«Көңілім әнді ұғады» немесе Абайдың ән әлемі

3968

0

«Көңілім әнді ұғады» бұл Абайдың жүрекжарды өз сөзі. Осылай болуы да заңды. Себебі, ол кішкентай кезінен-ақ ән-жырға әуес болып өскен. Әжесі Зере, анасы Ұлжан басқа балалар сияқты ойын қуып кетпей, ән-жырға ерекше ықылас қоятын қарадомалақ баланың талабын сезіп, көкірек-көзін ашуға тырысқан.

Дастарқаны мол, Құнанбайдың анасы Зере мен екінші әйелі Ұлжан отырған қара шаңыраққа сөзге шешен, ән-жырға жүйрік қонақтар жиі келіп тұрған. Бала Абай әжесінің қасында отырып, небір кестелі сөздерді, ақын-жыраулардан нақилақаты мол жыр-дастандарын тыңдаған. Біз бұл мақалада Абайдың өлеңге жаңа нұсқа, жаңа леп әкелгенін немесе жаңаша қалам тербегенін жазып, қазақтың «тыңнан түрен тартқан» ақыны болғанына тоқталмаймыз. Терең ойшылдығын айтып, қара сөздері жайлы да сөз қозғағымыз жоқ. Мақсатымыз – композиторлық қырын ашып, көкейге қонымды, күні бүгінге дейін бізге рухани азық болып келе жатқан оның ән әлеміне еніп, музыкалық мұрасы жайлы айту… Артықтық етпес, әуелі қысқаша өмір дерегіне тоқтала кетейік:

Абай (азан шақырып қойған есімі – Ибраһим) 1845 жылы 10 тамызда қазіргі Абай облысы, Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келген. Ауыл молдасы Ғабитханнан бастапқы сауатын ашқан ол 1855-1858 жылдары Семей қаласындағы «Ахмет-Риза» медресесінде оқиды. Осында араб, парсы тілдерін меңгереді және қосымша приходская школадан білім алады. Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың, Толстойдың шығармаларымен танысады. Әкесі Құнанбай 13 жасар Абайды ел билігіне ерте араластыру үшін медреседегі оқуын аяқтатпай қайтарып алдырады. 15 жасында әйгілі Алшынбай бидің немересі Ділдәға үйлендіреді… 30 жасында өнерлі әрі сұлу 19 жасар Әйкеріммен бас қосады. Әйкерім Абайдың ең сүйікті жары болған. Ал үшінші әйелі Еркежанды інісі Оспан қайтыс болған соң, Еркежанның өз қалауымен әмеңгерлікке алады. Абай 1866-1868 жылдары, яғни 21 жасынан Күшікті-Тобықты руының болысы, ал 1872-1874 жылдары осы руларға екінші рет болыстық қызмет жасайды. Үшінші рет 1876-1878 жылдары болыстыққа лайық санап, ояз бен жандарал Абайды Көкше болысына отырғызады. Кейінірек «қара қылды қақ жарған» төбе би болып, 73 баптан тұратын заң нұсқасын әзірлеген. Әйгілі Мәшһүр Жүсіптің өзі арнайы келіп Абаймен пікірлесіп кетіп отырған. Енді тақырыбымызға оралайық: Абай – композитор. Заманынан оза туып, қазақты күллі әлемге танытқан ол біздің мақтап-мадақтауымызға мұқтаж емес, десе де кемеңгер тұлғаны оқып, танып-біліп, ақындығымен қоса оның композиторлығына ден қойсақ, әндерін сүйсіне тыңдасақ, тіпті айта білсек, ол ізгілік. Себебі, ол – әндерінің мәтінін де, музыкасын да өзі жазған аса талантты тұлға. Абай өлең-сөзге қандай жаңашыл түр-сипат әкелсе, ән жанрына да жаңалық, өзгеріс әкелген. Не жазса да, не шығарса да жүрегімен толғаған. Музыкалық сауат болмаған қазақ сахарасына Абай әндері ауызекі тарайды. Әуен-сазы мен мәтіні гармониялық үйлесім тауып, жүрек тербеген әсем әндері ел арасында зор қызығушылық тудырған… Абай 1875 жылы Әйкерімге үйленеді. (Шын есімі – Шүкіман) Әйкерім мықты әнші болған. Абай төңірегінде оның әндерін орындап, қазіргі тілмен айтсақ, насихаттайтын ансамбль болыпты. Көпбай, Мұха, Баймағанбет, Әлмағанбет және Абайдың өз балалары да өнерден құралақан болмаған. Әбдірахман скрипкада ойнаған… Абай 20-ға тарта ән шығараған. Қазақстанның халық артисі Жүсіпбек Елебеков жоғарыда атап кеткен шәкірттерінің бірі Әлмағанбет Қапсәлімұлының аузынан Абайдың 11 әнін үйреніп, алғаш елге таратады. Қазіргі орындалып жүрген Абай әндерінің көбісі – сол Жүсіпбек нұсқасы. Мұны Жүсекеңнің шәкірттері – Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов жалғастырған. Осы мақаланы баспаға әзірлеуде «алтын қорда» сақталған Абайдың кейбір әндерін Елебековтің содан соң Ешекеев пен Кәрменовтің орындауында кезек-кезек тыңдадым. Бір мәтін, бір нұсқа. Орындау шеберліктерінде ептеген айырмашылықтар болғанымен, түп сағасы бір. Керемет! Тыңдай бергің келеді…

