Мұстафа Шоқайдың екінші отанына сапар

1913

0

Мақаламызды бұлай атауымыздың өзіндік себептері болып тұр.  Екінші дүниежүзілік соғыс бұрқ еткенде, Парижде бүкіл ресейлік эмигранттар бас сауғалап, АҚШ пен Түркияға кетіп жатқанда Мұстафа Шоқай «паналауға орын берген мемлекетті тастап кету, өз отанымды тастап кеткенмен бірдей» деп  Парижде қалып еді. Ұлы тұлғаның әлемге танылуы да осы Францияда тұруымен тікелей байланысты болды. Марндағы Ножан қаласында тұрған үйінің маңайына орнатылған ескерткіш тақта мен мүсін де оған көрсетілген Еуропа-Азиядағы алғашқы құрмет болатын.

Өткен қазан айының 15-25 күндері  арнайы жобаға сәйкес Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Мұстафа Шоқай ғылыми орталығының қызметкерлері Францияда болдық. Ондағы негізгі мақсат – қазіргі Тілдер мен өркениеттер университетінің кітапханасында   сақтаулы  Мұстафа Шоқай  мұраларымен танысып, қажетті материалдарды ғылыми орталыққа алу еді. Сондай-ақ Мұстафа және Мария Шоқайға қатысты мекен-жайларда болу да ойда болды.

Парижге  қазанның 15 күні жеттік те, ертеңіне демалыс күнді пайдаланып, «Әлем» қазақ-француз қоғамының вице президенті Майра Сұңғатқызы Ысқақовамен және  осындағы 2007 жылдан Мұстафа Шоқай атындағы  қазақ-француз қауымдастығының төрағасы Яшар Дініш, т.б. кісілермен Мұстафа мен Мария Шоқайлар Франциядағы 20 жылдан астам  уақытының 18 жылын өткізген Париждегі Марндағы Ножан қаласына бардық. 

Қос арыс осы қаланың Суар де лафонтен (1933-1941) көшесінде сегіз жыл тұрған екен. Мұстафа Шоқайдың өмірінің аса күрделі кезеңі осы қысқа ғана көшемен, осындағы 7 үймен тікелей байланысты болған. Мұнда үйлер біздегідей жеке-жеке бөлек тұрған жоқ, бір-бірімен жалғастыра орналасқан. Тек үйге кірер есіктердің маңдайшаларында нөмірлері болады екен. Барлығы он бестей үй жайғасқан көшенің басында, өте бір қолайлы жерге биіктігі бір метрдей төрт қырлы мрамор тастың бетіне орналастырылған темірден жасалған ескерткіш тақтада французша «Мұстафа Шоқай 1890-1941. Қазақтың белгілі саясаткері, көптеген ғылыми және саяси кітаптардың авторы, Орта Азияның бостандығы үшін күрескен, нацистердің қолынан қаза тапқан» деген сөздер жазылыпты. Бұл тас белгіні 2001 жылы 18 қазан күні сол кездегі Қазақстан  Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Франциядағы төтенше және өкілетті елшісі Ақмарал Арыстанбекова және Ножан әкімі Жак Мартен қойыпты.

Бұл игі тірлік кейін заңды жалғасын табады. Мұстафа Шоқайдың 120 жылдық мерейтойына орай 2010 жылы облыс әкімдігінің тікелей бастамасымен ҚР Мәдениет және Сыртқы істер министрліктерінің қолдауымен Франциядағы елшілік пен Марндағы Ножан қаласының мэрі (әкімі) араларындағы дипломатиялық келіссөздердің нәтижесінде осы жерде қоладан құйып сомдалған ескерткіш бюст қойылған. Онда французша «Мұстафа Шоқай: 1890-1941. Тәуелсiздiк күрескерi» деп жазылған. Мүсiннiң төменірек жағында француз тiлiнде «Қазақ халқы тарапынан 28/10/2010» деген жазу бар.

Бұл шара кезінде қала мэрінің ескерткіштеріңіз біздегі Де Гольдің ескерткішінен биік болып кетпесін деп әзілдегенін естігендер осы кезге дейін айтып жүрген көрінеді. Ескерткішті қою жарасымды істермен көмкерілген екен. Кейін осы бір қолайлы кішігірім алаң ресми түрде картаға «Шоқай атындағы саябақ» деп тіркеліпті. Бізге осыған кіретін аласа жасалған темір шарбаққа орнатылған есіктің құлпын өзіндегі кілтімен ашып берген Яшар Дініш бауырымыздың қызметі ерекше әсер етті. Мұны біз осында тұратын ағайындардың тұтас құрметінің бір көрінісі деп түсіндік.

