Науша батырдың ерлігі

1666

0

Бүкіл Батыс Қазақстанға әйгілі Науша батыр ағайындарын аралап жүріп, туысы Әубәкір Ақбайұлының үйіне келеді. Ол кезде Әубәкір жай старшина да, Науша сексенге келген ақсақал екен. Ауылдың бар игі  жақсылары шақырылып, батырға қонақасы береді. Жиналған жұрт батырдың әңгімесін тыңдағысы келіп, үй иесін қолқалайды.

Әубәкір азғана уақыт үнсіз отырады да ақыры:

– Науша аға! Сіздің батыр атағыңыз Жайықтың екі бетіндегі қандастарға түгел мәлім. Мына жиналған қауым әңгімеңізді тыңдағысы келеді. Қалай батыр атандыңыз? Соны айтсаңыз екен, – дейді.

Науша батыр көп кідірместен:

– Оның несін сұрайсыңдар, біздің заманымыз өтті. Ал бір кезде менің атым шықты деп кеуде соғу тыңдап отырған сендерге де сыйымсыз, айтам  деген маған да сәнсіз. Жас шағыңда тасты бұзасың, тауды жарасың. Мен де алаулап жанғанмын, атылып, тасығанмын. Сол кездегі бір оқиғаны айтып берейін, – деді.

«Бір жылдары көрші ауылдың көлінде жылан пайда болып, тұрғындар тым-тырақай көше бастапты. Біразы маған келіп:

– Бауырым, батырсың ғой, көмек бер. Қарап отырып қара жыланға жем боламыз ба? – деді.

Менің бұрын-соңды жылан өлтіріп атым шықпаған еді.

– Қане, сол пәлелерің қайда жатыр? Көрсетіңдерші, – деуім мұң екен, қасыма жүректілеу бір жігітті қосып берді де, жөн сілтеп қала берді.

Әлгі жігіт көл жағасына дейін жетті де: – Осы көлдің ортасына таман жақындағанда өзі көрінеді. Атыңызды маған қалдырып, жүре беріңіз, – дегені.

Мен не дейін, айтқанын істеп, қолымдағы балтамды ұстап, ілгері бастым. Сәлден кейін алдымнан күнге шағылысып, жарқылдаған жылан жоны көрінді. Басын көтеріп, шегір көзін қадады. Мен оған қарадым. Жанары суық. Жүзі өте қорқынышты екен. Бірақ алған беттен қайтпай, қаруымды оңтайладым. Жақындаған сәтте жыланның адам қорқатын ысылы саябырсып, манағы оттай жанған шегір көзі солғын тартты. Осы сәтте аяғымды ілгері басып, басы осы тұс болар деп тарақты балтамды сілтеп кеп қалдым. Бас үзіліп түсті. Бірақ аса бір шапшаңдықпен аунап түсіп, құйрығын ерекше өрнектетіп, көлдің суын қақ айыра ұрды. «Жыланның күші құйрығында» деуші еді. Абырой болғанда, онысы маған дарымады. Тұрғындардың тыныштығын алған жыланның ажалы жетті. Тезірек теріс айналып, жағада қалған жолдасыма қарай жүрдім. Ол қос аттың шылбырын ұстаған күйі болған іске сенер-сенбесін білмей тұр.

– Ауылыңды айлар бойы әлекке салып, бір қауға суға зар қылған аждаһа өлді. Барып көресің бе? – дедім.

Ол:

– Көрмегенім жылан болсын, атамаңыз, – деп шошыды.

– Ендеше еліңе сәлем айт, – деп атыма міндім.

– Ауылға жүріп, ақсақалдардың алғысын алсаңызшы, – деді. Мен ризашылығымды білдірдім.

Кейіннен рас-өтірігін білмедім, әлгі көрші ауылдың адамдары «сол жыланның тілінің астында алтын бар екен, оны сол маңдағы казак-орыстар қағып алыпты» деп айтып жүрді. Ал маған әу бастан алтын емес, халқымның алғысы керек еді. Аман-есен осынша жасқа жетіп отырғаным, халықтың алғысының шапағаты болар» деп Науша батыр әңгімесін аяқтады.

Айбол БИТУҒАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<