Қаржы саласының майталманы

987

0

Қаржы саласының жұмысы күрделі де жауапты екені белгілі. Өйткені, ол – мемлекеттің, облыстың, қаланың, ауданның бюджетін құрауға, оның сапалы орындалуына тікелей жауап беретін сала. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасының бастамасымен қабылданған «Қазақстан-2030» стратегиясының негізгі басымдығы ретінде экономикалық өсу міндеті тұрды.

1991 жылы ҚР «Салық жүйесі туралы» заңы қабыл­данды. Бұл кезең нарықтық эконо­микаға енді ғана бет бұрған кезең болатын яғни, өте күрделі кезең еді. Осы тұста аймақтың қар­жы тайқазанына жауапты болған, ішкі мемлекеттік аудит депар­­таментінде ұзақ уақыт қыз­мет еткен Сайлау Нұр­сейітовтің еңбегі мен ұйым­дастырушылық шебер­лі­гін атап өткен жөн.

Ол Тәуелсіздік алған ал­ғашқы жылдары саласының бас­таушылары қатарында оның дамуына өз білімімен, жинақтаған тәжірибесімен үлкен үлес қосып, жақсы ұйымдастырушы екенін көр­­сете білді. Сайлау Нұр­сейітов 1959 жылы Алматы қала­сындағы Орталық тұтыну­шылар одағының коопера­тивтік техникумын бі­тір­ген. Еңбек жолын облыстық тұты­нушылар ода­ғының меке­ме­сінде бас есеп­ші болып бастаған.

Сала ардагері қызметтегі алғашқы жылдары туралы: «1962 жылдың басында Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік облыс­тарын таратып «край» құрды. Орталығы Шымкент қаласы болды. Облыс орта­лығындағы әкімшілік таратылып, біраз қыз­меткерлер сонда ауысты, біразы жұмыссыз қалды. Осыған байланысты Сырдария ауданы таратылып, Тереңөзек ауданына қосылды, аудан орталығы Тереңөзек қыстағы болды. Біз аудандағы тұтынушылар ода­ғына есеп беретін болдық.

Тасбөгеттен Тереңөзекке есеп-қисап тапсыру үшін ­жаяу-жалпы Қараөзектен па­ром арқылы өтіп баратын­быз. Ертең не ішеміз, отбасын қалай асыраймыз, ақша жинайық, келешек керек болар деген ой бізде болған емес. «Тапқанымыз – тамағымызға» деп, жүріп жаттық. Біреуден бірнәрсе алайық деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кіріп те шыққан емес. Ата-анамыздың: «Таза жүр, ешкімнен ешнәрсе сұраушы болма. Біреуден сұрағанның қайыры болмайды» деген сөзі бойға сіңіп кеткен» деп жазған екен.

Жазбадан қаржыгер жай мамандық емесін аңға­ру­ға болады. Бұл саланы игер­ген­дердің ішкі жан-дүниесі мен ойлау қабілеті бір арнаға тоғысуы керек. Себебі қар­жыгер үшін әділдік ең бірінші орында тұруы тиіс. Ақшамен жұмыс істеу, өз кезегінде жауапкершілік пен белсенділікті талап етеді.

Сайлау Нұрсейітов 1972-1997 жылдары облыстық жол­дар басқармасында, Сыр­дария ауданы Айдарлы кең­­шарында бас есепші, Қар­жы комитетінің аудандағы бас бақы­­лаушы-тексерушісі, аудан­дық мемле­кеттік сақтан­дыру меке­месінде, қаржы бөлімінде басшы қыз­меттерін абыроймен атқарды.

1997-2001 жылдары облыс бойынша қаржылық ба­қылау басқармасында аға бақы­­лаушы-тексеруші болып еңбек етіп, зейнетке шықты. ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті облыс бойынша департаментінің құр­метті ардагеріне Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілген.

Өңірдің әлеуметтік-эко­но­ми­калық өсуіне өлшеусіз үлес қосқан Сайлау Нұрсейітов 2020 жылы өмірден озды. Отбасында үлгілі әке, әулетке аға болған азамат жары Жансары Адыранқызымен үш перзент тәрбиелеп өсірді. Қазір ұлдары Нұрлан мен Рахымжан, қызы Айгүл де жауапты қызметтерде еңбек етіп, ел дамуына өз үлесін қосуда.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<