Кішкентай көрші

1143

0

Бұл кішкентай қыз біздің көршіміздің қолына жақында ғана келді. Сонда да, ол осы маңайдағы тұрғындардың бәрімен көптен таныс, сыр мінез адамдай етене боп, араласып кетті. Оны бала да, үлкен де жақсы көрді. Демалыс күні бала біткеннің бәрі соның төңірегінен шықпайды. Оның білмейтін ойыны, таппайтын өнері жоқ: неше түрлі ойыншықтар жасайды, қағаздан сан алуан кестелер ояды.

Ал, оның үлкендермен араласуы да қызық. Бірін әке, бірін аға, бірін әже, бірін апалап салған жерден-ақ өзіне ұйытып алады. Олармен, қысылып-қымтырылмай, өзінің туған әкесіндей я шешесіндей еркелей, ешбір іркілмей сөйлеседі.

Жабығу, қамығу яки жатырқау, тосырқау дегендерді білмейтін, жүрегін тек қуаныш қана жайлаған бұл кішкентай жанға қарап еріксіз күлімсірейсің. Бойыңызды әлденендей көңілді ағын билеп те күлімсірейсің.

Бір ғажап тынымсыз жан. Оның бір минут дамыл тапқанын өз басым көрген емен. Жұмысынан қайтса пәтеріне келе салып я кесте тоқиды, я кітап оқиды, немесе үй жұмысымен айналысып кетеді. Әйтеуір қарап отыру деген онда бола бермейді. Және бір тамашасы: сол жүргеннің бәрінде ылғи өлеңдетеді де жүреді.

Мен бір сөздің ретінде оған:

— Гүлсара, сен әнші болуың керек? — дедім күліп.

— Неліктен олай дейсіз?

— Өлеңдетпей жүрмейтін бір кезіңді көрмеймін.

— Қайдағы әншілік! Әншейін, ыңылдамасам ішім пысып кетеді.

— Әй білмеймін…

— Рас айтам, ағай. Менен төрт жас үлкен апайым бар, әне сол әнші!

— Ол қайда қазір?

— Консерваторияда оқиды. Ой, енді оның даусы керемет, ағай!

Ол мұны айтқанда көздері жайнап кетті. Музыканы жақсы көретіндігі, бұл өнерге қызыға қарайтындығы, әрі апасының талантын қатты бағалайтындығы аңқып тұрды.

— Оны тыңдауымыз керек екен, — дедім мен.

— Таяуда радиодан ән салуға тиіс…

— Сен маған айтасың ғой?

— Айтам, айтам, — деді ол құлшынып.

…Бір күні Гүлсара кешке жақын жүгіріп келді.

— Ағай, радио тыңдаңыз. Менің апайым ән салып жатыр.

Өзім білетін бір жас композитордың Абай өлеңіне шығарған әні құлағыма бірден жылы естіле кетті. Әдетте, басқа әншінің аузынан естіп жүргенімде, бұл әннің кей жері ұнаса да, кей жері ұнамай, не булығып, не тым құлақты жыртып, ала- құла боп, жүдеп естілуші еді. Бұл жолы соның бірде-бірі байқалмай, ән әуені әсем сазбен табиғи өрістеп, табиғи баяулап, мол күмбірмен ырғала тербеліп тұр. Әрбір сөз, әрбір ырғақ жүрекке бойлап сезімге шауып, көңілді барған сайын балқытып келеді. Абайдың шумақтарында бірден аңғарылмай сіңіп жатқан ұлы жүрек қазынасы, тынысы кең ашылып, сел боп тасып, өршіп барады, өршіп барады… Сол жойқын күшпен ағытылған ән әлемінде ақын Абай қайта тіріліп, қанат біткен мағыналы сөздеріне ұлылық ойлы пішінмен қасқая қарап, қуанғаннан көзіне жас алып тұрғандай сезіледі.

«Жақсы әнді жақсы әнші ғана таныта алады, деген осы екен ғой!» — дедім мен күбірлеп.

Манадан бері титтей қозғалысты да қазадай көріп, бүлк етпестен шұқшия түсіп, радиоқабылдағышқа қыбырсыз қадалып отырған Гүлсара маған әнтек бұрылды:

— Ағай, маған не дедіңіз?

— Бауырын асқан әнші екен, Гүлсара.

— Оның айтатын әндерін пластинкаға жазатын болыпты, — деді ол ән бітсе де, сазды үн құлағынан кетпеген болса керек, соны бұзбайын деген адамша мүлде ақырын сөйлеп.

— Әр азаматтың үйінде бұлбұлша сайрап тұрсақ, шіркін, ол ұлы мәртебе ғой, — дедім мен.

