Әз – халық аңызында күн мен түннің дәлме-дәл теңелер сәтінде көкті жарып ерекше бір гуіл өтуге тиіс. “Оны қой ғана біледі. Егер күндіз өтсе қой арқылы қойшы ғана аңғаруы мүмкін” деген сөз бар. Осы гуілді Наурыздың 22-не дейінгі үш күннің ішінде өтеді деп есептеген халқымыз: “Әз болмай, мәз болмайды” деген тәмсіл қалдырған. Әз өткенде өсімді әлемінен бастап, күлкі тіршіліктің тұла бойына, бір тал түгіне дейін жан жүгіреді. Сол жан байқаусызда тырнақ, шашпен бірге қиылып кетсе, адамның қолы мен басы селкілдейтін болады мыс.
Наурыз – парсы тілінде бір ғана күн аты, жаңа жылдың бірінші күні – жаңа күн. Қазақ халқында қалыптасқан түсінік бойынша осы мағыналармен қоса жаңа жылдың алғашқы айының атын да толық қамтиды.
Наурыз бата – Наурызға арналып сойылған малдың басы мен жамбасына, ескі жылдың дәмі сүрленген қазы-қарта, жал-жаяға берілетін бата.
Наурыз көже – келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде әр шаңырақ міндетті түрде жасайтын арнаулы тағам. Оның кем дегенде жеті түрлі (бидай, тары, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты) азықтық заттар қосылуы тиіс. Тақ санын сақтап тағам түрін көбейтіп алуға болады. Құрт пен қатықтың қай-қайсысы да сүттің орнын толтырады. Наурыз көжені халық арасында “тілеу көже”, “көп көже” деп те атай береді.
Наурыз мейрамы – күн мен түннің теңелетін күні – 22 наурызды, атап өтетін ұлы мереке. Ұлттық дәстүр-салтымыз бен ойын-саулығымыздың бәрі де тегіс қамтылатын жыр-думан.
Наурыз-жұмбақ – наурыз айындағы жұлдыздардың қозғалысы мен орнына, күн мен түннің теңелуіне, табиғат құбылысына, бұл айдағы амалдар мен ауа райының өзгерістеріне байланысты айтылатын жұмбақ өлең.
Наурызша – наурыз қырбақ, қарайған жерді бұзау болса, наурыз төл деп аталады. Осы түліктерге тән төл басы.
Наурызша – наурыз қырбақ, қарайған жерді жасыра алмай, қылаулап жауған қар.
Наурыз шешек – наурыз айында төлдейтін көп жылдық өсімдік. Әсемдік үшін қолдан өсіруге болады.
Отамалы – 15 наурызда кіріп, 17 наурызда шығатын амал. Бұл амалдың жақсылық пен жамандыққа бағынуына орай халқымыздың “Отамалы от алғанша, керегенің басынан шот алғанша”, “Отамалы, отамалыдан қалған ата малы”, – деп берген мінездеме бар.
Үт – саңылау, тесіктен үйге түскен күн сәулесінің тозаңдануын – қазақ үт кірді деп есептейді. “Үт кірді, үйге құт кірді” деген қазақ мәтелінде күн нұрының жердегі тіршілікке жасар игі әсерін бейнелейтін үлкен мән бар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<