Мәңгілік мұра

248

0

Қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай шығармаларын там-тұмдап болса да зерттеу, мұрасын бағалау жайы Қазан төңкерісіне дейін басталғаны мәлім. Содан беріде данышпан ақынның мұрасы үздіксіз зерттеліп келеді.

Бүгін қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы, философ, сазгер, саяси қайраткер Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 1909 жылы Петерборда басылған жинағы Сыр өңіріне қалай жеткені және 1933 жылы жарық көрген тұңғыш толық жинағының Қызылорда қаласындағы баспаханадан басылып шыққаны туралы айтпақпыз. 

Абайтанушы ғалымдар халықтың көкейкесті арманын жырлаған ұлы ақынның көзі тірісінде кейбір шығармаларын өз атынан жарияламағанын, біреудің атынан, кейде тіпті аты аталмай-ақ, халықтық шығарма ретінде бірден-бірге көшу арқылы таралғанын айтады.

Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын жинақтап, бастыру ісімен ұлы ақын дүниеден озған соң інісі Кәкітай мен баласы Тұрағұл айналысады. Ақын көзі тірісінде шығармаларын кітап түрінде жинақтамағаны мәлім. Өлеңдері ел аузында жатталып, ал қолжазбалары толық сақталмаған. Сондықтан да ақын мұрасын жинақтау ісінде көптеген қиындық туындаған.

Кәкітай мен Тұрағұл Құнанбаевтарға ұлы ақынның қолжазбасын жинақтап, баспаға дайындауды тапсырған адам Әлихан Бөкейханов болатын. Әлиханның ақылымен ақын ұрпақтары – Кәкітай мен Тұрағұл 1905 жылы жазға салым өлеңдер мен қара сөздерді түгендей бастайды. Олар Абай мұрасын ел ішінен тірнектеп жинап, тапқандарын қағаз бетіне түсіруді Мүрсейіт молдаға тапсырады. Мүрсейіт – Абай ауылында бала оқытқан, ақынның тапсыруымен кейінгі жылдары өлеңдерін жазып алып отырған адам.

Айта кетейік, Мүрсейіт бұған дейін де өлеңдерге сұрау салған адамдарға көшіріп беріп отырған. Абайтанушы ғалымдардың айтуынша, Мүрсейіт қолжазбалары – халықты ақын шығармашылығымен таныстыратын негізгі нұсқа. Бұл маңызды шаруа 1904 жылдан басталып, 4-5 жылға созылады. Ақыры, асыл қазына 1909 жылы Петербор қаласында Ильяс Бораганский баспаханасынан басылып шығады. Бұл қазақ даласы үшін маңызы үлкен оқиға болды. Ұлы ақынның асыл ойлары мен толғаныстарының, ізгі жаны тебіренуінің аса бір қымбатты нәтижесіндей болған кітап тарихи тұрғыдан қарағанда қазақ халқының рухани мәдениетінің жиынтығы еді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өз мақаласында: «Абай сөздері дүниада қалғаны – қазаққа зор бақ» деп жазған еді. Енді Петербор баспаханасынан Кәкітай мен Тұрағұл Құнанбаевтар шығарған ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы Сыр бойына қашан және қалай келді, оны кім алдырды деген сауалға келейік. Көрнекті ғалым Әуелбек Қоңыратбаев: «Қалжан Қоңыратбаев 1909 жылы Тұрағұл мен Кәкітайға хат жазып, Петерборда басылған Абай жинағының 200 данасын Сыр еліне алдыртады. Өзі де Абай поэзиясының әсерімен өлеңдер жазып, жариялайды» деп жазады «Керуен» атты естелік кітабында.

Сөз соңында М.Әуезовтің басшылығымен жарыққа шыққан ұлы ақынның тұңғыш толық жинағының Қызылорда қаласындағы баспаханадан басылып шыққанын атап өткіміз келеді. Иә, қазақ жұртында жаппай ашаршылық болып жатқан қиын-қыстау кезеңде М.Әуезов пен І.Жансүгіровтің құрастыруымен Абайдың тұңғыш толық жинағы 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан.

Абай шығармаларының бұған дейінгі үш басылымы (1909 жылғы Петербор, 1922 жылғы Ташкент және Қазан басылымдары) тыс жердегі баспаханаларда жарық көрген еді. Демек, Абай шығармаларының 1933 жылғы Қызылорда қаласында басылуы қазақтың өз жеріндегі өз баспаханасынан алғаш шыққан кітабы ретінде тарихтан алар орны бар.

Е.ДӘУІР