Тобыл өңіріне тропикалық көбелектердің жылжымалы экспозициясы келді. Климаты ылғалды, ыстық аймақтарды мекендейтін қанаттылардың үйшігі арнайы құрылғымен жабдықталған. Оны инсектариум деп атайды екен. Оның ішінде кәдімгі ет жаятын ағашқа ұқсайтын бамбук таяқшасында жұлдызқұрттар ілініп тұр. Бұл жерде көбелектің қалай пайда болатынын көре аласыз. Мәселен, біздің көз алдымызда бір жұлдызқұрт жыбыр ете қалып, қанатын жайды.
Көрмеде көбелектің біздің елде кездесе қоймайтын 19 түрін тамашалауға болады.
– Мына көбелек аттакус атлас деп аталады. Әлемдегі ең ірі көбелектердің бірі, қанатын жайғанда ұзындығы 24 сантиметрге дейін жетеді. Көбелектер жаратылысынан аса нәзік. Алайда эволюциялық даму барысында олар да қорғануды үйрене бастады. Кейбір көбелектер улы болып келеді, енді біреулері құсша самғайды. Байқадыңыздар ма, аттакус атластың қанатында жыланның басына ұқсайтын қорғаныш белгісі бар. Өкінішке қарай, бұл көбелектердің өмірі өте қысқа. Аналығы 6 күн, ал аталығы 3-ақ күн өмір сүреді. Олар жұлдызқұрт кезінде жинаған азық қоры біткенше өмір сүреді. Ал енді мына көбелекті алтын құсқанат деп атайды. Бұлай аталуының себебі ол ұшқанда көбелекке қарағанда, құсқа көбірек ұқсайды. Жылдам көтеріліп, биікке самғайды. Бұл да қорғанудың бір түрі, – дейді көрме экскурсоводы.
Үндістанда аттакус атласты кәдімгідей қолда ұстап бағады екен. Көбелекшілер жәндіктің құртынан мықты түкті жібек мата алады. Мұны өздері фагар жібегі деп атайды. Ал тайваньдықтар көбелектің көлемді пілләсін әмиян ретінде пайдаланады.
Қостанай облысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<