1967 жылы Юрий Владимирович Андропов қаһарлы мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасы болып тағайындалды. Осы арнайы қызметті ол тура он бес жыл басқарыпты. Сондықтан да Андропов елімізде болып жатқан кейбір теріс құбылыстарды және олардың қоғамға қандай кауіп келтіретінін жақсы білді. Дегенмен өзінің уақыты келгенше сақтық көрсетіп, бұл бағытта аса айтарлықтай іс-қимыл жасамады. Бірақ қызметінің соңында МҚК-нің жанынан экономика қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы 6-басқарма құрды. Мұндай басқарма соғыстан бұрын НКВД-ның жанынан құрылып, кейін жабылып қалған болатын. Жаңадан құрылған басқарманың негізгі мақсаты экономика саласындағы қылмысқа қарсы күресу еді. Егер шындығын айтар болсақ, қайсыбір мемлекет және партия қайраткерлерінің абыройын айрандай төгетін материалдар, міне, осы басқармада жиналатын. Сондықтан Андропов ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізін сонау жетпісінші жылдардың бас кезінде қалады десе де болады.
Билік басына келген бойда Андропов: «Пусть шпионы подождут, от них меньше вреда, чем от коррупции и организованной преступности» деп, қауіпсіздік органдарына сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жүргізуді тапсырды. Осыдан кейін тергеу машинасы іске қосылды. Олар 6-басқармада жиналған (мұндай құрылым барлық республикалар мен облыстарда да болды) мәліметтерді кеңінен пайдаланды. Бірінші болып «құрбандыққа» КСРО Ішкі істер министрі Н.Щелоков ілінді. Соңынан іле-шала оның 103 қызметкері ішкі істер органдарынан кетуге мәжбүр болды. 56-сы қызметінен төмендетілді, 100-ден астамы тәртіптік, 162-сі партиялық жазаға тартылды, ал бірсыпырасы қамауға алынды. Кейін Щелоков алда не күтіп тұрғанын сезіп, өзін-өзі атып өлтірді. Екінші кезекте СОКП ОК және Министрлер Кеңесінің аппаратындағы қызметкерлердің үштен бірі қызметінен қуылды. Жергілікті жердегі партия комитетінің басшылары да науқаннан тыс қалған жоқ. Небәрі 150 облыстық партия комитетінің 47 хатшысы өзгертілді.
Сонымен қатар, «Андропов десанты» деп аталатын КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және прокуратура органдарының қызметкерлерінен құрылған тергеу топтары Беларусь пен Украинаға аттанды. Сондай-ақ, құрамында бүкіл Одақтан жиналған 200-дей тергеушісі бар төрт тергеу тобы құрылып, Өзбекстанға жіберілді. Осындай аянышты хәл Қазақстанды және ортаазиялық басқа да республикаларды күтіп тұрған еді.
1983 жылғы шілде айында Мәскеуден келген нұсқау бойынша тергеуші Бәкішев Ташкентке шұғыл жіберілді. Келген бойда қауіпсіздік органдары әзірлеген қала шетіндегі қарапайым қонақүйлерінің біріне орналасты. Ешқайда шықпастан (бұйрық солай) осында бір апта тұрды. Содан кейін барып МҚК-нің құпия операциясы басталды. Таңғы сағат бестер шамасында тергеушілерді және топқа кіретін оперативтік қызметкерлерді республикалық МҚК-нің клубына жинады. МҚК төрағасы К.Мелкумов мінбеге шығып сөз сөйледі. Қорыта келгенде, қауіпсіздік органдарында жиналған материалдар бойынша мұнай өнімдерін басқаратын мемлекеттік комитет пен құқық қорғау органдарының кейбір басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын және соған байланысты тергеу амалдарын жүргізу қажеттігін айтты. Артынша тергеушілерге бір-бір папка берілді. Ішіндегі ісқағаздарда қылмыскерлердің аты-жөні, тұратын жері, қызметі және тінту кезінде үйінен қандай айғақ зат алынатыны көрсетілген. Жоспарланғандай таңғы сағат 6-да елу үш тұрғын үйде бір мезгілде тінту басталды. Бәкішевтің үлесіне тиген қылмыскердің үйінен 800 мыңға жуық ақша табылды. Ол кезде бұл үлкен байлық болатын.
