Мұхитта жүзген қалалар

1458

0

Коронавирус жайлы алғашқы кездегі жаңалықтар қатарында жолаушыларының кейбіреулері қауіпті инфекцияны жұқтыруы себепті алып круиздік лайнерлердің біршама уақыт карантинге тоқтағанын естіп білген болатынбыз. Сол кезде жолаушылардың арасында қазақстандықтардың да болғанын білдік. Бір қуанарлығы олар қауіпті дертке шалдықпай, үйлеріне аман-есен оралды. Шынын айтқанда, осындай алып кемелермен саяхатқа біздің еліміздің адамдары да шығып тұратынын естіп, ішіміз жылып қалды. Біздің отандастарымыз да осындай игіліктерді көре бергені дұрыс. Ол тек шіріген байлардың ғана баратын жері деген пікір қалыптаспауы керек. Тұрақты жұмыс істеп, жақсы жалақы алып жүрген адамдар да қаласа бұған қол жеткізе алады. Қазіргі күні әлемді жайлаған вирусқа байланысты мұндай саяхаттар саябырсып тұрғаны белгілі. Дегенмен, бұл қиындықтар да кетер. Сол кезде мұхит кезген алып лайнерлер қайта сапарға шығады. Саяхатқа шыққан жолаушылар қатарында Қазақ елі тұрғындары да болғанын қалаймыз. Төменде суда жүзетін қала саналатын осындай кемелерге қатысты кейбір қызықты деректерді ұсынып отырмыз.

Жыл сайын круиздік кемелермен 25 млн-дай адам саяхаттарға шығады екен. Олардың көбісі бұрын теңізбен саяхатқа шықпаған адамдар. Мұнда кемінде 3500 және одан да көп жолаушы бірнеше күн демалысын өткізеді, ұйықтайды, тамақ ішеді, түрлі қызықтарды тамашалайды, кеме аялдаған қалаларға экскурсияға шығады.

Алып кемелер экипаждары олар үшін тамақ дайындап, комфортты жағдай жасап, медициналық қажеттіліктерін ескеріп, сонымен қатар тәуліктің 24 сағат бойы көңіл күйін көтеруге жұмыс істейді. Атақты круиздік лайнерлерде жұмыс үйлесімді жүйелі түрде жүргізіледі деген ой қалыптасқан. Дегенмен, круиздік кемелер тіршілігінде бірнеше таңқаларлық жағдайдардың бар екенін біліп отырған дұрыс.


1. Команда мүшелері өздері ғана білетін құпия сөздер коды бар.

Жолаушылар құрамы шамамен 60-70 шақты түрлі ұлттардан құралатын болғандықтан экипаж мүшелері бір бірімен байланыс үшін арнайы код ойлап тапқан. Мысалы «Адам» деген код баланың жоғалып кеткенін білдірсе, «Браво» сөзі палубада өрт шыққанын түсіндіреді. «Жұлдыз» немесе «Жарық жұлдыз операциясы» деген кодтар біреудің қайтыс болғанын жеткізеді. Ал «Дельта» деген код кеменің бір жерінен ақау шыққанын білдіреді. Тағы да басқа көптеген кодттар экипаж бөлімдері арасындағы байланыстар үшін қолданылады.


2. Бортта мәйітхана бар

 Әрине, кеме бортында адам қайтыс болса, ол қайғылы жағдай. Кемемен болатын круиздік саяхаттарға шығуға қызығатындар арасында  жасы келген кісілер аз емес. Бірақ сапар барысында олардың арасынан о дүниеге атанып кететіндер болмай қалмайды. Экстремалдық жағдайларда жаралы болған немесе ауырған адамды тікұшақпен алып кетеді. Кеме жағалаудан алыста болса мәйіттерді палубаның астында орналасқан мұзханаға портқа жеткенге дейінгі уақытқа орналастырады.


3. Экипаж пираттардан қорғана алады

Мұндай уақиғаның бола қоюы екіталай, дегенмен корабль жолын пираттар кесетін болса, экипаж тойтарыс беруге әркез дайын. Көп жағдайда қуатты двигательдері бар алып кеме пираттардың шағын кемесінен озып кетеді. Болмаса, барлық экипаж мүшелері жолаушыларды қауіпсіз орындарға орналастырып, үлкен водометтерді қолдануға кіріседі. Водомет атқылаған су пираттардың кемелерін аударып тастайды немесе суға батырып жібере алады. Бұл көбінесе адам өліміне әкеп соқпайды, дегенмен өте тиімді тәсіл. Кейде дыбыстық қаруды қолданады. Африка жағалауында бір круиздік кеме қорғаныстың осы түрін қолданып, пираттардан аман құтылған.


