Қазақстанның ең алғашқы прокуроры кім?

2341

0

Өткен ғасырдың 30 жылдары Қызыл империя тарапынан жасалған саяси зұлмат ұлттық тарихымыздың ақтаңдақ беттері болып қала бермек. Осы кезеңде қазақтың қаншама зиялы азаматтары қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылды. Солардың бірі Қазақстанның тұңғыш прокуроры, белгілі мемлекет қайраткері Сүлеймен Есқараев еді.

Сүлеймен Есқараев 1897 жылы 17 тамызда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген.  1910-1918 жылдары Ақмешітте (қазіргі Қызылорда) кірпіш зауытында, темір жолда жұмыс істеп, Азамат соғысына қатысады. 1919-1920 жылдары  Ташкенттегікеңес-партия мектебінде оқиды. 1920-1925 жылдары РК(б)П Сырдария облысы комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, Ташкент облысы төтенше комиссиясы бастығының орынбасары, Ақмешіт уездік-қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, РК(б)П Түркістан ОК бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары, Сырдария облысы кеңесі атқару комитетінің төрағасы, РК(б)П Сырдария облысы комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1925-1928 жылдары Қазақ АКСР ішкі істер халық комиссары қызметтерін атқарады.

1928 жылы Кеңестер билігі тарапынан ұлтшыл ретінде айыпталып Қазақстаннан қуылып, Орынбордағыөлкелік милиция мектебінің бастығы қызметін атқарады.                    1930-1933 жылдары Мәскеуде Бүкілодақтық жоспарлау академиясында білімін жетілдіріп, 1933-1937 жылдары аралығында Қарағанды облысы кеңесі атқару комитетінің төрағасы,

 1936 жылдыңақпанында Юстиция халық комиссары және республика прокуроры болыптағайындалады.

1936 жылдың 17 сәуірінде РСФСР Юстиция халық комиссариатының кеңесінде Қазақстандағы Юстиция және прокуратура жағдайын жан-жақты түсіндіріп, мәлімдеме жасайды. Көтерілген мәселелер бойынша кеңес 19 баптан тұратын арнайы қаулы қабылдайды.

            Сүлеймен Есқараев аз уақыттың ішінде аса маңызды талай мәселелерді көтеріп, олардың оң шешімін табуға қол жеткізеді. 1937 жылдың бюджетіне Юстиция комиссариаты ғимаратының құрылысын жүргізу енгізіліп, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында ұлттық құқықтық мектептер ашылады. Қазандағы заң институтына 50 орын (ұлттық кадрлар үшін) бөлінеді. 1936 жылдың күзінде Қазақстанның өз алдына тәуелсіз прокуратурасы құрылады. Сүлеймен Есқараев Юстиция комиссариатын 1936 жылдың 17 тамызына шейін басқарады. 1937 жылы Қазақстан комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде болып, сол жылы Қазақстан компартиясының бірінші съезінде Сүлеймен Есқараевқа халық жауларымен байланысы бар жалған деп айып тағылып, Съезде «Есқараев контрреволюцияшыл ұйымда болғандығын мойындады» деп хабарлаған күні жалған айыппен тұтқындалады.

Сүлеймен Есқараев алдын ала тергеу барысында да және одан кейін де республика прокурорымен кездестіруді бірнеше рет сұраған екен. Оны тергеу құжаттарындағы жазылған қ­ағаз­дар дәлелдейді. Бірақ барлық өтініші еске­русіз қалған. Ал КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасы 1938 жылғы 25 ақпанда оны атуға үкім шығарады. Сот мәжілісі бар болғаны 20 минутқа созылған. Осы санаулы сәттерде айтулы азаматтың, адамның тағдыры оп-оңай шешіле салған. Сол кездегі «Социалистическая Алма-Ата» газетінде жарияланған хабарға сүйенсек, онда КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы өзінің жабық сот мәжілісінде 19 адамға «ұлтшыл-фашист, троицкисшіл-бухариншілдер» деген айып тағып, оларды ату жазасына кескені айтылады. Олардың алдыңғы қатарында қазақтың арыс азаматтары Ұ.Құлымбетов, Т.Жүргенов, Ж.Сәдуақасов секілді толымды тұлғалармен бірге С.Есқараев та болады.

Жары Мәуия Есқараева да «Алжирге» айдалады. Қызы Әлия, баласы Марат «халық жауының ұрпағы» ретінде тәрбиелейтін Алматыдан мекеме балалар үйіне алынады.Сүлейменнің туған ағасы Сейдалы Маратты балалар үйінен айламен алып кетіп, ер жетуіне үлкен үлес қосты. 1957 жылы 5 қарашада Сүлеймен Есқараев ақталды.

Бүгінде Қызылорда қаласының бір көшесі Сүлеймен Есқараевтың есімімен аталады. Үкіметтің 1997 жылғы 3 желтоқсандағы №1485 қаулысына сай, облыста «Есқараевтың 100 жылдық тойы» кеңінен атап өтіліп, ол дүниеге келген Қармақшы ауданындағы № 27 Жосалы лицейіне есімі берілді. Сондай-ақ, мерейтой қарсаңында Бас прокуратура жанындағы Заңдылық, құқық тәртібі проблемаларын зерттеу және прокуратура органдары кадрларының біліктілігін арттыру институты Сүлеймен Есқараев есімімен аталады.

Г.ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ,

Ақмешіт филиалының экскурсоводы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<