— Әрине, — деді ол сәби жүзде әлденеге қатты қызыққанда пайда болатын жымию тәріздес, сөзбен айтып болмас бөлекше бір сүйкімді шырай туып.

Дәл осы минутта ол не ойлады, нендей қиялға шомды? Оншасын мен біле алмадым. Мүмкін ол әр семьяның қалаулы бұлбұлы болғысы келеді ме екен? Әлде, тіпті, ән емес, өз бойында бар өнерден әдемілік іздеп, соның ләззатын татсам- ау деген сезімнің шырынын жұтып отырмағанын да кім білсін?!

Бұдан кейін ол екі-үш күн көрінбей кетті. Жұмыстан келеді, содан кейін қайтып пәтерінен шықпайды, тіпті, ыңылдап жүретін әнін де азайтты. Мен оның мұнысына таң қалдым. Не болды екен оған? Әлде ауырып жүр ме? Егер олай болса, жұмысқа бармас еді ғой, — деп ойладым. Аулада ағаш бұтап жатқанын көріп қасына бардым.

— Сен неге үй күшік болып кеттің? Өлеңдетіп жүруші ең, оның да естілмейді. Бұл қалай? — дедім.

— Өлең айтқым келмейді, — деді ол, селқостау жауап беріп.

— Ән салғым кеп тұрады дейтінің қайда?

— Енді келмей қалды.

— Неге олай?

Сырт қақпадан бір жолдастары келді де, Гүлсараның назары соларға ауды. Мен мұнан соң тәптештеп сұрап жатқаным жоқ.

Күндер өтіп жатты. Гүлсараның көңілсіздігі де ұмытылды. Бұл жайын қайтып мен сұрағам да жоқ, ол айтқан да жоқ.

Күн демалыс болатын. Мен қақпа алдына шығып тұр едім, Гүлсара мені көре салып жүгіріп жетіп келді. Мен: «Хал қалай, Гүлсара?» дегенімше- ақ ол дағдылы шапшаңдығымен ұршықтай үйіріле жайнаң қағып, сөзді өзі бастап та үлгірді.

— Ағай, сіздің қолыңыз бос па? — деді ол.

— Иә, бос.

— Егер ерінбесеңіз, сізге бір нәрсе көрсетсем бе деп едім.

— Жақсы, көрсет.

Ол жүгірген бойымен пәтеріне қайтадан кіріп кетті де, үй иесі Қалия жеңгейді ертіп шықты.

Ол бізді Горький көшесіндегі екі қабатты дүкенге алып келді.

— Оңға бұрылыңыз, — деді ол үстіңгі қабатқа шыққан соң, мен сол жақтағы бөлімшеге қарай беттеп бара жатыр едім.

Үшеуміз дүкеннің пальто сатылатын бөліміне келіп тоқтадық.

— Бізге мына тұрған үшінші пальтоны көрсетіңізші, — деді ол дүкеншіге.

Қара көк қымбат шұғадан тігілген, 48-размерлі әйел пальтосы алдымызға келіп те қалды.

— Сіз алушы ма едіңіз? — дедім мен Қалияға бұрылып.

— Жоға… Оны қайтем?

Пальтоның кімге керек екенін енді аңғарғандай болдым.

Гүлсара жасы он алты- он жетілерге келсе де, сүйегі уақтау болатын. Асыр-тұсыр балалық мінезіне осы кішкентайлығы қосылып, оны көзге тіпті сәби етіп көрсететін. Сол титімдей Гүлсарамыздың біреуден аласа, біреуден биік, кәдімгі орта бойлы әйелге шақ 48-размер пальтоны таңдап тұрғаны күлкімді келтірді.

— Бұл саған үлкен ғой, Гүлсара, — дедім мен келіп қалған күлкімді кейінге сырып.

Әрі таңданудан, әрі ойланудан құр емес, күлімсіреген пішінмен, көзінің аясын үлкейте, ол маған сәл қадала қарап қалды да, артынан күліп жіберді.

— Маған үлкен екенін мен білмей тұр деп ойлайсыз ба?

Менің есіме сол арада апасы түсе кетті де. «Е, бұл соған алғалы жүр екен ғой, — деген ой келді. — Мені неменеге әкеліп жүр бұл?»

— Ал, апай, киіп көріңізші, — деді ол Қалияға айна алдына барып, — ағай, сіз де бері келіңіз.

Қалия пальтоны киіп, айна алдына барды. Гүлсара оны екі иығынан ұстап, біресе онға, біресе солға, біресе шыр айналдырып, артқа бұрып, біраз үңіліп шықты да маған:

— Ағай, кәне, сіз қараңызшы, — деді.

