Жаңақорған ауданында Бірлік деген ауыл бар. Тау бөктерінде орналасқан елді мекеннің табиғаты бөлек. Шөбі шүйгін, ауасы тынысыңды ашады. Бұлақ суы мөлдіреп ағып жатыр. Осы аядай ауылда сексенге келген Ұлтуар Пайжанова апамыз тұрады. Ол кісіні жақын ауыл-аймақтың бәрі жақсы таниды. Әжей – қолөнер шебері. Тоқыған кілемімен елді тамсандырған ол әлі де тың. Қолынан ұршығы түскен емес. Бос уақытында кілем тоқып, онысын жақын туған-туыстың қоныс тойына тарту етіп келеді. Кейіпкермен әңгімелесудің сәті түсіп, кілем тоқудың қыр-сырын сұраған едік.
Сексенге келген ақ жаулықты әжей үй шаруасына да пысық болып шықты. Қимылы ширақ. Келіндеріне қолғабыс етіп, немере-шөбересін бағады. Үй айналасына бау-бақша егіп, жасыл желекке айналдырған. Әңгіме барысында ол өткен өмірінен де сыр шертті. Балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген. Тұралаған ауыл тіршілігін түзеу, бала-шағаның қамын жасау үшін ата-анасы бел жазбай еңбек етіпті. Бойжетіп қалған шағында әкесінен айырылып, оқуға мүмкіндігі болмаған. Шешесіне болысып, үй шаруасына ерте араласты. Анасы елге белгілі ісмер, қолөнер шебері еді. Білген-түйгенін қызына үйретіп, баулыды. Ең алғаш тықыр кілем тоқудың техникасын меңгеріп, кейін түкті кілемді де оңай үйреніп алыпты. Ептілігі мен елгезектігі ісмер болуына септігін тигізді. Он саусағынан өнері тамған ананың ізгі жолын Ұлтуар осылай жалғады.
– 1957 жылдан бастап кілем тоқумен айналыстым. Киіз үйге қажетті жабдықтар жасадым. Ол кезде 6 қанатты үйлер қазіргі зәулім сараймен тең болатын. Тапсырыспен бау, қабырғаға ілетін кілемдер, қоржын тоқыдым. Баудың өзі бірнеше түрге бөлінетін. Ерекше әрі сәнді етіп тоқығаннан болар алыс-жақын ауылдардан арнайы келетіндер де бар еді. Нағыз қол еңбегі ғой. Шаршау дегенді білген жоқпын. Күндіз-түні көз майымды тауысып, тоқып шығатын кездер де болды.
1962 жылы Айтуар Жүнісов деген кісімен отау құрдым. Перзентті болдық. Балаларым кішкентай, ата-енеге қараудан, үй тірлігінен босамай, кілем тоқудан біршама қол үзіп қалдым. Кейін балаларым ержетіп, қолым ұзарған шақта қайта бастадым.
Тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен ел атанғанда қолөнершілерге қолдау болды. Жасаған бұйымдарымды сырттан келіп алатындар көбейді. Бірде Қарттар үйінен 20 кілем тоқуға тапсырыс алдым. Ұзындығы 3 метр, ені кемі 1,5 метрден. Керемет шыққан туындым көпшілікке ұнап, тапсырысты уақытылы аяқтадым.
Осыдан 50-60 жыл бұрын кілем тоқуды кез келген әйел заты білетін. Әр үйде кілем тоқылатын. Қыз жасауына қосып, бағалы сыйлық ретінде де тарту етілетін. Сапасы өте жақсы болғандықтан әлі күнге дейін пайдаланып келеміз. Бірақ қазір кілем тоқу өнері кенжелеп қалды. Онымен айналысушылар қатары сирек. Төрт түліктің жүнін аяқ асты етпей, кәдеге жараттық. Кілем, алаша төсеніштерден бөлек, киім-кешекті де тоқып киетін едік. Қазір ауылда кілем тоқушылардан жалғыз мен қалдым. Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан бұл іс жандануы керек. Кейінгі жас буынның хабары болуы тиіс, – дейді шебер.
Ұлтуар апамыз осы кезге дейін 1000-нан аса кілем тоқып, еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелткен. Ерте көктемнен бастап 3 кілем тоқыпты. Оны жақын туыстарының қуанышына сый ретінде ұсынған. Әжей бұдан бөлек құрақ құрайды. Осы кезде дейін 100-ге жуық құрақ көрпешені қыз жасауына тарту болсын деп қосыпты. Себебі, құрақ – жастардың басы құралсын деген ниетпен арнайы жасалатын жасау түрі. Жас отаудың іргесі берік болсын деген ниеті де бар. Ең қызығы, әжей барлық тіршілігін өзі атқарады. Алдымен жүнді тазалап жуып, түтіп, оны иіріп жинайды. Бояуларын таңдап, ағаш құрылғысына салып, тоқуға кіріседі.
– Жалпы, кілемнің әсемдіктен бөлек, үйдің жылулығын сақтайтын, дыбысты бәсеңдететін қасиеті де бар. Түрлі-түсті ою-өрнектері ұлт дәстүрі мен мәдениетінен, өнерінен хабар береді. Кілем бір немесе бірнеше қабатты, түкті немесе тықыр болып келеді. Бояуы қанық болса, түрі ажарлана түседі. Сондықтан сапалы бояу қолданамын, – дейді ол.
Ісмер әңгіме айтып отырып, жұмысын жалғастыруда. Қолының жылдамдығына көз ілеспейді. Жіптерді қиюластырып, әдемі сурет шығарды. Расында, бұл өнер шыдамдылық пен сабырлыққа үйретеді. Тапжылмай отырып жұмыс жасағанда ғана нәтиже болады.
Ұлтуар әжей – ауылдағы үлкен әулеттің тірегі, ақылшысы. Тамырын тереңге жайған әулет бүгінде өсіп-өнген. Шаңырақ иелерінің бас қосқанына жарты ғасырдан астам уақыт болған. Қос қария жас отбасыларға ақыл-кеңесін айтып, батасын беріп, қолдап келеді. Ол – 13 немере мен 15 шөберенің қызығына кенеліп отырған бақытты, ақжаулықты ана.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<