«Барлық ғұмырымды мейлі ұзақ болсын, қысқа болсын сіздерге, біздің ұлы империямызға, өзім шыққан әулетке қызмет қылуға арнаймын». Бұл – 1952 жылы 6 ақпанда әкесі қайтыс болғаннан кейін Ұлыбритания тағына отырып, 70 жыл ел басқарған ІІ Елизаветаның коронация кезінде берген анты. Тәж киген кезде небәрі 26 жаста екен, қыркүйектің 8-і күні 96 жасында қайтыс болды.
II Елизавета тек өз елінде ғана емес, бүкіл әлемде құрметке ие болды. Бүгінде Ұлыбританияда және Ұлттар Достастығында тұратын адамдардың көпшілігі оның билігі дәуірінде туып, өмір сүрді. Сол «Жаңа Елизавета дәуірі» деп аталған дәуір 8 қыркүйекте аяқталды. Ол ең ұзақ тақта отырған монарх ретінде тарихта қалды. Қазір Ұлыбританияда патшайымға құрмет ретінде қаралы күндер жарияланған. Ту төмен түсіріліп, ойын-сауық бағдарламаларына тыйым салынған.
Қазақшалап бұйрық дейміз бе, бақ дейміз бе, бәлкім тағдыр дерміз, Елизавета дүниеге келгенде тақ мұрагері болмаған. Ағасы Эдуард тақтан бас тартқанда болашақ патшайымның әкесі VI Георг билікке келеді де, Елизавета мұрагерліктің бірінші кезегіне өтеді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде сол кездегі ханшайым автомеханик ретінде әскери қызмет атқарды. Ал 1947 жылы Эдинбург герцогы Филиппке тұрмысқа шықты. Күйеуі де 100 жасқа қараған шағында былтыр дүниеден өтті. Олардың Чарльз ханзада, Анна ханшайым, Эндрю ханзада, Эдвард ханзада есімді 4 баласы, немере-шөберелері бар. Мұрагерлік тағын ең ұзақ күткен Чарлз ханзада 73 жасында ІІІ Карл король атанды.
II Елизавета таққа отырғаннан бері Ұлыбританияда Уинстон Черчилльден бастап 15 премьер-министр, АҚШ-та Гарри Трумэннен бастап 14 президент ауысты. Ол жаһандағы ең айтулы тарихи оқиғалардың куәгері болды. Ұлыбритания аумағындағы бірқатар ел тәуелсіздікке қол жеткізді. КСРО мен Батыс арасында қырғи-қабақ соғыс болды. Адам ғарышты бағындырды. Әлемдегі саяси және экономикалық жағдай мүлде басқа бағытқа өзгерді. Осынша өзгермелі дүниеде антына адалдығынан айнымағандықтан болар, БАҚ патшайымды «құбылмалы әлемдегі тұрақтылық символы» деп атады. Ұлыбританияда төлқұжат патшайымның атынан берілетін болғандықтан, бұл елдегі өзін төлқұжатпен қамтамасыз ете алмайтын, яғни төлқұжаты жоқ жалғыз адам еді.
«Лондон көпірі құлады». Бұл – 1960 жылы жасалып, жыл сайын жаңартылып отырған «London Bridge» операциясының, яғни патшайыммен қоштасу мен жерлеудің арнайы жоспарын бастауға арналған код. 62 жылдан бері әр минуты есептелген операция, турасын айтқанда он күндік рәсім осы күндері орындалуда.
Қыркүйектің 9-ы, яғни патшайым қайтыс болған күннің ертеңіне III Карл ресми түрде жаңа патша болды, оған үкімет мүшелері мен Сент Джеймс сарайындағы Құпия кеңес мүшелері қатысты. Екінші, яғни 10 қыркүйек күні Елизаветаның денесі салынған табытты Эдинбургке әкелді, сол жерде Холируд сарайында еске алу шарасы өтті. Содан кейін табыт Лондонға жіберілді. Үкімет мүшелері мен премьер-министрмен бірге оны Букингем сарайына апарды. Бесінші күн дегенде табыт Вестминстер сарайына, шіркеу қызметіне әкелінді. Ал алтыншы күннен тоғызыншы күнге дейін марқұм патшайымның денесі қоштасу үшін ашық болады. Оныншы күні Вестминстер аббаттығында ресми жерлеу басталады, жалпыұлттық үнсіздік минуты жарияланады.
Букингем сарайының хабарлауынша, патшайымды жерлеу рәсімі 19 қыркүйекте Вестминстерде өтеді. Шіркеу 2000 адамдық, 1947 жылы Елизавета мен Филипптің некесі қиылған жер және мұнда 1066 жылдан бері коронация рәсімдері өткізіліп келеді. Жерлеу жиынына тек король отбасы ғана емес, ондаған мемлекет пен үкімет басшылары қатыспақ. «Бұл ғасырдың ең ірі дипломатиялық оқиғасы болуы мүмкін» деп жазып жатыр БАҚ.
Патшайымды жерлеу рәсіміне дайындық ауқымды логистикалық және дипломатиялық міндеттерді шешумен есте қалмақ. Қатып қалған протоколдан ауытқымайтын жиынға қатысу үшін Лондонға ондаған мың адамның келуі, олардың ұшып-қонуы, тұратын орны сияқты мәселелерді үйлестіру оңай емес.
Монархты жерлеу рәсімі жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 11-де өтуі тиіс. Патшайым Виндзор қамалында әкесі Король VI Георгтің шіркеуінің жанында жерленеді. Осылайша Ұлыбританиядағы ең ұзақ тақта отырған билеуші тарихқа айналады.
М.МЕРЕЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<