Оған шығармаларын баспадан шығарудан бас тартқан хат 60 рет келген. Хаттарда «шығармашылықтан басқа жұмыспен айналысыңыз немесе жұмыс істейтін адамдардың уақытын алмаңыз» сынды сөздер болды. Ол жеңілмеді. Тоқтамай жаза берді. Бала кезінде анасының «Мың бір түн» қиссаларын оқып бергені себеп болды ма, бір жанрмен ғана шектеліп қалмады. Соңында жеңіп шығып, жаза алды. Жазғанда қандай! Әлемнің екі бірдей маңызды сыйлығы «Нобель» мен «Оскар»-ды алған екі жазушының алғашқысы.
Одан кейін ешқандай ақын да, жазушы да бұл «қос шыңды» көптеген жылдар бойы бағындыра алмады. Тек, 2001, 2016 жылдары Боб Дилан ғана бұл қос сыйлықты алған екінші шығармашылық иесі боп тарихта қалды…
Біз бүгін біріншісі туралы әңгімелейміз. Джордж Бернард Шоу 1856 жылы 26 шілде күні Ирландияның астанасы Дублинде Джон Шоу мен Люсинда Шоудың үшінші перзенті болып өмірге келген. Әкесі сауда-саттықпен айналысқан. Сатуға дайындап қойған астығы өртеніп кеткеннен кейін, ақырындап ішкілікке салынған. Ал анасы әуесқой әнші болған. Бала кезінде Шоу Дублиндегі Уэсли колледжіне және он бір жасынан бастап протестанттар мен католиктер мектебіне барды. Бұл оқу орындары нақты ғылымға емес, балалардың рухани дамуына ерекше назар аударатын. Сонымен қатар, пасторлар физикалық жазалаудың түр-түрін ойлап тауып, балаларды шыбықпен аямай сабайтын болған. Жасынан өмір тауқыметін көп тартқан Шоу 1871 жылы мектеп бітірген соң күнкөрістің қамымен хат тасушы, кассир болып әртүрлі мекемеде жұмыс істеді.
1873 жылы анасы ішуді қоймаған күйеуімен ажырасып, екі қызын алып Джон Ванделер Лимен Лондонға кетіп қалады. Арада үш жыл өткесін Бернард та олардың қатарына қосылады. Жазушылыққа деген құштарлығы ерте оянған ол Лондонға келісімен жаза бастады. Лидің балаларға музыкадан сабақ беріп тапқан ақшасы бұлардың күн көрісіне жететін. Бернардтың бұрынғыдай күн көріс үшін күні-түн жылжымайтын мүлік агенттігінде немесе кассир болып жұмыс істеуінің қажеті жоқ еді. Шоу Лидің айтуы бойынша музыка тақырыбында әр түн сайын 5 беттік мақала жазса, күндіз мұражайда жұмыс істеді.
Оның қаламынан алғаш туған, сол кездегі қоғамды сынау бағытындағы “Сәтсіз неке” (1880), “Артистің махаббаты” (1881) романдарын бір де бір баспа қабылдамады. Жас жазушының Америкаға жіберген әрекеттерінен де түк шықпады. 1879 жылы жазған “Шикілік” романы елу жылдан кейін ғана (1930) жарық көрді. Шоу ХІХ ғасырдың 80-жылдарының басында елдің саяси өміріне белсенді түрде араласып, шешендігімен көзге түсті. Дегенмен, Карл Маркстің іліміне қаншалықты бой ұрғанымен, марксизмге бұрылмай, 1884 жылы фабиандық қоғамды насихаттаушылар қатарына қосылды. Осы жылдары кішігірім “Ту-дэй” журналында “Дара социалист”, “Кэшел Байронның кәсібі”, “Аур корнер” журналында “Баянсыз байланыстар”, “Артистің махаббаты” романдары жарияланды. Фабианшы Шоу бар ынтасымен жаңа қоғам құру жолында күресті және театр сыншысы ретінде жаңа драма үшін батыл шайқасты. Ол Шекспир шығармаларына Ибсен пьесаларын қарсы қойды. Оның бұл көзқарасы баспасөз бен көрермендер тарапынан қарсылыққа ұшырады. Соған қарамастан Шоу Тәуелсіз театрды белсенділікпен жақтады. Драматургтың ұзақ та жемісті жолы “Жесірдің үйі” (Widower’s Houses, 1885-1892) пьесасынан басталды. Шығарманы сыншылар ұнатпағасын, пьеса екі рет қойылғаннан кейін қайта сахналанбады. Ол айналдырған сегіз жылдың ішінде бірінен-бірі өтетін драмалық топтамасы: “Жағымсыз пьесалар” (Plays Unpleasant), “Жағымды пьесалар”, (Plays Pleasant) “Пуритандықтарға арналған пьесалар” (Three Plays for Puritans) шығармасын жазды. Іле қоғамдағы жағымпаздық пен жалған көріністерді өткір сынға алған он пьесасын өмірге әкелді. “Соғыс пен адам” пьесасы алғаш Тәуелсіз театр сахнасында сәтті өтті. 1897 жылы Америка театрларының сахналарын дүрілдеткен “Сайтанның шәкірті” (The Devil’s Disciple, 1896—1897) Шоу шығармаларындағы елеулі бетбұрыс болды. Цензураның талабын орындауды қаламаған Бернард қаламы өткір журналист ретінде тапқан ақшасымен, қала берді Шарлотта Пейн демеушілігімен пьесаларын бірінен кейін бірін кітап етіп шығара берді.
