Қазақтың бір баласындай

1019

0

Көпұлтты Отанымызда Қазақстан халқын құрайтын ұлттардың және өткен ғасырдың отызыншы жылдарының екінші жартысында сталиндік қуғын-сүргіннің қасіретін көрген этностардың бірі – корейлер.

Еңбекқор, бейнеткеш, ешкімнің ала жібін аттамайтын, өтірік айтпайтын осы бір халықтың Қазақстанға, Сыр бойына қоныс тепкеніне 80 жылдан асып барады. Ортақ мақсаттары, сенім-нанымдары бір корей ағайындардан Еңбек ерлері де, мемлекет, қоғам қайраткерлері де, спорт, ғылым және өнер, мәдениет майталмандары да шықты.

Қандай да ұлт, ұлыстың арқасүйер, көш бастайтын, халқының ұйытқысы бола білетін, ел таныған азаматтары болады.  Сондай  азаматтардың бірде, бірегейі, қазақтың бір баласындай болған Жалағаш топырағына тер төгіп, еңбек еткен, халық қалаулысы  Ким Яков Яковлевич еді.

Корей ұлтының адал перзенті Ким Яков 1908 жылы Примор өлкесі, Уссурий облысы, Покровка ауданы, Сидельников селосында шаруа отбасында дүниеге келді. Жастайынан жігерлі бала орталау мектепті бітіріп, жергілікті комсомол ұйымында жетек­шілік жасап, ұйымдастыру жұмы­сына белсене араласқан. Кейін­нен өзі тұратын селолық кеңестің хатшысы қызметін атқарып жүргенде Қазақстанға жер аударылады. Қызыл­орда облысына келгеннен кейін «Ақжар» МТС директорының орынбасары, 1939 жылы Жалағаш ауданы құрылғанда, аудандық жер бөлімінің меңгерушісі, ау­дандық партия комитетінің бюро мүшесі қызметін атқарады. Білікті басшы ретінде 1954 жылға дейін ауданның тыныс-тірші­лігінің күретамыры болған Қаракеткен, ке­йіннен Жалағаш МТС-ның директоры қыз­метін атқарады.

1954-1956 жылдары жоғарғы партия орындарының ұсынысымен респуб­ликалық «Ленин кичи» газетінің оңтүстік аумақтағы меншікті тілшісі болды.

– 1956 жылдың жаз айында аудандағы алдыңғы қатардағы Калинин атындағы колхоздың төрағасы Пак Дон Сек отбасымен Сырдария поромында суға кетіп, қайғылы қазаға ұшырады, – дейтін сол жылдары аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болған, марқұм еңбек, соғыс ардагері, құрметті ағамыз Болтай Тасы­баев. – Бұл жағдай колхоз жұмысына кері әсерін тигізе бастады. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Байбол Сопбеков Калинин колхозына барып, ауыл азаматтарының басын қосып, колхоз төрағалығына кімді сайлау жөніндегі ойларын білуге тапсырма берді. Сол күні колхозға барып, белсенділерді жинап ашық әңгіме өткіздім, аудандық партия  комитетінің  ойын білдірдім. Олар респуб­ликалық «Ленин кичи» газетінің меншікті тілшісі Ким Яков Яковлевичті колхоз басқармасының төрағалық қызметіне ұсынуды сұрады.

Мен бұл әңгімені Б.Сопбековке толық баяндадым. Ол «Ленин кичи» газетінің редакторымен хабарласып, Ким Яковтың колхоз төрағасына ұсынылып жатқанын айтты. Редактор аудандық партия комитетінің ұсынысын қолдайтынын айтты.

– Мен алғаш рет Ким Яковты Б.Сопбековтің қабылдауында болға­нымда көрдім, – дейді Бөкең. Орта бойлы, мығым денелі, ақ шашты жігіт ағасы қазақ тілінің майын тамызып, ауданда өзі қызмет атқарған жылдардағы өткен-кеткендерді көсіліп сөйлеп отырғанда, мен нағыз қазақтың абыз ағасымен сойлесіп отырғандай болдым. Сонда:

– Сізді колхоз басқармасының төр­аға­лығына лайықты адам деп ұсынып отырмыз, – деді бірінші хатшы.