Сол күндері Өзбекстан компартиясының Орталық Комитетінде республикада болып жатқан жағдай қайта-қайта талқыланып жатты. Ақырында бюро мүшелері оған: «Бұл – 37-жылға қайта оралу» деген баға берді. Осыдан кейін Шариф Рашидов өзінің республикалық МҚК төрағасы К.Мелкумов пен оның бірінші орынбасарын қызметтен босатты. Олардың қол астында жұмыс істеп жүрген Рашидовтың баласы өз еркімен арыз беріп, қызметін тастап кетті.
Андропов қарап қалған жоқ, жауап ретінде тағы бір арнайы тергеу тобын құрып (бұл 1983 жылғы 18 тамыз болатын), оны басқаруды Одақтық прокуратурадағы мықты тергеушілердің бірі Тельман Гдлянға тапсырды. Оған МҚК-нің 6-басқармасы жинаған «Бұхара ісін» аса сеніммен табыс етті.
Кешікпей СОКП ОК хатшысы Егор Лигачев Өзбекстан басшысы Рашидовты Мәскеуге шақырып, оған республикаға арнайы құрылған комиссия жіберетінін айтып ескертті. Мұндай қорлыққа Рашидов шыдамады. Ол 1983 жылы 31 қарашада қан қысымынан аяқастынан дүние салды. Бұл оқиға тергеуді тоқтатпады. Керісінше, республика бойынша қылмыс жасаған шенеуніктерді жаппай тұтқынға ала бастады. Қамауға Мақта өнеркәсібінің министрі В.Усманов және алқа мүшелері түгелдей алынды. Бұқара облыстық партия комитетінің хатшысы А.Каримов, РАПО директоры атақты Ахмеджон Адылов та түрмеге отырғызылды. Тұтқындаудан бір күн бұрын Ішкі істер министрі К.Эргашев өзін-өзі атып өлтірді. Қысқасы, екі жыл ішінде парақорлар мен сыбайлас жемқорларға қарсы қозғалған мыңдаған қылмыстық іс сотқа жіберілді. Нақтылап айтқанда, республика бойынша 4,5 мыңнан астам жауапты қызметкер сотталды. Тергеу топтарын басқарған Гдлян, Иванов, Свидерский, Любимов, Калиниченко, Королев, Майданчук, Лаврин және басқаларының есімдері бүкіл Одаққа кеңінен тарады. Тіпті, Гдлян мен Иванов атақты адамдар қатарына қосылып, халық қалаулысына айналды. Қалай дегенде олардың ақ дегені – ақ, қара дегені – қара бола бастады. Заңдылық ысырылып тасталды. Гдлян бір сөзінде: «Осындай парақорлық пен жемқорлыққа кеңінен жол берген республикада заңдылықты сақтаудың қажеті бар ма?» деген екен.
Олар КСРО прокуратура басшысының қол астынан шығып, тергеуді түгел меншіктеп алды. Айыпкерлердің бірін қамап, бірін босатып жатты. Мысалы, Гдлян өзіне лайықты жауап берген кейбір айыпкерлерді қамаудан босатып, қолына мынадай анықтама берген: «…Бұл кісінің әрекетінде қылмыс құрамы жоқ, сондықтан КСРО прокуратурасының тергеу тобы оған ешқандай талап қоймайды». Ол Л.Брежневтің күйеу баласы, КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Чурбановқа және басқа да мемлекет және партия қайраткерлеріне қарсы материал жинай бастады. Осы мақсатпен алдында ғана қылмыстық іс тоқтамға алынған бұрынғы Ішкі істер министрі Яхьяевтің ісін қайта көтерді. Қылмыстық жауапкершіліктен босатамын деп онымен сөз байласты. Тап осындай келісім сөзді басқа да айыпкерлермен жүргізді. Гдлянның түпкі ойы орталықта отырған жоғары қызметтегі шенеуніктерге қарсы жауап алу еді. Мысалы, Гдлян мен Иванов «мақта ісі» бойынша Егор Лигачевті Өзбекстан басшысы Усманходжаевтан пара ретінде 60 мың сом ақша алды деп айыптады. Бірақ олардың қолында бұлтартпайтын дәлел болған жоқ. Соған қарағанда біреулерге Егор Лигачевтан күдіктену керек те болған шығар. Үлкен саясатта мұндай жағдайлар жиі болып тұратыны белгілі ғой.
Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Крючковтің куәлігіне қарағанда, Гдлян мен Ивановтың заңсыздық іс-әрекетінен жалғыз Лигачевтің ғана емес, барлық саяси Бюро мүшелерінің абыройы төгілетінін бірнеше рет М.Горбачевқа ескерткен көрінеді. Бірақ ол бұған құлақ аспаған. Тек кейін жеке басына жала жабылған кезде барып, айналасымен бірге мазасыздана бастаған (Гдлян мен Ивановтың талабы бойынша Т.Мырзабаев деген біреу М.Горбачевқа бағалы сыйлық, ал, Раиса Максимовнаға қаракөлден тігілген ішік бергенін тергеуде мойындаған секілді). Бұрын Өзбекстанда орын алған заңсыздықтарға көзін жұмған олар енді қол жетерлік барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, Гдлян мен қарамағындағы тергеушілерді қаралауға кірісті. Көп ұзамай Гдлян мен Иванов халық қалаулыларынан мансапқор, авантюрист және экстремистерге айналды. Не керек, Кеңес Одағында жалғыз солар ғана заңсыздықты бұрмалаған болып шықты. Расын айтқанда, олар жіберген заңсыздық бізде қалыптасқан жалпы тергеу тәжірибесі еді. Өкінішке қарай, тергеу біржақты айыптау бағытта жүргізіліп келеді. Бұл жерде Гдлян мен Ивановты ақтауға болмайды, десе де – шындық осындай.
Жалпы Гдлян басқарған тергеу тобы Өзбекстанда 6 жылда 200 адамды қамауға алып, оның 64-ін пара алғаны, қалғандарын басқа түрлі қылмыс жасағаны үшін айыптаған. Гдлян мен Иванов жеке өздері тікелей алдын ала тергеуді жүргізген 15 қылмыстық істі сотқа жолдады. Сол істер бойынша 31 адам сотталды, 4 істі сот қосымша тергеуге қайтарды, (олар сотқа қайтып түскен жоқ), 2 адам ақталды.Кешікпей КСРО Бас прокуроры Рекунковтың ұсынысы бойынша Гдлян мен Иванов алғаш рет тергеу жұмысынан шеттетілді. Арада Андропов та, оның орнына келген Черненко да қайтыс болып, билік басына М.Горбачев келген болатын. Гдлян Бас прокурордың шешіміне келіспей, тікелей Мемлекет басшысына шығып, Чурбановты және Өзбекстан Республикасының басшылары Усманходжаев, Осетров, Салимовтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту жайлы табанды тілек білдіреді. КСРО халық депутаттарының съезіне шығып сөз сұрады, бірақ оған сөз тимеді. Дегенмен Борис Ельциннің көмегімен съезде сөйленбеген сөзі «Лимит времени исчерпан» деген атпен депутаттар арасында таратылды. Онда ол былай деді: «Орталықта отырғандар біздің тергеп жатқан ісімізді «Өзбек ісі» деп көрсеткісі келеді. Бірақ іс жүзінде ол «Кремль ісі», филиалдары Өзбекстанда, Қазақстанда, Кавказда жалғасқан… Біз жауапқа тартып жатқан адамдар Саяси Бюро мүшелері, СОКП ОК-нің хатшылары, яғни, Гришин, Романов, Алиев, Соломенцев, Лигачев, Капитоновтар, министрлік пен ведомство басшылары Васильев, Тарасов, Месяц, КСРО Бас прокуроры Рекунков, оның орынбасары Сорока, Өзбекстан Республикасының бұрынғы прокуроры Бутурлин, КСРО Ішкі істер министрі Щелоков, РСФСР Әділет министрі Аболенцев, КСРО Жоғарғы сотының бұрынғы төрағасы Теребилов және басқалармен қылмыстық байланыста болған. Сондықтан да олар тергеуді әрі қарай жүргізуге тыйым салып, мәскеулік парақорларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік бермей отыр…».