4. Круиз кереметтері

Мұхитта жүзген қалалар

Круиздік пакеттердің тартымдылығы көптеген жанға жайлы қызметтерді ұсынуымен ерекшеленеді. Оның ішінде тегін сусын, швед столы, Вегас стиліндегі шоу, жағалаудағы экскурсиялар және қолайлы бағадағы 5 жұлдыздық деңгейдегі жатын орындар. Бір қарағанда жанармай, қызметкерлер жалақысы, қысқасы судағы қаланы жұмыс жағдайында ұстап тұру үшін қажетті барлық шығындар мен салық төлемдерін есептегенде круиздік компанияның пайдасына шешілмейтін сияқты болып көрінеді. Бірақ, бір нәрсені ескерген дұрыс. Корабльге кететін шығын кеме бортында 100 немесе 1000 адам болғаннан өзгермейді. Сол экипаж жұмыс істей береді, сондай жаңармай жұмсалады. Сондықтан круиздік билет бағасы адамдарды көп жинауға негізделген.

Әрбір жолаушының круизде жұмсаған 1500 долларының 500 доллары кеме сапарға шыққаннан кейін жұмсалатын ақша. Ол палубадағы арнайы ресторандардағы ішімдікке, казинода, СПА-процедураларына, кәдесыйларға жұмсалатын қаржы. Круиздік желілердің табатын пайдасының 30% жолаушылардың бортта жұмсайтын ақшасынан түсетін көрінеді. 2019 жылы Carnival круиздік желісі бортағы қызметтер есебінен 6,3 млрд доллар табыс тапқанын мәлімдеді. Жаман емес, әрине.


5. Қалдықты теңізге тастайды

Барлық қоқыстар мен қалдықтарды қайда жібереді?  Круиздік лайнерде болған әрбір жолаушы ерте ме, кеш пе өзіне осы сұрақты қоятыны рас. Түскі астан кейін ресторандар мен швед столдарында демалушылардың тауыспай кеткен тамақ қалдықтары үйіліп қалады. Бір круиздік лайнерден бір тәулікте 6500 келідей «ылғалды қалдықтар» пайда болады. Ол қайда кетеді? Өзіңіз де түсініп тұрған боларсыз. Әрине, мұхитқа. Круиздік лайнерлер бортта сақталатын қалдықтардың көлемін кішірейте алатын қондырғылармен жарақталған. Өртеуге болатын қалдықтар өртеліп, оның күлі келесі портқа дейін сақталады.

Ал тамақ қалдықтары өңделіп, тазартылып, майдаланады. Содан кейін мұхитты мекен етушілерге тамақ ретінде тасталады. Бір күнде 7 тоннадай тамақ қалдықтары тасталатын болғандықтан лайнерлер маңы кит, дельфин, акула және басқалардың үйірсектейтін аумағына айналған.

 Өкінішке орай осы алып кемелер сарқынды суларын да мұхитқа тастайды. Бұған тиісті ұйымдар назар аударуы тиіс.



6. Ішімдік ішкен матростар

Лайнердің ұжым мүшелерінің палуба астындағы өмірінен хабардар ете кетейік. Олардың көңіл көтерістеріне кейде бассейндер мен барларда демалысын өткізіп жатқан жолаушылар ілесе алмай қалатыны бар. Әрине, олар жылдың 6-9 айын үйлерінен жырақта өткізетін болғандықтан, үйдегіден тіптен басқаша өмір сүреді. Олардың өзі мұны мойындайды. Сәл демалып алатын мүмкіндік туып жатса, бірден ішімдік ішуге ұмтылады. Ұжым мүшелеріне арналған бөлек бар жұмыс істейді. Егер де палубадағы бардағы коктейль бағасы 10 доллар болса, қызметкерлерге арналған барда бар болғаны 1,5 доллар. Кейде жолаушылар ішімдік ішкен кеме қызметкерін көрсе жақтырмағанын сездіртіп жатады. Алайда, олар өз міндеттерін ойдағыдай атқара береді.