Осы күні Шель қаласындағы Мария Шоқай жерленген қорымға барып, бейітіне гүл қойдық. 1918 жылдың 18 сәуірінде Мұстафа атамыздың талап етуімен Ташкент мешітінде екі өзбектің куәлігімен  мұсылманша некелері қиылғанын, жарының өзіне Шоқай атамыздың атын қосып алғанын ескеріп, құран да оқыдық. Мұны біз жайдан-жай айтып отырған жоқпыз. Әлеуметтік желілерде бұл шарамызға өзіндік пікірлер білдіргендер жоқ емес.

Бейіт басында біраз нәрсе еске түсті. Мария Яковлевнаның 23 жылдан астам  жат жерде Мұстафа Шоқаймен бірге болғаны, оның қуанышын да, қиыншылығын да бөліскені, күн көріп отырған пианиносын сатып, жарының бейітіне ескерткіш-бюст орнатқаны, «Менің Мұстафам» атты тамаша естелік кітабымен мұстафатану ғылымының негізін қалағаны, оның асыл мұраларын 1953 жылы сол кездегі «Жаңа Сорбонна – Париж ІІІ» университетінің Тілдер мен өркениеттер институтының университеттік кітапханасына тапсырғаны, жинақтай айтқанда, бұл дүниеден аттанғанша «менің Мұстафам» деп кеткені біздерді еріксіз толғандырып, тамаша тірліктерін еске алдық.

Сапар барысында өз жоспарымыз бойынша атамыз мәңгілік мекен еткен Берлиндегі мұсылмандар қорымына бардық. Бұл жерді кезінде Германия басшысы Осман пашасына тарту еткен екен. Мұстафа Шоқай 1941 жылғы 27 желтоқсанда қайтыс болғаннан соң келер жылдың 2-қаңтарында,  жұма күні осында жерленген еді. Бірден көзіміз туған және қайтқан жылдарына, одан төменірек жазылған «қабірін жасатқан сүйікті жары Мариям Шоқай» деген жазуларға түсті. Шағын ғана қорым, бірақ барынша таза ұсталып, көкке оралған. Бейіт басында, зәулім салынған мешітте дұға жасадық.

Еуропаның ортасында тұрып бүкіл түркі әлемінің азаттығы үшін күрескен, осы үшін бар ақыл-парасатын жұмсаған Мұстафа Шоқайдың өмір жолдары еске түсіп, қиялымыз сан шаққа шабуылдады…

Мұстафа Шоқайдың алдағы бар жоспарын да, мұратын да Германияның Совет еліне соғыс ашуы тас-талқан еткен еді. Өзінің жаулығы аз болғандай, енді тұтқындардан легиондар құруды ойлаған Германия басшылығы түркістандық тұтқындар алдына сөз сөйлеу ұсынғанда Мұстафа Шоқай мұндай қадамға бара  алмағандығының себептерін түсіндіреді. Жырақта жүргендіктен, елдегі жағдайдан бейхабарлығын, бұрынғы көрнекті интеллигенция өкілдерінен құтылғаннан кейін, большевиктердің кеңес өкіметі кезінде дүниеге келген жастарды өзінше «тәрбиелеп» шығарғанын, сондықтан олардың кеңестік өзгерістерге қалай қарайтынын білгісі келгендігін айтады.Осындай себеппен алдымен түркістандық тұтқындармен кездесуді ұсынған Мұстафа Шоқай түркітілдес комиссия қызметкерлерінің басшысы ретінде 1941 жылғы  тамыздың аяғынан  қазан айының басына дейін Германиядағы,  Шығыс Пруссиядағы, Польша мен Украинада орналасқан Простакан, Эбендорд, Пагеген, Дембица, Сувалки, Деба, Ярослау, Дебис, Лемберг және тағы басқа лагерьлерді аралайды. Тұтқындардың әңгімелері мен арыз-шағымдарынан елдегі жағдай туралы жан-жақты хабар алады. Сонымен қатар лагерьлердегі түркістандықтардың ауыр жағдайын көзімен көріп, қатты күйзеледі. Жарына жазған бір хатында мынадай қорлыққа шыдай алмай өлгісі келетінін де жасырмай жазады. Содан 1941 жылғы қазан айында лагерьлерді аралағанда өзіне көмекші болған Уәли Қаюмға аса құпия түрде «Аса  сеніммен» деген ескертумен жазған «Мен бұл жолдарды сіз үшін ғана жазып отырмын және мұны  аса құпия ұстауыңызды сұраймын» деп басталатын неміс лагерьлеріндегі көрген-білгендерін баяндаған хатты қалайша  ол өзі ғана оқып, өзі қызмет еткен неміс әкімшілігін таныстырмауы мүмкін бе? Болмаса неміс армиясының группенфюрері С.С.Иоахимге: «Гете, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр сияқты ұлыларды тәрбиелеген ұлттың тұтқындарға жасап отырған зұлымдығын көре отырып, мен Түркістан легионын басқару туралы ұсыныстан  және сіздермен әрі қарай жұмыс істеуден бас тартамын» деген мазмұндағы Мұстафа Шоқайдың хатын оқып отырып, неміс басшылығы хат иесінің көзін жоюдан басқа не ойлар еді?

Осылай өзінің саяси күресі үшін тиімді ортаны тек Франциядан ғана таба алған, осында  20 жылдай өмір сүріп, өзінің публицистикалық еңбектері мен саяси күресі арқылы әлемді мойындатқан, кешегі соғыспен байланысты қиын-қыстау күндерінде Францияны тастап кете алмаған Мұстафа Шоқай Берлинді мәңгілік мекен етті. Тағдырға дауа жоқ.

 Францияға келгендегі негізгі міндетіміз қазіргі Тілдер мен өркениеттер университетінің кітапханасындағы Мұстафа Шоқай мұраларымен жұмыс істеу болатын. Оған кіріспес бұрын осы архив деректері негіз болған тамаша тарихшы Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтің алғысөзі және  түсіндірмелерімен шыққан Мұстафа Шоқай шығармаларының он екі томдық толық жинағын және былтыр ғана жарық көрген «В эмиграции: эпистолярное наследие Мустафы Шокая 1919-1941» атты кітаптан екі данасын тиісті хаттармен кітапхана қорына тапсырдық. Осы және басқа да Мұстафа Шоқайға қатысты бірнеше кітаптардың электрондық нұсқаларын да бердік.

Архивтегі материалдардың негізінен бізде барлығын ескере отырып, біздер түрік және орыс тіліндегі материалдарды, сарғайған кітап, мақалалар жазылған қағаз беттерін көріп, олардың көшірмелерін суретке түсіріп алдық. «Яш Түркістан» журналының бөлек бөлек тігінділерін көріп, қолмен ұстап  Мұстафа атамыздың рухын сезінуге тырыстық. Архив қызметкерлерінің сақталған материалдарға деген ерекше ыждағаттылығы, оларға айрықша күтіммен қарауы біздерді таңғалдырды. Арада жетпіс жылдай уақыт өтсе де,  әдемі сақталған мұраға қарап  қызметкерлерге ризашылығымызды  қайта қайта білдіруге мәжбүр болдық.

Бос уақытымызды тиімді пайдалануға тырысып, 23 қазан күнге Париждегі «Түркия қазақтарының Франциядағы қауымдастығы» атты ұйым мүшелері қазақ ағайындармен өздері дәстүрлі жиналысы сәйкес келіп, сонда  кездестік. Бұл ұйым 1984 жылы құрылған екен. Парижде 260-тан астам қазақ тұратын көрінеді. Олар – негізінен үш мәдениеттің тізгінін ұстағандар. Ата-бабалары Қазақстаннан болса, өздері кеше Түркиядан келсе, бүгін париждік болып отыр. Ұлттық дәстүрді сақтауға ұмтылып отырған жандар. Келіндер орамалын таққан. Қыз ұзату, үйлену тойлары болып тұрады екен. Ораза, Құрбан айт аталып, жарапазан айтылады. Қоштасарда ағайындар елімізге ыстық сәлемдерін жолдап жатты. Ондағы соңғы күні, яғни 24 қазанда кешкілік «Республика күні» мерекесімен тұстас болды да, елшілік өткізген үлкен іс-шараға қатыстық. Абай мүсіні орнатылған ақындар саябағында болдық. Париждің орталығында, Сенаның оң жағалауында орналасқан әлемдегі ең үлкен және ең танымал Лувр өнер музейінде болып, көркем және тарихи жәдігерлерімен бай Греция және Италия залдарын тамашаладық.

Осылай әділеттілік пен заңдылықты қатаң сақтаған,  адамзат баласының мүддесін мұрат тұтқан Францияны 20 жылдан астам мекен етіп, өзінің сан салалы саяси қызметімен, он шақты тілде жазылған мол шығармашылық мұрасымен әлемге танылған Мұстафа Шоқайдың эмиграциялық өмір жолын тағы да еске алып, оқығандарымызды көзбен көріп, жадымызда тиянақтай түстік.

Әбдіжәлел Бәкір,

Сағат Тайманов,

Қорқыт ата атындағы  Қызылорда университетінің

Мұстафа Шоқай ҒО қызметкерлері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<