Бір мақала көлемінде Абай әндерін толық қамту мүмкін емес екені түсінікті, сондықтан көптің аузында жүрген әндердің бірнешеуіне тоқталайық: Үйренуге оңай, айтуға жеңіл, кез келген кісінің орындап кетуіне қиындық тудырмайтын ең көп тараған әні – «Көзімнің қарасы». Сонау 1950 жылдары бұл әнді қазақ радиосынан алғаш орындағандар – ағайынды Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер еді. Осы туынды туралы Абайтанушылар төңірегінде бірнеше пікір бар. Әскери оқуды бітіріп, жырақта қызмет етіп жүрген, болашағынан зор үміт күткен сүйікті ұлы Әбдірахманды сағынғанда жазған алғашқы төрт шумақ – ғашықтық жырмен араласып кеткен дейді. Мұны айтушы Абайтанушы ғалымдар – Алмахан Мұхамедқалиқызы, Ықылас Ожайұлы. Олар ән әкенің балаға деген махаббаты мен сағынышынан туған деп дәлелдейді.

Сол 4 шумақ қазір «Көзімнің қарасы» әні болып орындалып жүр.

Абай бұл әнді 1891 жылы шығарыпты:

Көзімнің қарасы,

Көңлімнің санасы,

Бітпейді іштегі,

ғашықтық жарасы.

Қазақтың данасы,

Жасы үлкен ағасы.

Бар демес сендей бір,

Адамның баласы…

Жылайын, жырлайын,

Ағызып көз майын.

Айтуға келгенде,

Қалқама сөз дайын.

Жүректен қозғайын,

Әдептен озбайын.

Өзі де білмей ме,

Көп сөйлеп созбайын.

Ой елегінен өткізсек, шындығында қызға Абай бұлай жазбаса керек-ті. Әннің жазба түрде емес, ауызша таралуынан болған жаңсақтық шығар?! Көзі тірісінде Абайдың 3-ақ өлеңі баспа бетін көріпті. Егер «Көзімнің қарасы» өлеңін әрі қарай оқысақ:

Қара көз, имек қас,

Қараса жан тоймас.

Аузың бал, қызыл гүл,

Ақ тісің кір шалмас.

