Қалам құдіреті немесе айнаның көмегімен оқылатын кітап

1892

0

Бүгінде әлемдегі ең қымбат кітап – атақты итальян суретшісі әрі мүсіншісі Леонардо да Винчидің «Лестер кодексі» атты еңбегі. Бір қарағанда қатардағы кітап көрінгенімен шығарма түпнұсқасы таңғалдырмай қоймайды. Себебі, автор мазмұн ерекшелігімен қатар жазу үлгісін де даралауға тырысқан.

Алғашқы ерекшелігі мазмұнда жатыр. Кодекс ғылыми сипатта және математикалық дәлдікпен жазылуымен құнды. Мұнда автор табиғат құбылыстарына түсінік беріп, таным биігін көрсетуге жол ашыпты. Мысалы, ай сәулесінің түсуі, су қозғалысы секілді құбылыстар туралы толымды пікір айтылған.

Кітапта ғалымның өзге танымға ұмтылуы байқалады. Әсіресе, шығармада айдың сәуле шашу сыры, жер бетінде жансыз заттың пайда болуы, су-өзен арналарының ағысы секілді тақырыптар қамтылған. Кодекстің әрбір жаңа тарауында да Винчи әлем туралы тұжырымын дәлелдеуге арнаған. Ғалымның пікіріне сүйенсек, әлем біртұтас «тірі организм» екеніне көз жетеді. Ол осы ұғымды дәлелдеу үшін түрлі түсінікке жүгінеді. Мәселен, ауа дегеніміз – «жер шарының жаны», өзендер – «қаны», жердің үсті – денесі деп көрсетуге тырысқан. Ол өзінің байқағандарын, ойға түйгендерін және логикалық тұжырымдарын жазып жүрді. Оларды суреттермен, схемалармен, математикалық есептеулер және сызбалармен бірге өрнектеуді де ұмытқан жоқ.

Аңызға айналған кітаптың басты ұстыны – айналық әріп. Екі жағы да толтырыла жазылған еңбек 18 парақ болды, ол 72 беттік кітапқа жинақталды. Ұлы ғалым «айналық хат» техникасын қолдануды ұнататын. Мұны өнертапқыштың өзі ойлап тапқанын айта кетейік. «Лестер кодексін» тек жарыққа шағылыстыру арқылы ғана оқуға болады. Кейін ғылым бұл жаңалықты – «Леонардо да Винчидің айналық хат» техникасы деп атап кетті. Суретші кітабын осы үлгімен жазып қана қоймай, аталған техниканы өмірге әкелді.

Қолжазбаны Леонардо да Винчи Милан қаласында жүргенде 1500-1510 жылдар аралығында жазыпты. Ол көп жұмысты талап еткен күрделі еңбекті құрастыруға 4 жылын жұмсап, әлемді таңғалдыруға күш салады. Ұзақ жылғы ізденіс нәтижесі көңіл көншітіп, сол кезде-ақ аңызға айналып үлгерген.

Автордың өзі еңбегін «Су, жер және аспан құбылыстары туралы трактат» деп атаған екен. Қайта өрлеу дәуірінің данышпанынан мирасқа қалып, бүгінге жеткен мұраны әлем жұртшылығы «Лестер кодексі» деген атаумен таниды. Айта кетейік, 1717 жылы қолжазбаға ие болып, оны 260 жылдан астам уақыт бойы көздің қарашығындай сақтаған ағылшын отбасының тегімен осылай аталған.

1980 жылы кітапты Лестерлердің ұрпақтарынан мұнай алпауыты және сирек кездесетін заттардың коллекционері Армад Хаммер сатып алып, ол аз уақытқа болса да кітаптың атауын «Хаммер Кодексі» деп те өзгерткен екен.

Мұнай алпауыты дүние салғаннан кейін, 1994 жылы кітап аукционға қойылады. Сол жерде оны «Microsoft» компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс сатып алады. Әлемдегі ең бай адамдардың бірі «Лестер кодексі» үшін қалтасынан 30,8 млн АҚШ долларын төлепті. Бұл – өте үлкен рекордтық баға! 2015 жылдың қаңтар айындағы бағаммен алғанда бұл цифр 44,6 млн АҚШ долларды құрайды.

Меншік иесі миллиардер Билл Гейтс «Су, жер және аспан істері туралы трактатты» қоймаға тығып қойған жоқ. Ол әлемнің түрлі музейлеріндегі көрмелер кезінде баға жетпес қазынаны құрметпен таныстырып келеді, қолжазбаны кез келген адам тамашалай алады.

Дайындаған

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<