Мұң сыйлама, гүл сыйла

11991

0

Сурет ашық дереккөзден

Нәзіктік пен сұлулықтың, батылдық пен жетістіктің қосындысы сынды әйел табиғаты сан қырлы. Дегенмен әйел жанын түсінуден бұрын сүйе білу керек дейді психологтар. Ал кез келген жастағы әйелдің ортақ әлсіз тұсы – гүлдер.

Иә, сыйға гүл алуды ұнатпайтын, оған балаша қуанбайтын әйел жоқ. Құлпырған көктем айында нәзікжандыларға қандай гүл сыйлаған жөн? Әрқайсысының өзіндік сыры бар ма? Гүл сыйлау әдебін білеміз бе?

Гүлдің әдемі емесі жоқ. Себебі әрбірі өзінше сиқырлы, өзінше құнды. «Гүлдер – жердегі жұмақ» деген ұғымның қалыптасуы да содан шығар.

Раушан ежелден өте тартымды гүл ретінде саналады. Дүкендердегі ең көп тапсырыс берілетін түрі десек, артық емес. Лилияны кез келген мерекеде, тіпті, үйлену тойына да сыйласаңыз жарай береді. Сүйіктіңіз, құрбыңыз, әріптесіңіз үшін лалагүлі керемет қуаныш сыйлары анық. Бұл ежелгі Римде жетістіктің, байлықтың нышаны саналған.

Қызғалдақ – шынайы сезім, мөлдір махаббаттың белгісі. Қызыл түсті қызғалдақ ғашықтардың сезімін жеткізу үшін берілетін түрі болса, сары түсі  бақыттың, шат-шадыман қуаныштың белгісі, ал ақ түсі тазалықты білдіреді.

Орхидея гүлінің Қытай халқы үшін орны ерекше. Олар орхидеяны мәнді өмірдің символы ретінде көреді. Сондай-ақ ауру-сырқаттан сақтайды деп сеніп, ыдыстарды безендіруде де кең қолданған. Орхидеяны қатты ұнатқан адамыңыздың жүрегін жаулап алғанда сыйлауға болады. Ол – байлықтың, ұлылықтың, табандылықтың символы.

Хризантеманың отаны Жапония екені белгілі. Жапондықтар үшін бұл – адал достықтың белгісі. Парасат пен даналықты суреттейтін хризантема – денсаулықтың да символы. Өзіңіз үшін орны бөлек, адал досыңызға сыйласаңыз, құба-құп.

– Жалпы гүл қосымша немесе басты сыйлық ретінде де сыйлануы мүмкін. Барлығы қалай сыйлайтыныңызға және әрбір детальға көңіл аударуыңызға байланысты.

Ең бастысы, түсін дұрыс таңдаңыз. Сүйіктіңіздің жақсы көретін түсін есіңізге түсіріңіз. Егер жақсы көретін түсін білмесеңіз, гүлдердің сырына үңіліңіз. Жыл маусымын да есте ұстау керек. Негізі көктем мезгілінде көзге қатты әсер етпейтін жеңіл, балғын гүлдерді сыйлаған дұрыс. Ал қыста роза гүлін сыйлаған жақсы. Ашық хат жазуды да ұмытпаңыз. Әдемі сөздер әдемі гүл шоғымен үйлесім табары анық. Шама келсе құттықтау ретінде жаттанды сөз жазбай, өзіңіз ойланғаныңыз дұрыс. Қайталанбайтын, жеке адамға арналған ашықхат сіздің сыйлыққа бейжай қарамайтыныңызды көрсетеді, – дейді флорист Айдос Жиенбай.

Флористің айтуынша, сыйға гүл алсаңыз, қауызын ашпай, сол күйі сақтаған жөн. Үй жағдайында ұзақ ұстау үшін салқын бөлмеге қойып, суын күнде ауыстырған дұрыс. Қажет болса, қант не ацетилсалицил қышқылын суға қосуға болады. Оған қоса астын қырқып тұру керек. Сонда гүлді бір аптаға дейін өз қалпында сақтауға болады. Сондай-ақ күн көзін жақсы көретін не керісінше ұнатпайтын гүлдер бар екенін естен шығармаңыз.

Гүлдердің түріне тоқталдық. Ал түстердің құпиясы неде? Ақ түстісі тазалықты, шыншылдықты, жаны таза жанға деген құрмет белгісін білдіреді. Сонымен бірге ақ түс отбасын құру туралы ұсынысты білдіреді деген де түсінік бар. Егер жас келіннің қолындағы гүлдестені ақ түстен шоғырландырса, онда жас жұбайлардың бір-біріне деген сезім, құрметтері де ұзақ болады.

Қызыл түс тек қана махаббаттың белгісі ретінде қолданылмайды. Раушаннан басқа қызыл қалампыр, қызыл лала, қызыл хризантема гүлдері де сұраныста. Бұл мықтылықты, билікті, бұла күшті сипаттайды. Сондықтан мықты мінезді, билікқұмар, күш-жігері жоғары адамдарға сыйланады.

Алқызыл гүлдердің сыры бөлек. Ер адам сізге алқызыл түсті гүл сыйласа, бұл ерекше белгі. Мұндай түс нәзіктік пен бүршік жарып келе жатқан махаббатты сипаттайды. Сүйіктісінен сары түсті гүл алған кейбір бойжеткендер мұны келіспеушілік пен айырылысудың, қайғы-мұңның белгісі деп түсініп жатады. Шынымен де бұрын ер-азаматтар қыз-келіншектерге жақын арада қарым-қатынастарының аяқталатынын білдіру мақсатында сары түсті гүлдерді сыйға тартқан. Алайда сары түс байлық пен бақыт тілегенде, мерекеде, қуанышта да ұсынылады. Сары лалагүлді дос құрбыларыңызға сыйға тартуға әбден болады.

Көк түсті гүлдер құпиялылықты білдіреді. Мұндай түсті гүлдерді сырын білмейтін, жұмбақ дүниелі қымбат жандарға сыйға тартады. Ал сүйіктіңізге көк түсті гүл шоғын сыйласаңыз, адал махаббатыңыз бен таза пейіліңізді білдіре аласыз. Аспан түстес көгілдір гүлдер тазалықты, шынайылықты білдіреді. Бұл түсті гүлдерді жаны таза, пәк, сұлу мінезді адамдарға сыйға тартуға болады. Жасыл түс бейбітшілік пен тыныштықты бейнелейді. Жақыныңызға берсеңіз, көңілге тыныштық, үйлесім сезімін сыйлайды.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<