Қыр мұрын, қыпша бел,

Солқылдар соқса жел…

деп қазақтың сұлу бойжеткенінің портретін сөзбен суреттеп кете барады. Тақырыбымыз Абайдың әндері жайлы болғандықтан, біз өлең жолдарына емес, музыкасына көңіл бөлеміз. «Көзімнің қарасы» ырғақтық жағынан болсын, әуезділік жағынан болсын ойға оралымды, көңілге қонымды тез жатталады. Жоғарыда жазып кеткендей, бұл әнді Абайдың шәкірті Әлмағанбеттен үйреніп, алғаш елге таратқан Қазақстанның халық артисі Жүсіпбек Елебеков, сонан соң Жүсекеңнің шәкірттері Мәдениет Ешекеев пен Жәнібек Кәрменов болды. «Көзімнің қарасын» орындаушылар қазір де жетерлік. Жас та, жасамыс та, тіпті өзге ұлттың өкілдері де айтады. Ал, Әлібек Дінішевтің орындауында ән әрі әсем, әрі нақышты, тыңдаған құлақтың құрышын қандырады… Келесі тоқталар әніміз – «Айттым сәлем Қаламқас»:

Айттым сәлем, Қаламқас,

Саған құрбан мал мен бас.

Сағынғаннан сені ойлап,

келер көзден ыстық жас.

Сенен артық жан тумас,

Туса туар, артылмас.

Бір өзіңнен басқаға,

Ынтықтығым айтылмас.

Асыл адам айнымас,

Бір бетінен қайырылмас.

Көрмесем де, көрсем де,

Көңілім сенен айырылмас

Мәтін мен әуеннің өзара үйлесім тапқанын былай қойғанда, ішкі иірімінен жүректі тербеген ғашықтықтың ғаламатын сезінгендей боласың. Әннің шығу тарихына тоқталайық: Есіл өзенінің сағасынан мешіт салдырып жатқан сол кездегі қазақ байларының бірі Тана мырзаға қошемет білдіріп, құрылысын көріп қайтуға бір топ кісіні ертіп Құнанбай қажы аттанады. Қасында Абай да болады. Қадірлі қонақтарды Тана мырза ерекше құрметпен қарсы алған… Тананың қарындасы Тұржанға Абайдың көзі түседі. Қасы-көзі қиылған сұлу әрі өте сымбатты Тұржанды жеңгелері Қаламқас деп атап кеткен екен. Абай қызды бір көргеннен ұнатады. Қыз да кетәрі болмайды. Мұны сезген Құнанбай құда түсуді ойластырады. Жеме-жемге келген сәттің бірінде, дастарқанда емен-жарқын отырған қонақтардың құлағына сырттан: «Көзіңді ұрайын, қу соқыр» деп, түйесін балағаттаған адамның жағымсыз дауысы естіледі. (Құнанбайдың бір көзінің мүкісі болған ғой) «Мұны сен әдейі ұйымдастырдың» деп Тана мырзаны оқты көзімен атқан Құнанбай үй иесінің басалқы сөзін тыңдамай, сол ашумен орнынан тұрып кете барады. Бір-біріне шын ықыласы ауған екі жастың іңкәр сезімі осы бір ауыз сөзден ушығады… Содан ән туған ғой. Ән болғанда қандай?! Мұқият құлақ түріп, тыңдаған жанға «Көзімнің қарасы» мен «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері әуен-сазы жағынан бір-біріне ұқсас, екеуі де минорлық ладта жазылған. Бір айырмасы «Айттым сәлем, Қаламқас» сәл көтеріңкі, биіктеу орындалады… Бұл әнді дәстүрлі әншілер де, опера әншілері де орындап жүр. Бірін-бірі толықтырмаса, еш кемшілік таппайсың.

Абайдың шоқтығы биік тағы бір әні – «Желсіз түнде жарық ай». Жаз жайлаудың көркем табиғатын кестелі сөзбен көркемдеп бере отырып, Абай оны махаббат лирикасына ұштастырған және керемет сазбен өрнектеген. Табиғат сұлулығы мен инабатты екі жастың аулақта кездескендегі сезім толғаныстары жарасым тапқандай:

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп,

Ауылдың жаны – терең сай,

Тасыған өзен гүрілдіп.

