Жоғарыдағы сөйлем — табиғат ғажайыбына берілген физикалық анықтама. Мұны қарапайым тілге аударып көрейік. Солтүстік шұғыласы — бізге мәлім ең жарқын табиғат құбылыстарының бірі. Олар мың жылдар бойы адамдарды таңдандырып келді. Полярлық шұғыла алғаш рет 30 мың жастағы кроманьнон үңгірлеріндегі суреттерде бейнеленген. Бұл туралы деректер біздің заманымыздан бұрынғы 2600 жылғы көне қытай жазбаларында кездеседі.
Табиғат құбылысына 1619 жылы ғана латынша «aurora borealis» деген ат берілді. Бұл атауды атақты ғалым Галилей қойған. Сол уақыттарда ғалымдар солтүстік шұғыласын таңда Күннің шығуы кезінде пайда болатын құбылыс деп есептеген. Сол үшін Галилей мұндай табиғат құбылысына Римнің «Таң құдайы» мен гректердің «Жел құдайы» аттарын біріктіріп берген. 1749 жылы ғалымдар Күн циклдерін зерттей бастады. Нәтижесінде, Күн бетінде дақтар пайда болғанда Солтүстік шұғыла қатты жарқырап көрінетінін анықтады.
Полярлық шұғыланың спектрлік құрамы ендікке байланысты өзгеріп отырады. Шұғылаларды зерттеу, біріншіден, Жерге жақын ғарыш кеңістігіндегі процестер туралы ақпарат жинауға, екіншіден, оптикалық сәуле шығарулары бойынша ғарыш бөлшектерінің ионосфераға әсерін анықтауға мүмкіндік береді. Ғажайып табиғат құбылысы кейде бұлт сияқты, кейде толқын, спираль, және горизонт түріндегі түрлі пішіндерде көрінеді. Осыған байланысты әр халықтың өз наным-сенімдері бар. Мысалы, Финляндияда оларды «Отты түлкілер» деп атаса, Шотландияда «Періште», Скандинавияда оны балық аулаудың сәтті өтетінінен хабар беретін құбылыс ретінде қарайды. Инуиттер болса, оларды «Түнгі аспанда билейтін жануарлар» деп атайды екен.





