Көне зергерлік бұйымдар көрмесі

5788

0

Облыстық тарихи-өл­ке­тану музейінің ұйым­дас­ты­р­­­­уы­­­­­мен көркем­сурет галерея­сында зергерлік бұйымдар көрмесі өтті. Көрмедегі көп бұйымның ішінен күмістен соққан әтірқұтыға көзім түсті. Бірден

– Жақұттың ақық ашады     шекарасын,

Киікте мүшкілән бар,

феруза тастан,

Інжілдің ғалым шешеді

шын мағынасын,

– деп келетін Ерімбет Көлдейбекұлының өлеңі ойға оралды. Ойлап қарасаңыз, мүшкілән – киіктің май бездерінен түзілетін ерекше қош иісті сұйықтық. Ертеде сол қоянның көз жасындай-ақ нәрсені жігіттің жігіті, нағыз саяткер серісі ғана жармай сойып алады екен. Сосын көңілі құлаған сұлуға тарту еткен. Қыз көркіне лайық сый әрі жігіттің сезімін білдіру жолы. Бір жәдігердің өзі ұлтымызда парфюмерияның да болғанын дәлелдеп тұр.

Көне зергерлік бұйымдар көрмесі

Көрмеде музей қорындағы екі мыңнан астам зергерлік бұйым­дардан іріктелген 130 жәдігер жұрт назарына ұсынылды. Кемер белдік, алқа, бойтұмар, сырға, біле­зік, бал­дақ, жүзік, қапсырма, шолпы, өңіржиек және тағы басқа бұйымдармен қатар қазақ ару­ларының кенепке түскен картиналары да іс-шара тағылымын тереңдете түсті.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырға тиесілі өнім­дерді жасау үшін ақық, көгілдік ақық, маржан, інжу сияқты асыл тастар көбірек қолданылған. Ел ішінен ертеректе жиналған жәдігерлер мұражай тарихымен бірге жасасып келеді. Бұйымдардың барлығының дерлік басты материалы – күміс. Мысалы қазақ аруларының гигеналық заттары топтастырылған композиция­да тарақтан бастап, омыраушаға тізіл­ген тіс шұқығыш пен тырнақ таза­лағышқа дейін күмістен соғылыпты.

Көне зергерлік бұйымдар көрмесі

Алғашында бұл заттар қарапайым етіп жасалып, қалтаға салып жүруге арналған. Кейін келе тіс шұқығыштың әйелдерге және ерлерге арналған түрлері жасала бастаған. Әйелдерге арналған тіс шұқығыштарға бірдей үлгіде жасалған құ­лақ тазалағыштарды бірік­тіріп, бір жиынтық етіп кеудеге тағатындықтан кеуде әшекейлерінің қатарына жат­қызған. Бұл бұйым­дардың бәрі әр отбасының жағ­дайына және дәулетіне сай жасалыпты. Әсіресе әйелдерге арналған тіс шұқығыштарға көз қондырылып, үзбеленіп, сіркеленіп өрнектермен бе­зен­діріліп жасалған. Ал ерлерге арналған тіс шұқы­ғыштар көбінесе қарапайым да­йындалып, қалтаға салып жүруге арналған.

– Мұндай тіс, құлақ таза­ла­ғыштардың күмістен жасалуы қазақ халқы күмістің өте табиғи және таза зат екенін ертеден біл­геніне дә­лел, – дейді музейдің реставрация жұмыстарына атсалысып жүрген зергер Бекзат Жақыпов. Демек тек әдемі әшекей ретінде ғана емес денсаулыққа пайдасын да ескеріп, қолданған.

– Күміс кір жинамайды. Зергерлердің сүйікті мате­риалы. Қазақ үшін қандай бұйымның болсын әсем­дігімен қатар қасиеті мен киесі де айрықша мәнге ие болған. Жаман нәрселерден қорғау қасиетіне, мәніне қарай қалыбы мен ою-өрнегі, жасалатын материалы да түрліше болады. Күмістің жылтылы мен түсі ежелден айдың жарығына баланды. Боз ғаламшар мен күміс бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл металды түнгі жарықтың бір бөлігі ретінде қабылдаған халқымыз оған түрліше құдіретті қасиет берген. Баланы шомылдырғанда суға күміс теңге мен сақина тас­тап, «Баланың күні күмістей жарық болсын» деуі тегіннен-тегін емес, – дейді шебер.

Қазақ әйелдерінің зер­герлік сәндік әшекей бұйым­дарының тағы бір тамаша үлгісі – бойтұмар. Ба­бала­рымыз ғасырлар бойы тұмар тағудың ғажап үлгісін жасаған. Көрмеде тұмардың тұмарша, қол­тықша, бой­тұмар сияқты бірнеше түрі қойылыпты. Облыстық му­зей­дің бөлім меңгерушісі Әйгерім Бекқұлы музей қорындағы жәдігерлерден тұмар­дың өзі бірнеше дәуірді басынан кешіргенін байқауға болатынын атап өтті.

– Ежелде тұмар ретінде өз тотемдерінің бір мүшесі не терісін таққан. Кейін мұсыл­мандықтың енуіне байланысты тұмарға Құраннан аяттар жазып салатын болған. Жаңғырту жұмыстары кезінде ескі тұмарлар қалпына кел­тіріліп, тазартылады. Сонда қазақ арулары таққан бойтұмарлардан құран аяттары шығып жатады. Ертеректе бірінің ішінен қыздың жігіттен алған хаты да табылған, – деді Ә.Бекқұлы.

Тұмардың қолтық тұмар аталатын көлемді әрі ерекше түрі асыл тас­тармен безен­діріліп, бетіне кавказ өрнегі салыныпты. Маржан тас­тармен безен­діріліп, бүршіктеу әдісі пай­даланылған. Алғаш көрге­німізде өте үлкен тұмарды қалай та­ғады деп таңғал­ғанбыз. Тарихын зерттей келе қол­тық тұмардың қызық аңыздарын білдік. Сондай аңыздың бірі былай өрбиді. Аспаннан жерге бір жұлдыз ағып түсіп, әдемі қызға айналады екен. Оны көрген балықшы жігіт маған тұрмысқа шықшы деп жалыныпты. Қыз егер мен ба­сымды жуған кезде маған қа­рамауға уәде етсең, келісемін, деп айтады екен. Жігіт уәдесінде тұрып, олар бақытты ғұмыр кешеді. Бір күні күйеуі әйелі басын жуып жатқанда қарап қояды. Сол кезде әйелінің жаны қолтығынан ұшып шығыпты. Осыдан кейін әйел жаны қолтығынан ұшып кет­песін деген сеніммен осы қолтық тұмар пайда болған деседі.

Көрмені тамашалап жүріп қазіргі қолөнер бұрынғы ше­берлердің өнерінен мүлде бөлек екенін еріксіз аңға­расың. Бүгінгілерін қазақ­тың ұлттық қолөнері деп айта да ал­майсың. Сапасы да, техникасы да мүлде басқа. Ұлттық өнер кәде­сыйлық деңгейге түскен бүгінгі за­манда екі ғасыр бұрынғы ел өмі­рін көз алдыңа келтірер мұндай жәді­герлер өз халқыңның өткеніне деген мақтаныш сезімін сыйлайды екен.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<