1898 жылы осы Ирландиялық бай әйел Шарлоттаға үйленген кезде оның «Жағымды және жағымсыз» пьесалары кітап болып шығып, оқырман қолына тиіп жатқан кез еді. Пьеса жазудың қыр-сырын меңгеріп алған Шоудың шығармалары пьеса емес, құдды роман сияқты қолдан қолға тимей оқыла бастады. Автор «Қару мен адам» («Arms and Man», 1894), «Кандида», (Candida, 1894—1895), «Тағдыр таңдауы» (The Man of Destiny, 1895), «Өмір болса көреміз» (You Never Can Tell, 1895) пьесаларында өмірде натурализмнен гөрі, реализмнің маңызды екенін насихаттады. Осылардың ішінен «Кандида» Нью-Йорк сахналарында біраз танымалдықа ие болды. ХХ ғасырдың басында драматургия саласында Шоудан асқан драматург болған жоқ. Мысалы, Лондондағы «Royal court theatre” театрындағы Джон Ведерн мен Харли Гренвил-Баркер режиссерлігімен сахналанған 988 пьесаның 701-і Шоу қаламынан туған шығармалар еді. Бірінші дүние жүзілік соғыс кезінде жазушы саясатқа белсенді араласты. Оның “Инка Перусалемский”, (The Inca of Perusalem, 1916), “Огэстос өз міндетін атқарды”, (Augustus Does His Bit, 1916), “Виктория Кресінің ардагері” және көлемді “Жүрек жаратын үй” (Heartbreak House, 1913-1919) пьесалары соғысқа қарғыс айтқан, өткір де шынайы туындылар саналады. Соңғы шығармада елді қанқұйлы соғысқа ұрындырып отырған Англия үкіметі басшыларының қара ниеттері мен айла-шарғылары барынша айқын да жиіркенішті түрде бейнеленген. Шоу өмір бойы жаңашылдыққа ұмтылды, адамгершілік ізгі мұраттарды аңсады.
Бернад Шоу социализм идеясына өмірінің соңына дейін сеніп өтті. Ол КСРО-ны бүкіл өркениетті әлемге үлгі, оның әлеуметтік-саяси жүйесі – жалғыз шынайы және дұрыс жол деп есептеді. Өмірінің соңында Шоу сталиндік режимнің идеологиялық тірегі болды, тіпті 1931 жылы КСРО-ға келді. Қысқа уақыт бойы драматург қоғамда және елде тәртіпті тек диктатор енгізуі мүмкін деген идеяны ұстанды, бірақ Германияда билікке Гитлер келгеннен кейін мұндай идеядан бас тартты. 1925 жылы «Нобель» сыйлығы ешкімге берілген жоқ. 1926 жылы Швед академиктері Бернард Шоуды «Идеализм және гуманизммен ерекшеленетін шығармашылық, әйгілі поэзиялық әдемілігімен үйлесетін ерекше шығармалары үшін» әдебиет саласындағы «Нобель» сыйлығына лайық деп тапты. Кез келген сыйлыққа қарсы Шоу әдеттегідей «Нобель»-дің марапаттау рәсіміне келген жоқ. Сыйлық пен дипломды Швециядағы Ұлыбритания елшісі Артур Дафф алды. Шоу «Нобель»-ден алған қаржысына «Швеция-Англия» әдеби қорын құрды. Драматург «Нобель» сыйлығымен қоса «Оскар» (1939 жылы «Пигмалион» фильмінің сценарийі үшін) сыйлығын алған екі әдебиетшінің алғашқысы. Драматург өмірінің соңғы кезеңінде жазған “Бойанттың миллиардтары” («Buoyant Billions», 1948), “Астарлы мысалдар” (1948), “Шэкс Шэвке қарсы” («Shakes versus Shav», 1949) пьесаларында да өзіне тән күрескерлігі мен шыншылдығынан, жауыздыққа қарсы өшпенділігі мен жақсылыққа, жаңаға деген құштарлығынан танбаған. Ол жұбайы қайтыс болуған соң Лондоннан Хартфордтағы үйіне көшіп келіп, бағбаншылықпен айналысады. 94 жасында бақта істеп жүріп, байқаусызда құлап, белін сындырып алады да, 1950 жылы 2 қазанда өмірден өтіп кетеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<