— Жақсы қонып тұр, — дедім мен.

— Жоқ, былай жақындап, сын көзіңізбен қараңызшы.

Мен «құр жақсымен» оңай құтылмасымды біліп, бірдеңе дегелі пальтодан мін іздеп, әлгідей емес, қадала қарадым. Гүлсараның өзі тәрізді, біресе түймесін ағыттым, біресе түймесін қайта салғызып, өзімше жіті- ақ қараған болып жатырмын. Бірақ қанша қарасам да, қаншама ақау іздеп көрсем де, пальтодан мін таба алмадым. Бітім тұлғасы келіссіздеу Қалия жеңгейдің өзіне де келбет беріп, дене құрылысын сұлуландырып, көзге бір түрлі әдемі етіп жіберген.

— Жоқ, Гүлсара, бұл мінсіз тігілген пальто!

— Апай, сіз не дейсіз?

— Жақсы-ақ, — деді Қалия жеңгей тамсанып.

— Жеңінің ұшын қалай дейсіз, осылай бүріп келтірген қонымды ма? Өңіріне, етегіне, беліне зейін аударыңызшы. Келісе ме?.. Белбеуі тым жалпақтау емес пе?..

— Жоқ, жоқ, маған бәрі де ұнап тұр, — деді Қалия пальтоны шешіп.

— Дегенмен, шын алатын болған соң өзіне кигізіп көрсеткенің жөн ғой, — дедім мен.

— Кімге кигіз дейсіз?

— Апайыңа деймін.

— Сіз соған алады ғой деп пе едіңіз?

— Енді қалай?..

— Сіздер алмайтын болдыңыздар ма? Олай болса, маған рұқсат етіңіздер, — деді бір жас әйел.

Ол әйел де пальтоны көп айналдырды. Оның да жанында біз сияқты «кеңесшілері» бар екен, бәрі жабыла қарап, «тамаша тігілген» деген түйінге келді.

— Маған чек жазып беріңізші, — деді әйел үстінен пальтоны шешпестен дүкеншіге барып.

«Ау, алатын біз емес пе едік, сен неге үндемей тұрсың» деген ишаратпен мен Гүлсараға қарадым. Ол менің мұнымды ұқпады ма қалай, екі көзін жаңағы әйелден алмай жаутаң-жаутаң қараумен болды.

— Гүлсара, сен неге үндемейсің, әлде алмайтын болдың ба? — дедім мен тықыршып.

— Біз шу баста-ақ алғалы келгеніміз жоқ қой…

— Олай болса, бізді неменеге ертіп келдің?

— Көрдіңіздер ғой, сынап беріңіздер деп әкелдім ғой.

— Ой, баламысың деген, сөйдеген де сөз болады екен-ау…

Менің бұл сөзіме орай жасаудың орнына:

— Сіз менің әнеукүні неге ренжігенімді білесіз бе? — деді ол дүкеннің есігінен шыға беріп…

— Сұрап ем, айтпадың ғой.

— Сонда да осындай бір пальтоның ылаңы болатын.

— Қалайша?

— Жұрттың бәрі киіп көріп ұнатпай: «Осыншама жақсы материалды келістіріп тіге алмай қор еткен. Қандай кешенің қолынан шықты екен?..» деп кейіп кеткен… Жанға бұл қалай батпасын!..

Манадан бері басқаша жорып, ұқпай қойсам, өз өнерінің ыстығына күйгеннен, суығына тоңғаннан туған жан құбылысы екен ғой, енді ғана ұққан жоқпын ба!..

— Жарайсың шеберім, — деп оны арқаға қақтым.

— Әрине, ол менің алғашқы ісім еді… Мен онда кел өнер училищесін жаңадан ғана бітірдім ғой. Көп нәрсені аңғара алмай қалыппын. Ал, соңғы тіккен пальтомда соның бәрін ескерген сияқтымын… Бәріңіз де ұнаттыңыздар ғой…

Менің көз алдыма дүкен ішінде қалған әдемі пальтолы әдемі әйел елестейді. Адамдарымыздың ішкі дүниесі қандай сұлу болса, сырт келбеті де сондай келісіп тұрғаны жақсы-ақ емес пе!.. Сондықтан да, тамаша адамдарымыздың киген киімі де тамаша болуы үшін, қызмет етуші осынау кішкентай көршімнің қарапайым өнерін, жүрек қылын шертер бұлбұл апасының шынайы өнерінен өз басым кем қадірлемеймін. Маған бұл да ыстық.

Мұқан Иманжанов

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<