Қамшы және қамшыгерлік

10945

0

Сурет ашық дереккөзден

Өткенсіз ештеңенің де өзіндік мағынасы, қасиет-қадірі мен құны болмайды. Мың жерден ғарышты игеріп жатырмыз, жаңа технологияның жағасына жармасып жатырмыз дегенмен, қай нәрсенің де, тіпті әлемнің де бастауы бар. Не нәрсенің де себеп-салдары болады. Мысалы, мылтық шүріппесінің басылуына құланның қасынуы себеп болады немесе шөптің басы қимылдауы үшін міндетті түрде жел тұруы керек.

Мүмкін, қазіргі жаңа заманның жарты сағат қана бұрын аспаннан түскендей жаңаша ойлайтын, компьютердің құлағында ойнайтын, ұялы телефонын сермеп селтеңдеп, өткенді есіне де алмайтын, ата-баба тектілігінің иісі мұрнына да бармайтын кейбір тоғышарлар ата-бабаларымыздың қамшысына қарыздар шығар.

Бұрын қамшының тек атын естіп, анда-санда ғана көріп жүргеніміз болмаса, ол жөнінде білуге онша мән бермейтінбіз. Бәрінде болмаса да, кей үйде киеліге баланып қамшы ілулі тұратыны да рас. Оны көріп жүрміз. Төріне қамшы іліп қойып ем-дом жасаушылардың да кездесіп қалатыны бар.

Солардан қамшы жөнінде білгің келіп сұрай қалсаң, түсіндіре алмай қиналып қалады не мардымды жауап қайтара алмайды.

Қамшы – қазақ баласына ертеден-ақ етене таныс құралдың түрі, ат-көлік, мал айдауға арналған жабдық. Сонымен бірге шын машықтанған адам үшін қорғануға, қарсыласын ұрып жығуға арналған суық қару.

Қазақтың көшпенді тіршілік салтына, мал шаруашылығына байланысты үзеңгіге аяғын салуды үйренген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін, ат мінген ер мен әйел, бәрі де қамшы ұстай білген.

Әркімнің өзіне ғана жарасатын, өзіне сәйкес қамшысы болған. Атқа мінгенде қамшысы қолында, білегінде, қонышында, белінде, тақымында, ердің алды-артында ілулі тұрады. Қарбалас сәттерде ауызға да көлденең тістеледі. Бұрынғы қазақ салтында қамшы ұстап үйге кіру жаман ырым саналған. Келген адам оны үй сыртына немесе ат үстінде қалдырып кіретін болған. Қамшыгер адамдардың жай адамды қамшымен ұруына тыйым салынған.

Қамшы арқылы жауынан қорғанған немесе жайратып салатын адамдар қамшыгер атанған. Бұл тума қабілет болып саналса да, адам табиғатындағы ептілік, шалттық, дәлдік, мергендік, сезімталдық, жүректілік, қарулылық сияқты қасиеттерсіз оны қолдану мүмкін болмаған.

Қамшы үйіре білетін адам үшін ол – ат үстіндегі шайқастың таптырмас қаруы. Қай жерден қалай ұруына байланысты тіліп түседі, сызады, осады, көгертеді, жаралайды, сындырады, өлтіреді.

Жануарлардың да, адамның да осал жерлері болады. Адамда шеке, самай, құлақ шеке, маңдай, көз, шынтақ, тобық, ит пен қасқырда тұмсық, бура, бұқада маңдай. Қамшыгер қай жерден ұруды өзі таңдайды екен.

Қазақ дәстүрі бойынша екі жақтың келіспеушілігі кезінде өлмейтін жерден қамшымен ұрып құлатып, аттан түсіріп кетуді жеңіске санаған.

Қыстың күні бүркіт салып жүрген қазақтың аңшы жігітіне жайылымы көршілес қалмақтың құтырған бурасы тап береді. Оң қолына қондырған бүркіті болады да, жігіт ауыз сала берген бураны маңдайынан сол қолмен тартып жібергенде, бура дауыс шығаруға шамасы келмей, етпетімнен түседі. Мұны көріп тұрған бура иелері: «Сен қамшымен емес, басқа нәрсемен ұрдың, құнын төле» дегенде, әлгі жігіт анадайдан қайта айналып шауып өте беріп бураның басын қамшымен тартып жібергенде бас сүйегін опырып, миын аузына түсіреді. Мұны көрген бура иесі жөніне кете беріпті.

Қамшының түрлері де көп: ат қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, күдері қамшы, жортуыл қамшы, шолақ қамшы, білеу қамшы, киелі қамшы, жылан бауыр, тобылғы сапты, төрт таспа, бес таспа, алты таспа, сегіз таспа, жұмыр, төрт қырлы, алты қырлы, ерлерге арналған, әйелдерге арналған, шал-шауқанға, балаға арналған қамшы.

Қытай жерінде тұрған Әріп атты жас жігіт 1940 жылы жазда жоқ іздеп ел аралайды. Кездейсоқ тойда көкпарға араласып, лақты ала жөнеледі. Соңына түскен үш жігіт қуып жетеді де, Әріпті бас салып сабай бастайды.

Үш бірдей дойыр қамшы жанына батқан Әріп үшеуінің бірін жауырынның ортасына қамшымен тартып жібергенде, әлгі жігіт тіл тартпай кетеді. Қамшы бешпентті, көйлекті жыртып, қабырғаны сындырып, өкпеге тиген. Кісі өлімі болса да ел-жұрт сабағандар кінәлі деп, ел дәстүрімен құнды тындырады.

1952 жылы Қытайда өкімет өзгергенде, өлген жігіттің туыстары дауды қайта қозғайды. Жергілікті Қытай үкіметі істі байыптай келе, Әріпті тағы да ақтайды. Қытайлықтар қамшыгерлікке көңіл аударып, Әріптің өнерін байқаудан өткізеді. Қамшымен әрі де бері де ұрып көреді, бірақ ештеңе өндіре алмайды.

Әріптен қамшыгерліктің сырын сұрағанда: «Мен ұратын сәтте тек сол затты ғана көремін. Ал қамшыны қалай жұмсағанымды білмеймін» депті.

Соған қарағанда қамшыгерлік атадан балаға берілетін қасиет әрі ішкі дарын болса керек.

Мынадай хадис бар екен. Бірде Хазіреті Әли түсінде аспан мен жерді жағалап тұрған қамшыны көріп, түсін пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с-ға  айтқанда, Алланың елшісі: «Қамшы – Жаратушы мен адам баласы арасындағы адал достық» деп жауап береді. Мүмкін, қамшыны киелі санау осындай себептен де шығар.

Қамшы және қамшыгердің өнері мұнымен шектелмейді. Салыстырмалы түрде қараса, бұл өнерді де қытайлық, жапондықтардың күрес тәсілдеріне ұқсатуға болады. Тек айырмашылығы олар өздерінің көне тәсілдерін дамытып жатқан болса, біз бұрынғы ата-бабаларымыз бағалай білген бұл өнер қазір жоғалып бара жатыр немесе мүлдем ұмытылды десе де болады.

Ә.ӘЛКЕБАЙҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<