– Бөке, сенімдеріңізге рахмет, қолдан келгенше халыққа қызмет жасаймын, – деді ол. Б.Сопбеков сөзін жалғастырып «сізді халық қажет етіп отыр» деді. Міне, осылай қабілетті басшы, іскер ұйымдастырушы, шаруашылықты басқа­рудың тізгінін мықтап қолына алды.

Колхоз өз күшімен қысқа уақытта 250 орындық клуб, монша, диірмен, машина-трактор ауласы, тұрақты электр станция­сы, ағаш өңдейтін цех, ұстахана, дала қостары, бірнеше тұрғын үй мен өз өнімдерін халыққа арзан бағамен сататын дүкендер салды. Колхозда республикалық сорт сынау учаскесі жұмыс істеді. «Кубань-3» күріш тұқымы аудандастырылып, егіле бастағанда облыстағы іргелі тірек шаруашылығына айналды. Озат тәжірибе облыс көлемінде насихатталды. Кейіннен ел басқарған Қаһарман Табынбаев, Ермағанбет Тұрабаев, Сартай Маханов, тағы басқалар Ким Яковтың шәкірттері еді.

Елуінші, алпысыншы, жетпісінші, жылдары Ким Яковтың тұсында он бес ұлттың азаматтары тату-тәтті еңбек етті. Ауылда, ауданда өткізілетін тәрбиелік мәні бар мәдени-көпшілік шаралардың басында төраға өзі болатын. Сол жылдары ауыл спортын дамытуға бас болып, қарапайым спорт алаңдарын салып, колхоздың футбол, волейбол, баскетбол командалары ауданның намысын қорғап жүрді. Үрмелі (духовой) оркестр Калинин колхозында болды. Ауылда он бес төсектік аурухана жұмыс істеді. Шаруашылық жыл сайын өңдірістің барлық түрінен жоспарлары мен міндеттемелерін асыра орындап, 1969 жылы бесжылдықтың қорытындысымен Ким Яков екінші рет «Ленин» орденімен, көптеген еңбек озаттары орден-медальдармен марапатталады. Колхоз кеңшарға айналғанда  шаруашылық сол кездегі ақшамен 300 мың таза пайдамен шыққан екен. Колхоздың жарғысына байланысты пайда колхозшыларға жалпы жиналыс қаулысымен бөлініп берілуі тиіс болса да, ары және жүрегі таза колхоз төрағасы мемлекет бюджетіне аударған.

Он жеті жыл шаруашылық басқарған Ким Яковтың еңбегі бағаланып, екі мәрте «Ленин» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мақтау грамоталарымен, бірнеше медальдармен, көрме белгілерімен марапатталды. Ауылдық, аудандық, облыстық кеңестердің депутаттығына сайланды. Республикалық дәрежеде зейнеткерлікке шықаннан кейін де екі жыл шаруашылықта, қатардағы агроном, ақылшы ұстаз болып, жастарды баулуға еңбек сіңірді. Үкімет Ким Яковтың еңбегін бағалап, Шымкент қаласынан үй берді. Сол жақта жүрсе де өмірден өткенше елмен байланысын үзген жоқ.

Мен еңбек жолымды осы кісінің қол астында қатардағы колхозшы болып бастаған едім. Ауылда бір көше оның атымен аталады. Ол кісінің бейнесі ауылдық, аудандық мұражайға қойылған. Осындай атпал азаматтың қазіргі ұрпақтары кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде ортақ үйіміз – Қазақстанның жарқын болашағы үшін еңбек етіп жүргеніне мақтанамын. Расында да, Яковтың өмірі – мақтауға лайықты ғұмыр. Абзал азаматтың өмір деректерін оқырмандарға таныстырып, бүгінгі жас ұрпақ осындай ардагер аталарынан үлгі-өнеге алсын деген мақсатым бар.

Өкініштісі, аудан өндірісінің күре­тамыры – Қаракеткен және Жалағаш ­МТС-ның ­директоры болып қызмет атқарған, үлгілі тірек шаруашылықты он жеті жыл басқарған еңбек ардагері жайлы ауданның 60, 70, 80 жыл толу мерекесіне арналып шыққан естеліктерде толық мәлімет берілмеуі көңілге қаяу түсіреді.

Рысбай КӘРІМОВ,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар

одағының мүшесі,

Жалағаш ауданының

құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<