Некеге тұрудың шарттары мен тәртібі қандай?

3158

0

Некеге тұрудың шарттары мен тәртібі қандай? Неке – отбасын құрудың негізі. Ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын отбасын құру мақсатымен, заңда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықтық одақты – неке деп түсінуіміз қажет.

Некеге тұру үшін қанша жаста болу керек?

Мен Қазақстан Республикасының азаматы болғандықтан, неке және отбасы туралы заңға сәйкес 18 жасқа толғаннан кейін некеге тұра аламын. Алайда, біздің елімізде жүктілік кезінде немесе некеге тұрушылардың ортақ баласы болса мемлекеттік неке қиюды тіркеу орны неке жасын 2 жасқа дейін кеміте алады екен. Ол үшін неке жасын төмендету туралы өтініш беру керек.

Неке жасын төмендету тек қана некеге отырушылардың келісімімен іске асады. Сонымен қатар неке жасына толмаған адамдардың ата-аналарының не қамқоршыларының жазбаша келісімін алу қажет.

Кімдерге некеге тұруға рұқсат берілмейді?

  • Бір жынысты адамдарға:
  • олардың біреуі болса да басқа тіркелген некеде тұрғандарға;
  • жақын туыстарға;
  • бала асырап алушылар мен асырап алынған балалардың, асырап алушылардың балалары мен асырап алынған балалардың;
  • олардың біреуі болса да психикалық ауруы немесе ақыл-есі кемдігі салдарынан әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың арасында.

Неке қиюдың тәртібі қандай?

Біз некемізді арнайы мемлекеттік неке сарайында қидырдық. Дегенмен неке қию рәсімін тіркеуші органдарда (АХАТ) іске асыруға да болады.

Неке қидыру рәсіміне ниет білдірген екі азамат та қатысуы шарт.

Болашақ ерлі – зайыптылар АХАТ органына өздерінің некеге тұрғысы келетіндіктері туралы бірлесіп жазбаша түрде мәлімдеуі керек. Егер ол дәлелді себептермен АХАТ органына келе алмайтын жағдайда ол адамдардың некеге тұруды қалайтындытары жөніндегі нотариус куәландырған өтінішін табыс етуге заң рұқсат береді. Некеге тұратын адамның тікелей қатысуымен неке мемлекеттік АХАТ органдарында қиылады. Некені сенімхат бойынша немесе өкілер арқылы қиюға тыйым салынады. Қамауда немесе бас бостандығынан айырылғандар некеге отыра алады. Алайда оларда мемлекеттік тіркеу АХАТ – та емес, бас бостандығын айыру орнында немесе қамауда отырған жерде жүргізіледі.

Айрықша жағдайларда: ауыр науқастануы, жүріп-тұру қиындығымен байланысты мүгедектігі, күзетпен ұсталуы немесе бас бостандығынан айыру орындарында болуы. Мұндай жағдайда неке қиюды тіркеу үйде, медициналық немесе өзге де ұйымда тиісті ұйымның әкімшілігімен келісіле отырып, некеге отыратын адамдардың қатысуымен жүргізіледі.

Некеге тұрмастан бұрын медициналық тексеруден өту міндетті ме?

Некеге отыратын жұп медициналық тексерістен өткені жөн. Ол неке қидыруға ниет білдірген азаматтардың келісімімен іске асады. Дегенмен оларды ешкім міндеттемейді. Медициналық зерттеудің нәтижелері медициналық құпия болып саналады. Оның нәтижесі жолдасына зерттеуден өткен адамның келісімімен ғана айтылады.

Әйел адам ерінің тегін алуға міндетті ме?

Әйел адам тегін ауыстыруға міндетті емес. Дегенмен заңда рұқсат етіледі. Неке қию кезiнде ерлi-зайыптылар қалаулары бойынша ортақ тегі ретiнде өздерiнiң бiреуiнiң тегiн таңдауына немесе ерлi-зайыптылардың әрқайсысы өзiнiң некеге дейiнгi тегiн сақтап қалуына да болады. Сондай-ақ  біреуі (екеуі де) өз тегiне екiншi жұбайдың тегiн қосып алуға құқылы.

