Үйге келгенімде тұла бойым қанжоса еді. Өйткені «Төбе патшасы» ойынын ойнаймын деп бірнеше рет қатты құладым. Ол кезде небәрі сегіз жаста болатынмын.
Мына түрімді көріп анам аяуына болатын еді. Шынымды айтсам, мен одан ондай мейірім күтпедім. Үстімдегі алба-жұлба киім мен жырым-жырым кейпімді көрген анам аямай сабады.
Шынымды айтсам, балалық шағымда ұрып-соғу мен үшін үйреншікті жағдайға айналды. Себебі мен балаларға физикалық жаза қолдану қалыпты жағдай саналатын отбасында өстім. Біздің ата-бабамыз да осылай тәрбиеленген және одан ешкім көп зардап шекпеген, қылмыскер немесе нашақор болмаған. «Егер бұл әдіс жұмыс істесе, онда оны несіне өзгертеміз?» деп ойлаған болу керек туыстарым. Сөйтіп, үлкен әжеміз кішкентай кезінде кіші әжемді ұрған, мұны көріп өскен әжем анамды ұрған.
Екі жасқа толғанымда әкем қайтыс болды. Сондықтан нағашыларымның қолында өстім. Мені анам, әжем және тәтем бағып-қақты. Бұл қамқоршыларымның арасында тағы екі әйел болатын. Сол себепті үнемі және ойлағанымнан екі есе көп таяқ жейтінмін. Бір қызығы, отбасындағы бала тәрбиелеудің осынау әдісін ешкім ешкімнен жасырған емес. Әжеміз алты баласының тілалғыш болып өскенін айтып мақтанып отыратын. Неге бұлай деп ойлайтын боларсыз? Өйткені оларды ешкім аяған жоқ. Бәрі таяқпен өскен.
Менің есімде қалғаны сол, олар балаларды қолмен, швабрамен, тәпішке немесе ағаш таяқпен ұратын. Бастысы, ешкім жазасыз қалмау керек. Жаңа айтқанымдай, жазатайым құлап түсіп, бет-ауызымды сырып алғаным үшін де ұрып-соғатын. Ең сорақысы, дұрыс емес жерде, дұрыс емес уақытта болғаным үшін де талай таяқтың астында қалдым. «Тәртіпсіздік жасадың ба, ендеше жазаңды ал» дейтін де, таяқтай жөнелетін.
Бала кезімде жиі ұрып-соққандықтан менде ауырсынуға қарсы иммунитет пайда болған сияқты. Анам солай дейтін. Бірақ бәрінен де сорақысы, физикалық жаза емес, психологиялық қорлау еді. 11 жасқа толғанымда анам басқа жаққа жұмысқа кетті. Ол жұмыстан еңбек демалысына шыққанда, яғни, жылына бір рет қана келетін. Сол уақытта көзімнен жас арылмаушы еді. Бұл тек анаға деген сағыныштың көз жасы десеңіз, қателесесіз. Өйткені, анам кеткен соң нағашыларым маған екі есе қорлық көрсетті. Сол таяқ, сол баяғы соққылар жалғаса берді. Алайда мені ең қатты ренжіткені, тілі өткір апамның сөздері болды. Тәтем менің түр-келбетімді мазақ еткенді ұнататын. «Сен сырға тақсам, әдемі боламын деп ойлайсың ба?» немесе «Сенің би алаңындағы тұрысың қабірден көтеріліп, дірілдеген қаңқа сияқты болатын шығар, ә?» деп кекетуін бір доғарған емес. Осындай әр әзілінен соң өзінен өзі тарқылдап күле береді, ал менің оның сүйкімсіз қылығынан тек жүрегім айнитын.