Қалың ағаш жапырағы

сыбырласып өзді-өзі,

Көрінбей жердің топырағы,

Құлпырған жасыл жер жүзі, – дей келе, әннен әрі қарай қимас сезім мен қос жүректің лүпілін қапысыз аңғаруға болады. Оның үстіне жеңіл, кез келген музыкалық аспапқа салып қосыла кету қиындық келтірмейді… Әнді белгілі әншілер Ардақ Балажанова, Перизат Тұрарова жас әншілер Шұға Смайылқызы және домбыраға қосып Бек Нұрадинұлы мен Сырым Мұхамеджанов, т.б орындайды.

Қазақтың арғы-бергі тарихында қайталанбаған ерекше ән – «Сегіз аяқ». Өлеңнің құрылысы да, сазы да өзгеше. Бұл өлеңді Абай 1889 жылы жазыпты. «Сегіз аяқтың» әр шумағы 8 жолдан тұратын ұзақ өлең. Әр шумағы – насихат. Адамдыққа шақырып, пенделерді надандықтан алыстатқысы келеді. Қиыннан қиыстырады. Алмастай өткір сөзді нысанаға туралайды. Адам болмысының сара жолдарын көрсетеді. Өлеңнен ақындықтың философиялық ой тізбегін оқимыз. Мұхтар Әуезов: «Сегіз аяқ» – адам үшін саналы өмір сүрудің қағидасы» депті. Қысқа да нұсқа. Бұдан артық қандай баға болады?! Әнді композитор Ерзакович нотаға түсірген. Жүректі тербеген әннің үш шумағын жазып кетейік:

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған.

Қиядан шауып,

Қисынын тауып,

Тағына жетіп қайырған –

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең өзің біл,

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі

Өрнегін сендей сала алмас.

Білгенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар баһра ала алмас.

Қиналма бекер, тіл мен жақ,

Көңілсіз құлақ, ойға олақ…

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын.

Таласып босқа,

Жау болып досқа,

Қор болып, құрып барасың.

Өтірік шағым толды ғой,

Өкінер уақытың болды ғой…

Абай шығарған әндерін домбырамен орындап отырған. (Абай домбыра аспабын шебер меңгерген, күй де шығарған) «Сегіз аяқтың» екі нұсқасы бар. Екінші нұсқасын бүгіндері белгілі әнші Алтынай Жорабаева орындап жүр. Ұқсастығы да, айырмашылығы да байқалады. Көп айтылып, көп тыңдалып келе жатқаны бірінші нұсқасы. «Сегіз аяқты» жеріне жете орындаған әншілер – Мәдениет Ешекеев, Еркін Шүкіман және Ерлан Рысқали. Соңғы екеуінің қазір көзі тірі. Олардан үйреніп, айтып жатқан әншілер де жоқ емес… Композитордың бұл шығармасы тек домбыраға қосылып орындауға сұранып тұрады…

…Абайдың ойлы, дана тұлға болып өсіп келе жатқанын аңдаған інісі Оспан: «Сен мал-мүлікке алаңдама» деп, бар шаруаны өз мойнына алады. Шынжырбалақ, шұбартөс Құнанбайдың Оспаны өр кеуделі, өте қарулы, шаруаға икем адам екен. Абайдың үш мәрте болыстыққа сайлануына, кейін де төбе би болуына бір әке, бір шешеден туған Оспанның көмегі болғаны шындық… Құнанбайдың үшінші әйелі Айғыздан туған баласы Қалиолла 10 жасында Омбының кадет корпусына түсіп, каникулға келгенде Абайға орыс және басқа да шетел әдебиеттерін әкеліп беріп тұрған. Ал Нұрсейіт деген інісі сауатты, көркем әрі әдемі жазатын болған. Ол Абай өлеңдерін жазып, сақтап елге таратқан. Абайдың: «Атадан алтау, анадан төртеу» деуіне әкесі бір Қалиолла мен Нұрсейт те кіреді…

Абай өмір сүрген жылдарда Семей қаласында 100000 (жүз мың) халық тұрған. Осында үлкен кітапхана болған. Семейге саяси көзқарастары үшін жер аударылып келген орыс демократтары – Михаэлис, Долгополов заманынан асып туған Абайды танып-біледі. Орыс достарының және жоғарыда айтып кеткен Қалиолла інісінің арқасында Абай Толстойды, Пушкин мен Лермонтовты және Чернышевскийдің шығармаларын оқуға құлшына кіріседі.