Неке қиюды мемлекеттік тіркеу кезінде тегі өзгерген жағдайда, азамат бір ай мерзімде жеке басын куәландыратын құжаттарды ауыстыруға міндетті. Неке бұзылған жағдайда ерлi-зайыптылар неке қию кезінде таңдаған тектерін сақтауға немесе өздерiнiң некеге дейiнгi тектерін қалпына келтiруге құқылы.

Ерлі-зайыптылардың отбасындағы теңдігі дегеніміз не?

Неке қию некеге отыруға тілек білдірушілер тіркеуші органға өтініш берген күннен бастап 1 ай мерзім өткен соң жүргізіледі.

Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері тең. Олардың әрқайсысы кәсібін, қызметін және діни сенімін де өзі таңдауға ерікті.

Ерлі-зайыптылар отбасындағы өз қатынастарын өзара сыйластық пен өзара көмек негізінде құруға, отбасының игілігі мен нығаюына жәрдемдесуге, өз балаларының денсаулығына, өсіп-жетілуіне және олардың әл-ауқат жағдайына қамқорлық жасауға міндетті.

Неке шарты дегеніміз не?

Некеге отыратын адамдардың келiсiмi немесе ерлi-зайыптылардың некедегi немесе ол бұзылған жағдайдағы мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын келiсiм неке шарты деп аталады.

Неке шарты:

  • ерлі-зайыптылар некеге тiркелген күннен бастап күшiне енедi.
  • жазбаша түрде жасалады және міндетті түрде нотариатта куәландырылуы керек.
  • ерлi-зайыптылардың келiсiмі бойынша кез келген уақытта өзгертіліп, бұзылады.

Шартта ерлi-зайыптылар өзара күтiп-бағу жөнiндегi өз құқықтары мен мiндеттерiн, бiр-бiрiнiң табыстарына қатысу тәсілдерін, өздерінің әрқайсысының отбасылық шығыстар шығару тәртiбiн айқындауға; неке бұзылған жағдайда ерлi-зайыптылардың әрқайсысына берiлетiн мүлiктi айқындауға, сондай-ақ неке шартына ерлi-зайыптылардың мүлiктiк қатынастарына қатысты өзге де кез келген ережелердi, сондай-ақ осы некеден туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік жағдайын енгізеді.

Неке шартын қалай тіркейді және қандай құжаттар қажет?

Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша болашақ жұбайлар ресми түрде тек отбасылық қатынастарды ғана емес, сонымен қатар шарттары егжей-тегжейлі неке шартында (келісім-шартында) көрсетілген мүліктік қатынастарды да тіркей алады. Неке шартын тіркеуді нотариус өткізеді.

Неке шартын тіркеу үшін келесі құжаттар ұсынылады:

  1. жұбайлардың екеуінің де жеке басын куәландыратын құжаттар;
  2. неке туралы куәлік (егер ол тіркелген болса);
  3. қолда бар жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттар.

Некені тіркеу туралы өтінішті қайда беруге болады?

АХАЖ бөліміне 1 ай бұрын болашақ ерлі-зайыптылардың бірінің тұрғылықты тіркелген жері  бойынша өтініш білдіруге болады.

Ол үшін келесі құжаттар қажет:

  1. некеге тұру жайында өтініш;
  2. жеке басын куәландыратын құжаттар (сәйкестендіру үшін);
  3. 1 АЕК есебіндегі мемлекеттік баждың өтелгенін растайтын түбіртек.

Немесе, ең тиімді тәсілі Еgov.kz порталы арқылы электронды өтініш тастау. Ол үшін қажет құжаттар:

  1. болашақ ерлі-зайыптылардың екеуі де ЭЦҚ-ны (электрондық цифрлық қолтаңба) алуға тиісті, өйткені сіздің жұбайыңыз некенің тіркелуіне келісімін ЭЦҚ арқылы порталда растауы қажет;
  2. авторизациядан өтіп, өтініш беру;
  3. 1 АЕК есебіндегі мемлекеттік бажды банк картасы арқылы төлеу қажет.

Егер сіз бұрында некелескен болсаңыз, алдыңғы некенің болған жағдайында деректерді тексеру үшін дәлелдейтін құжаттар (ажырасу туралы куәлік) апаруыңыз керек.

Материал авторы: Мейірім Бақытжанова

Дереккөз: baribar.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<