Наурызкөкті кім көрсе…

1163

0

Наурызкөкті кім көрсе... Айыр құйрық қарлығаш – ажал арашашысы, алтын алқым көгершін – тыныштық тілеуші, басына үкі таққан бозторғай – дала бұлбұлы, сары бауыр көк қанат наурызкөк – береке бастауы. Осы дәріпнамадағының бәрі де адам үшін керек құндылық десек те, қай-қайсысының да берекеден бастау алатынын мойындаймыз. Ендеше, бізге басқа құсым бір бөлек, неге наурызкөгім бір төбе болмасқа?!

Бізге «жыл құсы» деген сөз етене таныс.

«Жаздың көркі енеді жыл құсымен,

Жайраңдасып жас күлер құрбысымен», – дейді Абай. Осындағы жыл құсын наурызкөк деп білеміз. Ал, ол қандай құс?

Ол – біздің өңірге ерте көктемде, ең бірінші ұшып жететін құс. Бірақ, алақанға сыйып кететін айналайын наурызкөкті көбіне байқай алмай қалуымыз да ғажап емес. Баяғыда, бала күнімізде «наурызкөк келді, енді қорқатын ештеңе жоқ» деп жататын үлкендер. Өйткені олар «қыстың бір күні қалса, қорық» деген шаруа адамдары еді. Өріс­те төлдеп қалатын түліктері бар, ал, далада туған малдың жағдайы белгілі. Мезгілдің мінезіне сене бермейтін шаруалар осы бір қол басындай құсқа үлкен сеніммен қарайды. Сол шақта күртік қардың көбесін сөгіп, алтынкүрек соғады. Қар астынан қылтиып, бәйшешек шығады.

Наурызкөк келді деген сөз – енді суық болмайды, күн қабағы түспейді деген белгі. Табиғаттың бұл заңдылығы бұзылмайды, алдағы күндерден суық күтілетін болса, нау­рызкөк те кешігеді.

Наурызкөкті біздің қазекең «наурызек», «жыл­қышы құс», «жыл құсы», «нау құсы», «бақыт құсы»  деп бірнеше түрлі қылып атайды. Соның бәрі – бір құс. Ол – торғайдан тұрықты емес, бірақ көзге әсем көрінеді, бауыры сарғыш, қанаты мен денесі көк, екі жақ беті ақ. Мұқағали ақынның:

«Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың,

Аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау құсым?» – дейтін өлең жолдарын білетіндер «нау құсын» қарлығаш деп есептейді, оған дауласпаймыз. «Нау құсы» деген наурызкөктің жеке дара аты емес, «жыл құсы» деген ұғымды білдіретін атау, демек, Мұқаң қарлығашты «жыл құсы» деп атап отыр, бұл қате емес.

Енді наурызкөктің қасиеті туралы бірер сөз айтайық. Адамдарға ізгілікті, жақсылықты алып ұшып жеткізуге асығып жүрген құс – әрине, тегін емес, Құдайдың құлдарына тарту еткен бір нығыметі. Сондықтан дана қазағым «кім наурызкөкті бірінші көрсе, оған береке дариды, бақыт қонады» дейді. Біз ақпан аяқталмай жатып, наурызкөк деп торғайларға сөк шашып жүретін бала болғанбыз. Себебі әжелеріміздің әлгі сөздерді айтып отырғанын еститінбіз. Сонан кейін наурызкөк қашан келеді деп қылқылдап сұрай беретінбіз.

Міне, сол бақыт құсының келетін мезгілі де таяп қалыпты. «Өлмеген құлға болды жаз» демекші, тал басына тіршілік өрмелейтін көктемнің күні жақын.

Наурызкөкті кім бірінші көрер екен, айтпақшы, қалтаңызға бір уыс дән сала жүріңіз. Бақыт құсын көргенде құр алақаныңыз­ды ашып тұрмай, жем шашып тұрсаңыз, ол да сізге тілеулес болады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<