ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ АТАНҒАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ

872

0

ОЛИМПИАДА  ЧЕМПИОНЫ АТАНҒАН  ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ Иә, бұл туралы бірнеше рет жазылды. 1972 жылы Мюнхен Олимпиадасында баскетболдан финалда АҚШ пен Кеңес Одағы кездесіп, ойын аяқталуға 3 секунд қалғанда КСРО құрамасы алға шығып, алтыннан алқа таққан еді. Осынау драмалық шиеленіске толы бәсеке туралы 2017 жылы Ресей киношеберлері «Движение вверх» атты кинофильм түсірді. Фильм ай ішінде прокаттан бірнеше миллиондаған доллар табыс тапты. Фильм Ресейде үлкен патриоттық рухпен тамашаланды.
Қазір сол финалдық бәсекеге қатысқандардың ішінде көзі тірі үшеудің бірі Әлжан Жар­мұхамедов Мәскеуде тұрады. Бү­гін­гі айтар ойымызды тарқатпас бұрын біз жуырда «Егемен Қазақс­тан» газетінде жарияланған Бекен Қайратұлының «Әлжанның әскери билеті» атты мақаласын жариялаудан бастауды жөн көр­дім.
«1972 жылы Германияның Мюн­хен қаласында ХХ Олимпия ойындары өтті. Осы дүбірлі дода кезінде қазақ халқы үшін тарихтың жаңа парағы ашылды. Оқиғаны ашалап айтар болсақ, қазақ баласы Әлжан Жармұхамедов та­рихта тұңғыш рет Олимптің биік шыңын бағындырды. Неге екенін қайдам, осы бір жағымды жаңалыққа дер кезінде аса мән берілмей, ұзақ уақыт көмескі күй кешті. Бұған басты себеп, тұңғыш Олимпиада чемпионының өмір­баяны, яғни туған топырағы әсер еткен сияқты. Яғни, Әлжан Мүсірбекұлы Өзбекстан жерінде дүниеге келгендіктен, былайғы қауым оның ұлтын ала тақиялы ағайындарға теліп түсінген.
Бірақ ағамыздың ұлты қа­зақ екені айдай ақиқат. Оны мына суреттегі ағаның әскери би­летінен-ақ көре аласыздар. Оның бер жағында қолымызға ілінген мына бір деректі де келтіре кеткен дұрыс болар. 1972 жылғы Олимпиада тарихында КСРО құрамасы 99 медаль (50 алтын, 27 күміс, 22 қола) жеңіп алып, өзінің байырғы бақталасы АҚШ-ты басып озды.
Жоғарыдағы Одақ спортшы­ларының зор жетістігін кеңестік идео­логия әуелі елдегі ұлттар тату­лығының һәм теңдігінің жемісі деп әлемге таныту үшін наси­хат жүргізді. Соның бірі 1972 жылы «Физкультура және спорт» журналының №12 санында «Масштабы спортивной географии» атты бас мақала жарияланып, онда Олимп шыңын бағындырған мықтылар жайлы және олардың ұлттық құрамы жайлы мәліметтер келтірілген. Осы деректе, қазақ ұлттынан алтын медаль алған бір адам бар делінген. Бірақ аты айтылмайды. Ол Әлжаннан басқа кім болуы мүмкін?…
Енді мұндағы әскери билеттің жайына тоқталайық. Жасы үл­кендер жақсы біледі, Кеңес үкі­меті құжатқа аса қырағы қара­ған. Алда-жалда өтірік орын ал­са, қателік жіберген адам басымен жауап беретін болған. Демек, Әлжан ағамыздың әскери билетіндегі «национальность» де­ген жерге «казах» деп жазылуы бас­ты шындық.
Бұл құжатты алғаш көзімен көріп, оның көшірмесін жасатып, көпшілікке таныс қылған адам – журналист Талғат Батырхан. Тәкең 2005 жылы республикалық «Айқын» газетінің тапсырмасы­мен ақ қар, көк мұзда Әлжан ағасын іздеп, ат сабылтып Мәс­кеуге барады. Көзбе-көз оты­рып, ұзақ әңгімелеседі. Нәти­жесінде, «Менің қазақ екенімді ұмытпасаңыздар екен» деген атпен тұңғыш чемпионмен жүргіз­ген көлемді сұхбаты жарияланды.
Талғат Садықұлы айтады: «Әлжан көкемен әңгімелесіп отырып, бір реті келгенде «қазіргі қазақтар құжат болмаса, сөзге сенбейді, Әлеке, өзіңіздің қазақ екеніңізді дәлелдейтін қолыңызда не бар?» деп сұрадым» дейді. Әлжан Мүсірбекұлы: «Қарағым, бұрынғы кеңестік паспортымда «ұлты қазақ» деген сөз бар еді, мына ресейлік құжатта ұлт жазылмайды, бірақ әскери биле­тімде ұлтым жазылған» деп мына суреттегі жәдігерді суырып шығарып көрсеткен екен.
Әлжан ағаның әскери билетін өз қолымен ұстап көрген журналист дереу өзі қызмет етіп жүрген «Айқын» газетінің электронды адресін жазып беріп, «билет көшірмесін осыған жібе­ре қойыңыз!» дейді. Сөйтіп, құжат­тың көшірмесі газет поштасына келген. Сол тұста басылымда жұ­мыс атқарып жүрген азаматтар редакция қоржынына түскен әскери билетті көріп қалып, оны әлеуметтік желі арқылы әлде­қашан жариялады да. Бірақ онда жәдігердің жарыққа шығу тарихы айтылмаған-тын.
Сөз орайы келгенде айта ке­тейік: суретті әскери билетте Әлжан ағаның туған жері «Ташкент облысы, Бостандық ауданы, Табақсай ауылы» деп көрсетілген. Бір қызығы, 2008 жылы Бейжің төрінде Олимпиада чемпионы атанған боксшы бауырымыз Бақыт Сәрсекбаев та дәл осы ауылдан, тіпті Әлжан ағаның қара шаңырағы мен Бақыттың әкесінің үйі бір көшенің бойында көрші қоныстанған.
PS. «Егемен Қазақстан» осы­лай деп жазды. Енді біз бұл орайда  Әлжан ағаның қа­зақ қана емес, түп-төркіні қызыл­ордалық екенінен хабардар еткі­міз келеді. Әлжанның әке­сі Мүсірбектің туған же­рі –Қызылорда облысы, Қара­өзек ауылы. Ашар­шылық жылдары Ташкент өңіріне қоныс аударып, украин қызына үйленген. Әлжан жастайынан спортқа әуес болып, Ташкенттің СКА-сында, кейіннен Мәс­кеудің ЦСКА-сында өнер көрсетіп, КСРО құрамасына шақырылған. Сол құрамада Олимпиада чемпионы атанған.
2009 жылы Қызыл­ордаға келіп, қаланың 190 жылдық мерейтойына қатыс­ты. Ағайын­дарымен қауышты. Олар­дың ішінде әкесімен аталас ағайындары да бар. Біз сол кездесудің куәсі болдық.
Соңғы кездері атақты бас­кет­болшының Мәскеуден Ал­ма­­тыға қоныс аударғысы келетіні туралы хабарлар жиі­леп кетті. Иә, ол тарихи Отанына оралуды көздейді.
Ж.ӘЛМАХАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<