Мақпалкөлден шыққан атымтай

3889

3

Кенжебай ағаны көптен білемін. Сөзіне ісі сай орнықты жігіт ағасы. Өмірден түйгені көп. Елдің жанашыры, қамқоршысы, ел-жұртына тигізген ізгілігін ашық айтпайды, тіпті жарнамаламайды. Кейде мұның сыры неде екен деп ойлаймын. Бґлкім тектілігінен шығар… Қалай болғанда да Кенжекеңнің халықтың ойынан шығатындай қадау-қадау қамқорлық шараларын жасауы ерлікке пара-пар іс десе де болады. Әсіресе, бүгінгідей таршылық кезеңде оның құндылығы барлығынан да бағалы. Ал Кенжебек ағам мұны жай ғана өзімнің міндетті парызым деп түсінеді.

Кенжекең «Өзімнің кіндік қаным тамып, құмында асыр салып ойнап өскен туған ауылым Мақпалкөлдің 2015 жылы босанған барлық әйеліне ақшалай көмек жасаймын. Сөйтіп, бір ауылдың көлемінде демографиялық ахуалды жөндеуге үлес қосамын» деген шешімге келген.

Дертке шалдыққан қаншама жан­ның сауабын алып, ұрпақ санын көбейту жолында ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген халық емшісі Кенжебай Тоғызбайұлының арғы аталары қасиет қонған жандар еді.

«Әкем анамнан 30 жас үлкен болатын. 1954 жылдың сәуір айының басында өмірден өтті. Кеңес үкіметі заманында бақсы-балгер, молдаларды жаппай қырып-жойып, абақтыға жауып, итжеккенге айдаған. Әкем 63 жасқа келгенде 1950 жылы мен дүниеге келдім. Соңында қалған ұлдан жалғызбын. Бабалардан келе жатқан асыл қасиет маған 16 жасымнан келе бастады.

1989 жылы наурыз айының аяғында Алматыда Қазақ ССР Ғылым академиясының ұйымдастыруымен Қазақстанның түкпір-түкпірінен жи­­­налған 22 емші екі апта бойы науқастарды емдедік. Арнайы құ­рылған комиссия біздің қабілет­терімізді бақылап отырды. Нәти­жесінде, сол талапкерлер арасынан оза шығу бұйырды дейді ол.

Кенжебай Тоғызбайұлы Мақ­палкөл ауылында 2015 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны арасында босанған барлық аналарға ақшалай сыйлық табыс етті. Ауылдың мәдениет үйінде, онан кейін мектеп залында ұйымдастырылған іс-шараларға ауыл ақсақалдары, көпбалалы аналар және мектеп оқушылары қатысты. Сол жылы ауылда босанған 43 анаға 1 000 000 теңге қаржылай көмек көрсетіп, көпшіліктің алғысына ие болды.

«Менің мақсатым – дүниеге ұрпақ әкелген аналарға көмектесу. Елімізде байлығы жағынан мені он, жүз есе орап алатындар бар. Менің осы іс-әрекетімнен кейін олар да еліміздегі демографиялық ахуалды дұрыстауға өз үлестерін қосса деймін, алтын құрсақты аналарға қаржылай көмек көрсетсе екен» дейді Кенжекең.

Шынында да бұл дегеніміз – елімізде бала тууды ынталандырып, оң демографиялық өзгерістерге алып келетін игі бастамалардың бір бөлігі болып саналады. Кез келген елдің экономикалық дамуының құрамдас бөлігі – адам факторы. Адам факторы, адам санының көбею – Қазақстан үшін стратегиялық мақсат екенін ескере отырып, осы бағытқа баса назар аударып, ұрпақ санын көбейтуге сеп болатын жаңа идеялар мен маңызды жобаларды халық арасында жиі ұйымдастырып отыру қажет. Ол үшін халқымыздың әлеуметтік жағдайын, оның ішінде, өмірге ұрпақ әкелетін аналар мен балалардың жағдайын жақсартуға күш салу маңызды. Мұндай Ұлттық маңызы зор жобаларды орындауға мемлекеттік қаржымен қоса, жеке кәсіпкерлердің де капиталын тарту қажет. Қазір мемлекетіміз көпбалалы аналарға қолдау жасап, көмек көрсетуде.

Кенжебай Тоғызбайұлы былтыр өзінің туған ауылы Мақпалкөлдегі көптен бері ашық-шашық жатқан қорымның сыртын өз қаражатына қоршап берді. Қаладан қажетті материалдар апарып, ұзындығы 1,5 шақырым болатын қорым айналасына іргетас құйылып, қаңылтыр темірлер орнатылды. Сөйтіп, күнде ауыл малы кіріп кететін мәңгілік мекенді тап-тұйнақтай етіп берді.

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Қазір қан майданда шайқасқан соғыс ардагерлері сау­сақпен санарлықтай қалды ғой. Облыстағы ардагерлердің әрқай­сы­сына өз қаражатымнан 75 мың теңгеден беріп, өзімнің перзенттік борышымды орындасам» деді. Облыс бойынша арамызда қалғаны 16 ардагер (өкінішке қарай, мереке қарсаңында Жаңақорған ауданындағы ардагер дүниеден озды) екен, оның 8-і Қызылорда қаласында, 8-і аудандарда тұрады. Аудандағы соғыс ардагерлерінің есеп карточкаларына 75 мыңнан қаражат аударып, қаладағы ардагерлерге «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы басшыларымен кіріп, құттықтап шықтық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесімен құттықтауында «Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Отан­дастарымыз майдан даласында ер­лікпен шайқасып, олардың жартысынан жуығы елге қайтып оралмады. Жауынгерлеріміздің батырлығы мен қайтпас қайсарлығы жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға мүмкіндік берді… Аға буынның теңдессіз ерлігін құрметтеп, зұлмат соғыстың зардаптарын ұмытпау – біздің қастерлі борышымыз» – деп атап көрсеткен болатын. 

Кенжекең ұрпақ алдындағы қасиетті борышын орындап келе­тініне өзін бақытты санайды.

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,

Халықаралық ақпараттандыру

академиясының академигі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<