Осыдан кейін депутаттар қысымымен жоғарыда есімдері аталған лауазым иелеріне қозғалған қылмыстық істер өз жалғасын тапты. Сонымен қатар, Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы И.Усманходжаев, Республика Жоғарғы кеңесі Президиумының төрағасы А.Салимов, ХІХ партконференция делегаттары Бұқара мен Самарқанд облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары Джаббаров пен Раддаров қамауға алынып, оларға қарсы тергеу амалдары жүргізілді. Алайда Гдлян мен Иванов тергеу барысында жіберген заңсыздықтары үшін қызметтерінен қайта босатылды. Сөйтіп, тергеу тобын КСРО МҚК полковнигі А.Духанин басқарды. Бірақ Гдлян мен Иванов сияқты ол «нәтижелі істермен» жұртшылықтың көзіне түсе қоймады. Кешікпей Гдлян оны жоғарғы жақтың тапсырмасымен барлық қылмыстық істерді күйретті деп айыптады. Мұндай пікірге қосылуға негіз жоқ. Дегенмен, көп ұзамай олардың жауапқа тартқан адамдарының басым көпшілігі сот арқылы ақталып, түрмеден босатылды. Солардың қатарында бүкіл Одаққа әйгілі болған Социалистік Еңбек Ері Ахмеджон Адылов та (кезінде «адыловщина» деген термин өмірге келген) болды. Ол жеті жыл бойы сот үкімінсіз Ресей түрмесінде отырып, үйіне қайта оралды. Жағдайын сұрап келген «Известия» газетінің тілшісіне ол былай депті: «Елге келгесін қатты таңғалдым: барлығы бұзылған, қиратылған, талан-таражға салынған, қымбатшылық. Бір кездері өзім орнатқан тәртіп жоқ, тіпті ауданда жарық та жоқ екен. «Жарық неге жоқ?» деп жұрттан сұрадым. Бірақ ешкім жауап бере алмады. Сосын баламды шақырып: «Осы ауданда жарыққа кім жауап береді, соны маған жеткізіп бер!» дедім. Ол келген соң: «Екі сағат уақыт беремін, ауданда жарық болатын болсын, болмаса сені ұрып жығамын!» дедім. Он минөттен кейін жарық жанды. Сол жанғаннан әлі жанып тұр…». Бұл – әрине, таңғалатындай жағдай…
Бәкішев іссапармен Өзбекстанда үш ай болды. Өзіне жүктелген тергеу ісін аяқтап, елге оралды. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ұсынысы бойынша қол сағатпен марапатталды.
Басқарма бастығы Нұров Қызылорда облысында ұзақ жұмыс істеген жоқ. Белгісіз себептермен Қостанайға қайта жіберілді. Кешікпей генерал-майор атағын алды. 1991 жылғы Тамыз бүлігі (ГКЧП) кезінде болған оқиғаға «мемлекеттік төңкеріс» деп баға берген қауіпсіздік органдарының жалғыз басшысы. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Уткиннің заңсыз берген тапсырмасын орындаудан бас тартып, мерзімінен бұрын отставкаға шықты. Көп ұзамай қайтыс болды. Басқарма ғимаратына Мұрат Нұровқа арналған мемориалдық тақта орнатылды.
Әмірхан БӘКІРОВ,
Ұлттық қауіпсіздік саласының ардагері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<