Лермонтовтың Гетеден аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін тәржімалап, оған ән жазады. Абайды біршама зерттеген ғалым Мекемтас Мырзахметов осы ән туралы: «Атақты Баукең, Бауыржан Момышұлының  Гете, Лермонтов, Абай нұсқаларын талдай келе, Абайға 5 деген баға қойдым» дегенін айтады. Абай өлеңді еркін аударған, қазақша сөйлете отырып, оған ән-романс шығарған ғой. Міне, Абайдың артықшылығы осында деп білсек керек.

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт, дел-сал ғып,

Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жол-дағы

Сілкіне алмас жапырақ.

Тыншығарсың сен-дағы,

Сабыр қылсаң азырақ.

Осы ән-романсты фортопиано аспабының сүйемелдеуімен айтулы әнші Жұбаныш Жексенұлы орындаса, гитара аспабымен жас әнші Айбар Қайырханов айтып жүр.

Пушкиннің өлеңмен жазған 8 тарау «Евгений Онегин» романын талдап оқыған Абай сондағы Татьянаның Онегинге жазған хатын аударады және оған ән шығарады. Мұхтар Әуезовтің пайымдауынша, «Татьянаның хаты» әні 1887-1889 жылдары қазақ сахарасына бірден-бірге тез таралған. Әншілер орындап, қазір тыңдалып жүргені аударманың төрт шумағы ғана:

Тәңір қосқан жар едің сен,

Жар ете алмай кетіп ең.

Сол кезімде бала едім мен,

Аямасқа бекіп ең.

Талақ етіп бұл ғаламды,

Болды мәлім кеткенің,

Кінәсі жоқ жас адамды

Қатты соққан не еткенің?

Елжіреген жас емес пе ем?

Еппен айтсаң жұбатып.

Мен ғашыққа мас емес пе ем?

Кетсең еді ұзатып.

Сен жаралы жолбарыс ең,

Мен киіктің лағы ем.

Тірі қалдым, өлмей әрең,

Қатты батты тырнағың.

Бұл – жолма-жол емес, Абайдың тереңдігімен аударылған аударма… Шағын деревньядағы өмірден озған атасының мұрагері ретінде Петербургтен арнайы келіп осында аз-кем тұрақтаған Онегинге әлі кәмелет жасқа жете қоймаған Татьяна ессіз ғашық болады. Мұнысын Евгений елей қоймайды… Махаббат дертіне шалдыққан бейкүнә, жас арудың жүрек сырын Абай аудармасы мен музыкалық шығармасында шебер үйлестірген… Айтпақшы, романда кейінірек Татьяна орыстың генерал шеніндегі князіне тұрмысқа шығады. Біршама жылдардан соң, үлкен қалада ақсүйектердің бір балында кездесіп, Онегин Татьянаның аяғына жығылып кешірім сұрайды. Өзінің сүйетінін айтып 3 рет хат жазады, бірақ бәрі кеш еді…

А.С.Пушкин Татьянаның аузына Онегинге мынадай жауап салады:

Я вас люблю

(К чему лукавить?),

Но, я другому отдана

Буду ему век верна.

…Абайдың сүйікті жары Әйкерімнің әнші болғанын жоғарыда айтқанбыз. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында «Татьянаның хаты» әніне ерекше тоқталып, Абай мен Әйкерімнің арасында салқындық туған бір кездері осы ән арқылы түсінісіп кеткендерін жазады… «Татьянаның хаты» Абай ән әлемінің биігінде тұр. Затаевич оны былайша бағалайды: «Татьянаның хаты» – музыкалық жағынан автордың сәтті шыққан туындысы». Бүгіндері бұл әнді орындаушылар көп. Солардың қатарына белгілі дәстүрлі әншілер Сәуле Жанпейісованы, Ардақ Исатаеваны, Перизат Тұрарованы атап кетуге болады (Үшеуі де домбыраға қосылып керемет орындайды). Жас орындаушылар да баршылық. Олар Әсел Мадекешова, Сымбат Тасбергенова…

Абайдың қазіргі кезде сирек орындалатын әндері де бар. Мысалы, «Бойы бұлғаң» әні.

