Корей халқының тәуелсіздігі үшін күрескен Хон Бом До 1868 жылы Пхеньян маңында кедей отбасында дүниеге келген. Ол 8 жасында жетім қалып, 15 жасқа дейін ағасының қарауында болған. Кейін жаяу әскерде сигналист болып қызмет етіп, одан соң қағаз фабрикасында жұмыс істеген.
1907-1910 жылдары таулы аймақтың аңшыларынан партизандар отрядын құрған Хон Бом До Әділет армиясының (Ыйбён) қатарында жапон отаршыларына қарсы қарулы күрес бастаған. Жау гарнизондарын батыл шабуылдаған ол Манчжурияда (Қытай) 1910 жылдан бастап жапондарға қарсы әрекет еткен «Тоннипкун» армиясын құрған. Кейін Кеңестік Қиыр Шығыстағы азамат соғысына қатысып, Ленинмен кездесіп, қызыл партизандар қатарына қосылды. Азамат соғысынан кейін Хон Бом До КСРО-да қалып, коммунистік партияға өтті.
1937 жылдың жазында жапон әскерлері Қытайға басып кірді. Сол кезде Корея Жапон империясының құрамында болғандықтан, Сталиннің шешімімен Қиыр Шығыстағы корейлер Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдеріне жер аударылды. 172 мыңға жуық этникалық корейлер Оңтүстік Қазақстан облысына, Арал теңізі, Балқаш маңындағы аудандар мен қазіргі Өзбекстан аумағына келді. Көп бөлігі Сыр өңіріне күштеп қоныстандырылып, күріш өсіруді өркендету жұмыстарына тартылды.
Депортацияланғандар қатарында болған Хон Бом До Қызылорда қаласындағы корей театрында от жағушы әрі күзетші болып жұмыс істеген. Ол өзінің ерлік жолын жұртқа айтып, тұрмыстағы қиындықтары мен әділетсіздіктерге шағымданбай, томаға тұйық ғұмыр кешкен. Уақыт өте театр актерларының бірі батырдың өмірі, ерлік істері туралы кездейсоқ білген. Осылайша Хон Бом До қайтыс болардан бір жыл бұрын, 1942 жылы аты аңызға айналған генерал туралы пьеса сахналанды.
Айналасын қарапайымдылығымен тәнті еткен ол 1943 жылы дүниеден озды. Алғашында шет аймақтағы қалың қамыс арасындағы қорымға жерленген батыр туралы өмір бойы партизан болып, партизан сияқты жерленді деп айтып жүрді. Кейін, тәуелсіздік жылдары Хон Бом До қоры құрылып, мемориал орнатылды. Жергілікті билік генералды қайта жерлеуге арнайы орын бөлді.
Бүгінде Хон Бом До мемориалдық кешені Қызылорданың «Ақмешіт» шағын ауданындағы қалалық ескі зиратта орналасқан. Сондай-ақ, мұнда корей халқының тағы бір батыры – Ге Бон Удың ескерткіші бар, оның сүйегі 2019 жылы отанында қайта жерленген. Қос батырға Қызылордадан көше аттары берілген. Қазақстан корейлері қауымдастығының Қызылорда облыстық филиалының мүшесі Денис Пак Оңтүстік Корея билігі мемориалды сақтауға қаражат бөліп отырғанын айтты. Республикалық ассоциация мен жергілікті корейлер батырдың сүйегін Кореяға жеткізу туралы ұсынысты қолдаған.
– Ге Бон У сияқты, генерал Хон Бом До да корей батырларының ұлттық пантеонында жай табады. Ал, мемориал қараусыз қалмайды, Оңтүстік Корея оны абаттандырып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – дейді Денис Пак.
Хон Бом До Оңтүстік Кореяда ғана емес, Солтүстік Кореяда да халық батыры саналады. «Бомминрён» корейлердің халықаралық қоғамдық ұйымдар одағы Қазақстан Президентінің атына хатты жариялады. Онда КХДР батырдың мәйітін беру туралы өтініш білдірілген. Хон Бом До кезінде Корея әлі екіге бөлінбей тұрған уақытта, бір елдің бостандығы үшін күрескен. Дегенмен, Корей Халықтық-Демократиялық Республикасынан Хон Бом До мәйітін қайтаруға қатысты ресми сауалдар түспеген. Айта кету керек, Қазақстан мен КХДР арасында дипломатиялық қарым-қатынас болмағанына қарамастан, КХДР-мен Қазақстан корейлерінің қауымдастығы өз деңгейінде жұмыс жасайды.
Мемлекетаралық деңгейде Хон Бом До денесін Кореяға қайтару туралы келісім жасалған. Соңғы бірнеше жылда Қазақстан корейлерінің қауымдастығына осы мәселе бойынша Оңтүстік Корея тарапынан, атап айтқанда, Қазақстандағы Корея Республикасының Елшілігі мен Бас консульдығынан ресми өтініштер көп түскен. Мүрдесі отанына оралғаннан кейін Қызылордадағы Хон Бом До мемориалы коммуналдық меншікке өтіп, Оңтүстік Корея техникалық қызмет көрсету шығындарын бөлуге ниетті.
Қазақстан корейлерінің қауымдастығы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияға Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доны ақтау туралы өтінішпен ресми хат жолдаған. Генерал Хон Бом До – бүкіл корей халқының қаһарманы. Ол – корей халқын бірлікке бастайтын, өмір жолы Корей түбегіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуда үлгі боларлық тұлға. Өмірінің соңында Қызылордада театрда от жағушы әрі күзетші болып жұмыс істеген ол 75 жасында өмірден озды.
Аймақта жауынгер интернационалист Хон Бом Доның есімін ұлықтау шаралары өткізіліп тұрады. Айталық, Корей халқының даңқты батырының туғанына 150 жыл толуына орай 2018 жылы тарихи-танымдық конференция болды. Тағылымды шараға Корея Республикасынан арнайы делегация келіп қатысты. Батырдың сүйегін тарихи отанына қайтару шаралары былтыр, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кореяға сапары кезінде жоспарланған. Акция коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдырылды.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<