Оның қорлығы жалғыз бұл емес. Тәтем менің осал тұсымды біле тұра, әдейі сол жерден ұратын. Осының бәрі жаныма батқаны сонша, бір күні осы азаптан құтылудың жолын қарастыра бастадым. Содан ойлана келе, мені жоқшылықтан жақсы білім ғана құтқарады деп сендім. Сол күннен бастап бар ынта-жігерімді салып жақсы оқыдым және оқуда қандайда бір жетістікке жете алатыныма, өзімнің қарым-қабілетіме сенетінмін. Ал әлгі тәтем: «Сен колледжге түскің келе ме? Армандама! Анаңның жіберген ақшасы оқу ақысын төлеуге жетпейді!» деп үркітіп, үнемі райымнан қайтаруға тырысты.
Осы сөздерді естігенде көзім қарауытып кетуші еді. Бірақ бір жақсылықтың боларына сеніп, бақытты болашақтан үмітімді үзген емеспін. Жазықсыз адам қорлық көргенде не алданғанда Жаратқан иеміз оны көріп, кінәсіз құлына жақсылық жібереріне сенетінмін. Осы сенім ғана мені құрдымға кетуден құтқарған сыңайлы.
Талай түндер ұйқысыз өтті. Сондай мұңлы түндердің бірінде мынаны анық түсіндім. Анамның, әжемнің және тәтемнің бір ортақ ұқсастықтары бар екен. Ол – өздері алған тәрбиенің құрбаны болуында. Мен балаларыма олардың берген тәрбиесін беруім керек пе? Олардың маған жасағанын жасауым қажет пе? Осы ойлар мазалап біразға дейін ұйықтай алмадым. Мен сол түні олардың жолын қайталамауға және мұндай жағдайдың алдын алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын деп өзіме уәде бердім.
Ол уақытта менің өмірім қызығарлықтай емес еді. Сондықтан тек болашақ туралы армандадым. Алдыма биік мақсаттар қойдым. Өскен соң жоқшылықтан арыламын деп өз-өзіме серт еттім. Міне, сол кезде ғана олар мені мазақ ете алмайды. Осы оптимистік ойлардан кейін таңертең ерте оянып, маған жаңа күн әкелетін барлық игі іске білек түре кіресетінмін.
Осы сәттен бастап өмірім шынымен жақсы жаққа өзгерді. 13 жасымда федералдық олимпиадада бірінші орын иеленіп, ең беделді мектептердің біріне оқуға грант ұтып алдым. Мектеп басқа қалада болды, бірақ олар мен тұратын жердің ақысын төлеп беруге уәде етті. Осылайша, ақыры үйден кетуге мүмкіндік туды. Рас, ол кезде анамның менің оқуымды төлейтіндей мүмкіндігі болмады, бірақ оған бір тиын салудың да қажеті жоқ еді. Менің шәкіртақым елдегі ең жақсы колледждердің біріндегі оқу құнын төлеуге де жетті. Колледжді бітіргеннен кейін беделді және жақсы жалақы алатын жұмысқа орналастым, ал бұл маған көп мүмкіндіктерге жол ашты.
Арада біршама жыл өтті. Есейіп, етек-жеңімді жинаған тұста анам «Егер мен қазір білетінімді сол кезде білгенімде, саған мұндай қиындық көрсетпес едім» деп балаларын ұрғысы келмегенін мойындады. Егер менің балалық шағым бақытқа толы болса, өмірім қалай өрбір еді деп ойлаймын кейде. Дегенмен, мұның қазір маңызы жоқ. Мен түбі жеңіске жеттім емес пе? Бәлкім, мен тағдыр дайындаған сынақтардан ертерек өтіп, қиындықтарға әбден ысылған шығармын. Бастысы, аман қалдым ғой.
Қазір ұл-қызым бар, алайда бала кезімде өзіме берген уәдемді ешқашан бұзбауға тырысамын. Мен мінсіз ана болғым келеді, бірақ мен де мені өсірген әйелдер сияқты анда-санда жарылып кете жаздаймын.
Өмір деген біртүрлі. Бала кезімде болашақ туралы армандар күш беретін. Қазір есейдім, енді өткен күннің сабағы алға жылжуға жәрдемдесуде. Мен балалық шағымдағы психологиялық қысымды жеңіп шығып, ата-анамнан гөрі бақытты адам, балаларыма қамқор ана бола алдым.
Жаклин ЛОРИ,
аударған Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<