, кiлемнiң бетiн жабу керек. Оның себебi таңданып, көзi тиюi мүмкiн. Жүктi әйелдерге кiлем тоқу iсiне араласуға рұқсат бермеген. Себебi, нәресте кiндiгiне оралып әйелдiң босануы қиын, қауіпті жағдайға душар болатынын жобалаған. Тоқу кезiнде бала ауырса, тоқуды тоқтатады, әйтпесе баланың ауруы кiлемдi тоқып бiткенше созылады дейтiн ырым бар.


Кiлем тоқушы әйелдер кейбiр дәстүрлердi жиі пайдалануға тырысады. Мысалы, көршi үйдiң баласы келсе:


Бармақтарың майысып,


Түрлi ою ойысып


Ұста болар ма екенсiң?


– деп қолына шашақты жiптi тақса, оның анасы тоқымашыларға дәмдi тағам әкелуге мiндеттi болады.


Кiлем тоқылып бiткеннен кейiн «кiлем iлу» рәсiмi бойынша той жасалып, келген қонақтар «құтты болсын» деп, кiлем иесiне байғазы беруге тиiс. Сол себепті үй иесі, көрші-қолаңы, ағайын-туысы, ауылдың үлкен қариялары тоқушы қыздардың көңілдерін аулап, оларға әңгіме, аңыз, өлең, жыр, ән айтып береді, еңбектерін құрметтеп, бағалап сый табақ әкеледі.


Кiлем тоқудың сырын бiлген әрбiр қалыңдық жасау мүлкіне өз қолы­мен тоқыған кiлем бұйымдарын дайындайды. Ал күйеу жiгiт өз қалыңдығына қолымен дайындаған бiлезiктi ұсынады. Мұндай әдеп-ғұрып жас­тардың мiнез-құлқының тамаша этикетi саналды.


Мiнеки, халықтық қолданбалы өнеркәсiпшiлiгiн балаларға оқып-үйрету және тәрбиелеудiң дәстүрлi халықтық жүйесiн талдау барысында қазiргi заманғы оқушыларды және көркем еңбек мұғалiмiн дайындауда, iс жүзiнде пайдалануға болатынына көзiмiз жеттi.

Қыздаргүл ҚАСЕНОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті
тарих мамандығы бойынша философия докторы (PhD),
«Дәстүр» қолөнер орталығының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<