Бұл шығармасы «Сегіз аяқ» әнімен үндес, сабақтас. Сөзіне назар салайық:

Бойы бұлғаң,

Сөзі жылмаң

Кімді көрсем мен сонан

Бетті бастым,

Қатты састым,

Тұра қаштым жалма-жан

Өз ойында,

Тұл бойында

Талабы жоқ пендесің

Түзде мырзаң

Үйде тыржаң

Сөзі қылжаң еркесің…

…1918 жылдан бастап Мұхтар Әуезовтің қолға алуымен Абай әндері жинастырылып, нотаға түсіріле бастаған.1945 жылы «Қазақфильм» киностудиясы «Абай әндері» атты кинофильм шығарған. Ахмет Жұбанов Латиф Хамидимен бірлесіп «Абай» операсын жазады. Ұлы ақынның өлеңіне ән жазған композиторлар да бар. Айтар болсақ, аса дарынды композитор Әбілахат Еспаев «Өзгеге көңілім тоярсың» өлеңіне әдемі ән жазды.

Өзгеге, көңілім, тоярсың,

Өлеңді қайтіп қоярсың?

Он айтқанда толғанып,

Іштегі дертті жоярсың, – деп басталатын ән тыңдармандарын тәнті етті. Композитор Ғазиза Жұбанова Ұлы ақынның «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңіне хорға арнап музыка жазды. Сондай-ақ күйші-композитор Секен Тұрысбек ұлы ақынның «Мен бір жұмбақ адаммын» өлеңіне, композитор Тұрсынжан Шапай «Есіңде бар ма жас күнің» өлеңіне, композитор Сыдық Мұхамеджанов «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңіне ән жазған. Бұл әндер арагідік болса да орындалып жүр. Абайды зерттеп, «Абай жолы» эпопеясы арқылы оны дүние жүзіне танытқан Мұхтар Әуезов екені әмбеге аян. Өзі де Абай арқылы әлемге атын жайды. Бірақ Мұхаңның: «Абай терең мұхит ғой, мен одан шөміштеп ғана алдым» деуіне қарағанда ұлы адамның мұрасы толық қамтылмағаны анық… Өмірінің соңғы 11 жылын Абай «Жидебайда» өзі салдырған 8 бөлмелі үйде әйелі Еркежанмен бірге өткізеді. Абайтанушылардың айтуынша, шығармаларының басым бөлігі осы «Жидебайда» жазылған сыңайлы. Ұлы Абай:

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын,

оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым,

кінә қойма! –

деп кейінгі ұрпаққа өз ғұмырын жария ете отырып, оқырманның таным таразысына салмақ салып кетіпті…

Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты кітабында: «Абай әндерінің мелодиясы, ырғағы, формасы өзіне дейінгі қазақ әндеріне ұқсамайды.

Оның бірінші себебі – өзінің меншікті өлеңі болды. Абай музыка шығаруға өлең арқылы келді. Екінші – музыка шығаруда халықтың бай музыка интонациясын жақсы білді.

Үшінші – басқалардан айырмашылығы ол орыстың халық музыкасын, әндері мен романстарын тыңдаған. Төртіншіден – төңірегіндегі әншілер Абай әндерін ықыласпен үйреніп, ел арасына орындап кеткен» деп жазады.

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты М.Ахметова: «Абай – халық жүрегіне жол тапқан әсем әндер шығарып, қазақ ән өнерін жаңа белеске көтерген ұлы композитор. Абай әндері өзінің жаңашылдығымен, соны нақыш-ырғақтарымен ерекшеленіп, ән өнерінің інжу-маржанына айналды» дейді. Расында солай, екі ғасыр алмасса да, Абай әндері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Әлі де жалғаса берері сөзсіз.

Темірбек ЕСЖАНОВ,

 ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі