Мысықтың түсі маңызды емес, тышқан ауласа болды

1084

0

Жуырда Ресейдің мемлекет және қоғам қайраткері Сергей Бабурин әлеуметтік желіде Кеңес Одағы құлап, дүниенің астаң-кестеңі шығып жатқан дәуірде, яғни 1993 жылы қабылдаған Ресей Конституциясы өздерін-өздері құртуға бейімделген еді дегенді ашына айтты. Саясаткердің пайымдауынша, сол кездегі саяси оқиғалардың жылдам өрбігені соншалық, мақсаттың, идеяның жоқтығынан, бар мен жоқты бағалай білмеушіліктің, ең сорақысы – біздің қасіретімізге айналған немкеттіліктің, эгоизмнің салдарынан тұтас мемлекет жоғалып кете жаздады. Конституция тұжырымдарында социализм ұғымы алынып тасталды, ал оның орнына жаңа қоғамның бет-бейнесін айқындайтын капитализм дегенді жазуға ұяттары жібермеді. Ел өмірінде алмағайып, болашағы бұлыңғыр дәуір басталды.
Иә, Ресей осындай қасіретті уақытты басынан өткерді. Ай­наласы оншақты жылдың жүзінде ауру-сырқаудан, нашақорлықтан, маскүнемдіктен 20 млн халқынан айырылды. Орыстар мұны ерте­дегі тарихи кезеңдерге шолу жасағанда «смутные времена», біз әңгіме етіп отырған кейінгісін «лихие 90-ые» деп атайды.
«Ойды ой қозғайды» демекші, ортақ шекпеннен шыққан соң бізге де сол дәуір оңай болмағанын атап өткім келді. Талай тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерді. Жұбан Молдағалиев айтпақшы, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың қазір әлемдік жексұрын бәсекеде әлі арпаласып жатқан сыңайы бар.
Өмір пәлсафасы бойынша тірі адам тіршілігін жасайды. Бірақ, біздің пайымдауымызша, жүре­гінде иманы, санасында ұяты бар адамдар қазір қоғамда барлығынан бұрын немкеттіліктің, эгоизмнің микробтары ұялап жатқанын, барлығы үшін мұның қаншалықты қасірет әкелетінін жиі айтатын болды. Шындығында, меніңше, қазір бұл коррупциядан да қауіп­ті құбылысқа айналған сыңайлы. Кейде орынды сұрақ туындайды. Бұл дерт бізге қайдан келді? Өзіміз әлі құра алмай, бар бол­ғаны талпыныс жасап отырған капитализмнен бе? Бұл сұраққа жауап табу мен үшін күрделі, сон­дықтан оны оқырмандардың өз пайымына қалдырып, айтар ойымның сабақтастығын жалғас­тыруды жөн көрдім.
Сауатты оқырман Нобель сый­­лығының лауреаты, атақты «Тынық Дон» романының авторы Михаил Шолохов есімінен хабар­дар деп ойлаймын. Сол Шолохов өткен ғасырдың 30-шы жылдары есімі Сталинге белгісіздеу бол­са да хат жазады. Өзінің Дон өлке­сіндегі ауданда кәмпескенің озбырлықпен жүргізіліп жатқа­нын, оның басы-қасында жүрген рай­комның хатшысын, НКВД бас­тығын әшкерелеп жазады. Тап жауларымен күрестің сол уақытта қаншалықты өрістеп тұр­ғанын ескерсек, Шолохов өміріне де қауіп төнген. Себебі Сталин хаттағы фактілерді тексеруге Мәскеуде арнайы комиссия құрған еді. Тексеру бойынша Кеңес өкі­метінің жергілікті жердегі өкіл­дері қатаң жазаланады. Бірақ Ми­хаил Шолоховқа да оңай соқ­пайды. Өміріне қауіп төнгенін біліп, Мәскеуге келеді. Сталинге кіреді. Сталин:
– Көп былықтардың бетін аш­тың. Жауың көбейді. Жеке өмірің үшін қорықпайсың ба? – деп сауал қойғанда жазушы:
– Сталин жолдас қорғайды деген ниетпен алдыңызға келіп отыр­ған жоқпын ба? – деп жауап береді.
Сталин табиғатынан ойын бүк­песіз айтатынды құрметтейтін. Шо­лохов қоғамдағы теріс құбы­лыс­қа, қылмысқа немкеттілік та­ныт­пады. Көсем де мәрттік та­­нытып, астанада қалуына кө­мек­теседі. Куәгерлердің айту­ын­ша, кейін Шолохов елінде тұ­­рақ­тап қалады. Бірнеше бел­гілі шығармалар жазады. Әлем таны­ған жазушы атанады. Ста­лин жазушыны сырттай бақылап, соғыстан кейін өзінің қабыл­дауы­на шақырады. Хал-жағдайын сұ­рас­қан соң көсем өзіне тән ба­йыпты сауалын көлденең тартып:
– Сізді көп ішеді дейді ғой. Бұған не айтасыз? – дейді.
Шолохов іркілместен: «Қыз­ғаныш пен іштарлыққа толы мына ит өмірден қалай ішпейсіз, Сталин жолдас?! – деп жауап беріпті.
Сталин қабылдауына ша­қыр­­ған жазушыға еш жауап қат­пастан үнсіз шығарып салған көрінеді. Қаншалықты қажет болды? Не үшін шақырды, бұл көсемнің өзіне ғана мәлім. Ста­лин талай адамдарға өздері күт­пеген сауалдар қойған. Олар­дың жауаптарын тыңдаған им­пе­рияның бірінші басшысы Кеңес Одағының алғашқы жыл­да­рын­дағы науқандық шара­лар­дың қан­шалықты деңгейде және қалай жүріп жатқанын НКВД, атқарушы билік арқылы ғана емес, басқа, тіпті қарапайым көздерден де біліп отырған. Өйткені ол – үлкен елді, халықты билеген тұлға. Оған Шолохов сияқты талантты жазушының араққа салынғаны түк емес, ол барлығын білгісі келеді, ынтызар. Ет пен сүйектен жаралған пенде ретінде әр нәрсеге қызығушылығы және бар. Биліктегі өзіне бағыныштыдан гөрі сезімнің адамдарымен сөй­лескісі, ой бөліскісі келеді. Бізге қазір Сталиннің репрессиялық зобалаңда жол берген қателіктері­нен гөрі кітап оқыған зеректігі, елдегі жағдайға толық қанығу үшін жай адамдарды тыңдай білу қасиеті барынша маңызды болып табылады.
Қасым Қайсенов – жаужүрек партизан жазушы. Соғыс аяқ­талар сәтте Украин пар­ти­занда­рының атақты қолбасшысы Си­дор Ковпак: «Вася (украиндар Қа­сымды осылай атайтын), сен жақсы соғыстың. Елге қайтуыңа болады. Бірақ әзірге Киевте бейбіт өмірге бейімделе тұр. Кейін өзім шығарып саламын» дейді. Ковпак Қасым партизан ақын Жұмағали Саинмен Алматыға жүргелі тұрғанда арнайы жазы­лып, мөрмен ашылмастай етіп желімденген хат тапсырады. «Қа­зақстан Компартиясының бірінші хатшысы  Жұмабай Шаях­метовке!»  дейді. Тәртіп бойынша хатты ешкімнің оқуға құқы жоқ.
Қасымға Ковпактың «жақсы соғыстың» деп айтуы тегін емес. Ол – барлаушылардың арнайы мектебінде оқыған, жекпе-жекте талай немістің көзін жойған, ештеңеден тайсалмаған батыр. Ал ондайлардың көпшілігі бейбіт өмірге бірден сіңісіп кете алмайды. Ашушаң келеді. Бұзақылығы ештеңе етпейді, кездейсоқтықтан ауыр қылмысқа баруы да мүмкін. Ал бейбіт өмірде заң ондайларды кешірмейді. Ковпак осынысын біліп, батыр тағдырына немкетті қарамағандықтан, Шаяхметовке арнайы хат жазып отыр.
Ендігі қызықты қараңыз. Қасым Алматыға келіп отбасына қосылып, пәтер жалдап тұрады. Соғыстан кейін елдің жағдайы әлі ауыр. Нәпақа табатын жұ­мыстың көзі тағы көрінбейді. Азық-түлік кәртешкемен бе­ріледі. Партизан бейбіт өмірге бейім­делмегендіктен үйінде еті­гін, партупейін шешпей, аты-жөні жа­ылып берілген тапаншасын жастанып ұйықтайды екен. Жұмағали: «Әй Қасым, әлгі хатты Шаяхметовке кіріп, тапсыр­дың ба?» деп сұрайды кейінірек.
– Әлі бара алмай жатырмын, ол кісі кім өзі? – дейді нақтылап алғысы келіп. – Военком ба? Сауаттылау Жұмағали ағасы кү­ліп: «Ол – үлкен бастық. Воен­ком-саенкомдарыңды бір шы­бықпен қуатын бастық» – дейді.
Қасымның ЦК-ның үйіне кір­гені де қызық хикая. Алды­мен ауыздағы милициямен шата­са­ды. Милицияға Қасым: «Саған та­пан­шамды бермеймін. Кім­сің сен?» – деп жағасынан алуға ұм­тылады.
Қасынан өтіп бара жатқан ЦК-ның иманжүзді қызметкері олардың үстінен түседі. Прези­диум төрағасы Әбдісәмит Қазақ­баевқа, ол Шаяхметовке алып ба­­рады. Қасым бір аптаның ішін­де ЦК-ның жер бөліміне жұ­мыс­қа орналасады, азық-түлік кәр­тешкесін алады. Бірақ, жұмыс­тың барысына қаныға алмай каби­не­тінде күнұзақ зеріккенде та­пан­шасын бөлшектеп тастап, майлап отырады екен. Мұны естіген Қазақбаев:
– Шырақ, соғыс бітті. Сен мұныңды қой енді. Портупейіңді, тапаншаңды үйіңе қалдырып кет. Үкімет үйіне бұлай келуге болмайды, – деп сыпайы ғана ескерту жасайды.
Қойшы, әйтеуір, Қасымға олар кейін де көп көмектесіп, талай пәледен алып қалады. Төрт жыл соғыста болып, жауын бауыздап, сөзге келместен тұмсығынан пе­ріп жіберіп сұлататын 26 жасар жігітте қандай ақыл болсын, осынысын білгендер қамқор­лық жасайды. «Шырақ» деген қа­зақтың тамаша сөзімен жұба­тады. Мұндайды қазіргілер «бұрын­ғының адамдары-ай!» деп риза­шылығын білдірер еді.
Өткен ғасырдың 60-70 жыл­дары болуы керек, компар­тияның бейнелеп айтқанда, қылышынан қаны тамып тұрған кезі. Бұл аға буыннан естіген әңгімем еді. Әңгіменің аты әңгіме, дегенде, оның жай-жапсарын Д.Қонаевтың естелігінен оқығанымның жөні тіпті бөлек. Қонаев Қазақстанның бірінші басшысы, екінші хатшы – Мәскеудің қамқорлығындағы Ми­­хаил Соломенцев. Сол Соло­менцев ұлттық кадрларға қам­шысын батырғаны былай тұрсын, ма­сай­рағаны соншалық, орайы келгенде қыз-келіншектермен ой­ын-сауық құруды дағдыға ай­нал­дырып алған. Қазақтың жігіттері намыс­қой. Есесін жі­бер­мейді. Бол­ған сорақылықты ай­­нытпай ұс­тайтын дәлелдермен бі­рінші хат­шыға жеткізеді. Жет­кізіп қой­май шара көруін сұрайды. Қо­наев оқиғаны Брежневке жеткізеді.
– Осылай да осылай, Леонид Ильич, Соломенцев иесі бар гүлді иемденгісі келген. Масқара болғанда қылмыс үстінде қолға түскен, – дейді оқиғаның мән-жайынан хабардар етіп. Үнсіз тыңдаған Брежнев:
– Соломенцевтің қылығынан социализмге пәлендей зиян келе қоймас, оны маған жіберіңдер. Тағдырын өзім шешемін, – дейді.
Қонаев оны Қазақстаннан осын­дай масқаралықпен аласта­тып жіберген еді. Кейін сол Соло­менцев Желтоқсан оқиғасына бай­ланысты Қазақстанды тексеретін комиссияның құрамында болды. Бұл енді Горбачев билік құрған кезең еді. Тексерді. Тырнақ ас­тынан кір тапты. Бірақ кейін­гі тарих Желтоқсанға әділ бағасын берді. Қазақ тарихында Қонаев­тың адами қасиеті, ізгілігі, пара­саттылығы қалды. Себебі ол еш­нәрсеге бей-жай қарамайтын, нем­­кеттіліктен ада мемлекеттік тұл­ға еді.
Өткен ғасырдың 70-80 жылда­ры кемелденген социализм дәуі­рін­де  Кавказ, Орта Азия рес­пуб­ликалары корупцияның өріс алуымен ерекшеленген еді. Бреж­нев қайтыс болғаннан кейін би­лікке келген Юрий Андропов өзі­нің бұрынғы қызметі бойынша ең сенімді деген әріптестерін жинап алып: «Шпиондар мен тыңшылар сәл уақыт серуендей тұрсын, қазір мемлекетке одан да қауіпті жаулар зиян тигізбекші» деп оларға нақты бағыт-бағдар бойынша тапсырма берген көрінеді. Мен бұл әңгімені ойдан шығарғаным жоқ, өзім тапжылмай іздеп жүріп көретін «Россия» телеарнасының деректі фильмдер сериясынан берілген сұхбаттан тамашаладым.
Бүгінгі аға буын немкетті­лікті, самарқаулықты, эгоизм­ді, қоғамдағы басқа да келеңсіз­діктерді капитализмнен көрсе, қазіргі буын оның себеп-салдарын мүлдем білмейді. Ал не нәрсенің, айталық, қауіпті дерттің диагнозы дұрыс қойылмаса, одан қоғам сауықпайды. Қайта ауруына ауру қосып алады. Ең қорқыныштысы осы.
Мен өзім болмасам да ақ­парат жүйесінен Скандинавия ел­деріндегі адамдар үшін жасалған ізгіліктің түп-тамырының қайда жатқанын білмей қиналамын. Ал Финляндияда капиталистік қоғам. Бәлкім еңбекқорлықтан, мә­дениеттіліктен, әлде басқалай себептерден шығар? Мүмкін пат­риотизмінен болар?
1939-1940 жылы Кеңес Одағы финдермен соғыста Маннергеймді (қолбасшы әрі президент) жеңе алмады. Қызыл армияның 1 млн әскеріне финдердің бар болғаны 300 мың әскері қарсы тұрды. Ақыры екі жақ бітімге келіп тынды. Ал оның сырын білу үшін сол халықпен етене араласып тұру керек шығар?!
Капитализм демекші, біз қазір оны қатырғанымыз жоқ. Со­нымен бірге бүгінгі әлем жұрт­шылығының оған көзқарасы да онша жағымды емес. Кеңес Одағы теңселіп жатқанда экономиканы нарыққа бұрып, реформаларға батыл кіріскен Қытай мемлекеттік кеңес төрағасы Дэн Сяо Пин­нен Батыс пәлсафашылары: «комму­нистік партия мен еркін экономика бір-бірімен қалай үйлеседі?» деп сауал қойғанда жарықтық Кон­фуций ілімімен қаруланған төраға: «мысықтың түрі сары немесе қара болғаны маңызды емес, әңгіме оның қаншалықты тышқан аулай алатын қабілетіне байланысты» деп жауап берген екен.
Қалай ойлайсыз, тамаша жауап қой. Ендеше барлығы өзі­мізге байланысты-ау деймін…

Жолдасбек Ақсақалов

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<