Өткен күндер, баяғы бір хикаяттар туралы құлағымды ашып, зейінімді тосып жүретін мен мына бір шағын әңгімені аты Сыр еліне белгілі ұстаз, марқұм Елемес Байбосынов ақсақалдан естіп едім.
Мен іздеп барғанда көкеміз көңілі суалып қалған кәрілік жаста екен. Науқас меңдеп, төсек тартып жатса да іздеп барғаныма қуанып қалды. Сол кезде біраз сөйледі. Сонда ол кісінің айтқандарын тақырып-тақырыпқа бөліп жаздым.
…Көзім дәптерімде, ойым одан әрірек. Бір сәт тым-тырыс болып қалғанда мен әкейге жалт қарадым. Қапелімде не дерімді білмей:
– Ауырып отырған жоқсыз ба? – деппін.
– Балам-ай, ауру азабын тартқаным бір бұл емес, ойыма көп нәрсені түсіре алмай отырмын ғой.
– Онда ертең келейін, әке…
– Жоқ, айтып болайын, – деп ол бір күрсініп алды да керуетіне қолын таяп біраз отырып. – Енді саған Көкмұрын аталығы ішіндегі Қалша ұрпақтары туралы айтайын, – деді.
Елағаң мені жібергісі келмеді. Тағы әңгіме бастады.
– Қалшадан – Малдыбай, Жылқыбай, Бердібай, Нұрымбет, Байдәулет, Ақдәулет, Қарадәулет, Қақу деген сегізден тараған ұрпақты, олардың өмір тарихын мен білемін. Ал, тоғызыншы баладан ұрпақ болмаған соң, аты да аталмай қала береді, өзімнің де есімде жоқ, – деді әкей. – Қалша бабамыздың да қызық тарихы бар. Бір күні аңға шықса алдынан арлан қасқыр көлденеңдепті. Аңшы топ қасқырды қуа жөнеледі. Жұрттың аты ұзақ шабысқа жарамай қалады. Қалша бөлініп, жеке қуады. Бір уақытта қасқыр Қалшаға қарсы шауыпты. Сонда барып ол кілт тоқтайды, ал, қасқыр көзден ғайып болады.
– Мен осы жерде өлемін, – дейді Қалша артынан жеткен жолдастарына, – әлгі қасқыр менің пірім екен!
Осынысы рас келеді, Қалша осы аялдаған жерде қаза болады. Сол жерден кейін бұлақ шығып, айналасына қара тал қаптап өсіпті. Мұны бала күнімізде естуші едік. Халық ішінде «Қалшаның қара талы» деген тіркес бар, демек, ол – жердің аты, бірақ, оның қай жер екенін ешкім әлі күнге білмейтін. Сөйтсек, Қармақшы жақта екен. Оны көргендер айтып келді, қара тал өскен, басында бұлағы бар ескі бейіттің жанында құлап қалған тас көріпті. Таста қос әліптің белгісі бар екен. Ал, қос әліп – Қыпшақтың белгісі. Ендеше бұл Қалша болмағанда кім? Сол бабамыздың аңыз болған біраз жорықтары туралы, оның ұрпақтары туралы да айта аламын…
Елағаң шаршаңқырап қалғанын өзі де сезіп, әңгімені осы жерден үзді. Тағы бірнәрселер айтқысы келгендей болғанымен, алқынып қалды. Мен қипақтап кететін ыңғай білдірдім. «Кейінірек келейін» деп едім, басын изеді.
Содан қайтып Елағаңмен жүздесуге тұз-дәм бұйырмады. Көп ұзамай көкірегі шежіре тұнған қарияның қайтыс болғанын естідім.
Қалша ұрпақтары туралы да әңгіме жалғаспайтын болды…
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<