7. Жасырын палубалар

Егер де круиздік лайнерді мұхитта жүзіп жүрген қала дейтін болсақ, онда осы қала екі бөліктен тұрады. Оның біріншісі жоғарыдағы жолаушыларға арналған жарқырап тұрған, түрлі қызықты орындары бар палубалар. Ал теңіз деңгейіндегі және одан да төмендегі палубаларда 60-тан аса ұлттар өкілдерін құрайтын қызметкерлерге арналған каюталар, демалыс орындары бар. Өздерінің көңіл көтеретін орындары орналасқан. Кейде кинотеатрлары да болады.


8. Экипаж мүшелерінің жұмыс уақыты

Круиздік лайнер қызметкері әдеттегі кеңсе қызметкерімен салыстырғанда жұмыс орында ұзақ болады. Құрылықтағылар қызметте айына шамамен 160 сағаттан болса, теңіздегілер жұмысқа 300 сағатын арнайды. Бұған себеп, круиздік кемелердің талаптары өзге компаниялар ережелерінен тіптен бөлек. Лайнерді күтіп ұстау үшін көп жұмыс орындалуы керек. Кемедегі техникалық қызметкерлер мен сауда орындарында жұмыс істейтіндердің жұмыс ауысымы 10 сағаттан кем болмайды. Кейде демалуға 5 сағаттай ғана уақыт беріледі. Кеме сапарға шыққан алғашқы күндері жұмыс өте қауырт болады. Жалпы кеме жылдың 6-9 айында сапарда болатындықтан қызметкерлер осы мерзімге келісім шартпен жұмысқа алынады және онда жылдық демалыс туралы сөз қозғалмайды.

9. Лайнер асханасы

Мұхитта жүзген қалалар

Кемедегі жолаушылар үшін ресторан саяхат барысындағы  рахатқа бөленетін орындардың бірінен саналады. Егер бір мезгілде мыңдаған адамды тамақтандыратынын ескерсек, ол жерде титандық жұмыс атқарылатынын шамалай беруге болады. Ресторанда тамақ беру минутына дейін есептелген.

Саяхатқа шыққандардың демографиялық әркелкілігіне байланысты тамақты аспаздар этникалық сұранысқа, жасына, жынысына қарай түрліше дайындап беруге дағдыланған. Қанша дайындау керек, қандай тағамдар қосылу қажет бәрін дәлдікпен орындап отырады. Даяшылар да столдарға қызмет көрсету барысында уақытты тиімді пайдалануды үйренген.

10. Кір жуу өндірісі

Кемедегі қарбаласқа толы орын ол кір жуатын бөлме. Алып лайнерде оған арналған бөлме үлкен кәсіпорын аумағын елестеді. Кемеде күн сайын жууға тасталған кір тау болып үйіледі. Оларды бөлектеп жуып, кептіріп, дизенфекциялап, иелеріне апарып тапсыру керек болады. Лайнерде кемінде 3 мың жолаушы 1500 кеме экипажы мүшелері бар. Қызметкерлердің униформалары мен 60 мың төсек жаймалары және жастық қабы секілді жуылатын дүниелердің бір аптада жиналатын көлемі 50 тоннадан асады Royal Caribbean Majesty of the Seas секілді орташа лайнерде жүздеген простыниялар мен одеялдарды бір мезгілде жуып өңдейтін оншақты алып кір жуу машиналары орналасқан. Жуылған заттарды жинастырып реттеуге арналған тұтас қомандалар жұмыс істейді.

Ең алып кемелер

Мұхитта жүзген қалалар

Әлемдегі ең алып кемелердің бірі «Allure of the Seas» немесе «Бір қала» атауымен әлемге танымал. Ұзындығы – 362 м, ені – 60 м. Теңізге 2009 жылы жол тартты. Кемеге 6296 жолаушы мен 2384 экипаж мүшесі сияды. Финляндияда құрастырылған. «Бір қала» атауын алған кемеден құстың сүтінен басқаның бәрін таба аласыз.

Келесі алып кеме «Теңіз гармониясы» деп аталды. Оны құрастырып шығаруға 11,3 млрд доллар жұмсалған. Корабль ұзындығы 361 метр, ал биітігі 70 метр. Кеме аумағына төрт фтубол алаңы сияды. Ол 6780 жолаушы және 2100 экипаж мүшелерін алып жүреді.

Барлық круиздік лайнерлер қажетті қан қорын жасап қояды. Ол өте бір қажетті жағдайда жолаушылар мен экипаж мүшелеріне шұғыл көмек көрсетуге арналған.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<