Елге аты белгілі Амангелді Сапаров деген емші-көріпкел азаматпен таныс едім. Талай қазақ баласын жаман әдеттерден арылтып, беттерін құбылаға бұрып, тура жолға салған, ауруларына шипа іздегендерге шапағатын тигізген кісі.
2000 жылы сәуір айында Амангелді маған Укаша атаның басына барып, дұға жасап қайтайық деді.
Мен Укаша сахаба жөнінде, оның құпиялы құдығы туралы бұрында да естіген едім, қызығушылығым ауа түсті. Құдыққа қауға салса, ниеті түзу, иманы берік адамға су шығады екен. Су шығара алмай, талай адамның тауы шағылыпты.
Укаша ата әулие шамамен VІ-VІІ ғасырларда өмір сүрген, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың замандасы, ислам дінін таратушы ілімдар. Оның мазары Қаратаудың күнгей бетінде, «Өгіз тау» шатқалы маңындағы қыратта, Түркістан қаласынан 42 шақырым жерде екен. Кесененің батыс жағында 200 метрдей жерде Укаша ата құдығы орналасыпты.
Амангелдінің қасында Өзбек дейтін жігіт бар, шамасы лақап аты болар, үшеуміз сол жерге ертелеп шығып, түсте жеттік. Зияраттап келген кісілердің қарасы қалың. Биіктен бір шақырымдай төмен түсіп, құдық басына жеттік. Алдымен Амангелді құранын оқып, қауғасын құдыққа салды. Жарты шелектей су шықты. Артынша Өзбек те «Фатихасын» оқып, шелегін төмен тастады. Оған да су шықты. Кезек маған келді. «Елге танымал күйшімін, су маған шықпағанда кімге шығады» деген күпірлігім өзіме ғана аян. Шелекті құдыққа салып, әрі-бері шайқап, қауғаны тарта бастадым. Шелек ауыр, демек су да бар. 35-40 метрдей терең құдықтан шелек шыққанша ойым сан-саққа жүгірді. Құдайдың құдіреті, шелектің сыртынан су тамшылап тұр, ал ішін шүберекпен сүртіп алғандай құп-құрғақ. Тілсіз қалдым. Амангелді мен Өзбек мені жұбатып жүр, «тағы сал, тағы сал» дейді. Тілімді калимаға келтіріп, тағы салдым. Тағы сол көрініс қайталанды. Шелектің сыртынан су тамшылап тұр, ал іші құп-құрғақ. Қанама сыймай жарылып кеттім. Шелектің мыж-мыжын шығарып лақтырып жібердім. Сірә, ашуыма былапыт сөздерді де қосып жіберсем керек, Амангелді сәл ренжіп: «Әулиелі жерде жаман сөз айтуға болмайды, бет-ауызың қисайып кетсе, ем қонбайды» деп, тәубеме түсірді. «Ер кезегі – үш» деген, жаңа шелекпен тағы бір салшы» деді әбіржіп. Дәретімді алып, білетінімді айтып, бетімді сипадым:
– Ей, Алла, су шықса арақты да, темекіні де тастаймын, ендігәрі жаман әдетке жоламаймын, – дедім Құдайдың алдында отырғандай. Мұны естіп тұрған Амангелді мен Өзбек:
– Кәне, әкел қолды, – деді, қол алыстық.
Жез шелекті күмілжіп тұрып құдыққа тастай бердім. О тоба! Шелек толы су шықты. Екі көзімнен еріксіз жас шығып кетті. Достарымның қуанышында да шек жоқ. Суды қанып ішіп, қалғанын тас төбемнен құя салдым. Амангелді жымиып тұрып:
– Төке, тағы салсаң тағы су шығамын деп тұр ғой, – деді.
– Қой, осы да болады, – дедім, қанағатым мен қорқынышым қоса қабат. Олар да сал, сал деп болмады. Біссімілләмды айтып, шелегімді тағы да тастап жібердім. Құдайдың құдіретінде шек жоқ, тағы шелек толы су шықты.
Міне, мен сол 2000 жылдың сәуір айында берген уәдемді орындап, бес уақыт парызымнан жаңылмай келемін. Аллаға шүкір, ісім оңға басып, жағдайым да түзеле бастады. Отбасымда береке орнап, жүрек тынышталды.
Амангелді екеуміздің ортақ танысымыз бар еді. Ол – ішкі істер саласында қызмет істейтін Қалабай Қожанов дейтін азамат. Иманы күшті жігіт, айналасынан тек алғыс алып жүрген жан. Өзім бала кезімде бұзықтау болдым, талай рет милицияның қолына түстік. Содан болар, милицияның мінезін бірден танитынмын. Ал, Қалабаймен қанша уақыт бірге жүріп, ішкі істерде қызмет ететінін білмеппін. Көп әңгімеге жоқ, мен былаймын, сен олайсың дегенді мүлде айтпайтын. Мінезі мәрт, жүрегі жұмсақ азамат болатын.
2004 жылдың шілде айында Амангелді маған келіп:
– Қалабай мен Сараның отандасқанына жиырма жыл уақыт болыпты. Балаларының алды оқу бітіріп жатыр. Екеуін некеге тұрғызайық, – деді.
– Некесі несі, ЗАГС-ке тұрмап па еді? – дедім мен түсінбей.
Сөйтсем дәстүр бойынша ерлі-зайыптыларға мұсылманша неке қию парыз екен.
Сонымен Арыстанбабқа барып, зиярат етіп, сондағы молдаға Қалабай мен Сараның некесін қидырдық. Амангелді екеуіміз куәгерміз. Кәдімгідей, құжаттарға қол қоятын және басқа да бірнеше рәсімдері, өзіндік шарттары мен заңдары бар екен. Осылайша өмірімде бірінші рет мұсылманша неке қиюдың куәгері болғанмын. Маған ұнағаны сонша, мен де неке қидырамын дегенмін. Бірақ әлі сәті түспей жүр.
Сонымен бірге, осы бір әдемі дәстүрге арнап «Неке қияр» деген күй шығардым. Бұл күйді сол жылы-ақ Қызылорда музыкалық колледжінің оқушылары үйреніп алып, тартып жүрді, тіпті емтихандарда да орындалатын.
2014 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының шақыртуымен Алматыға көштім. Домбыра кафедрасының меңгерушісі бола тұра өз шығармаларымды насихаттауға бейіл болмадым. Жақсы ән мен күй ешқашан жерде қалмайды, орындаушысын табады. Оқу орындарында өзімнің домбыра мен фортепианоға арнайы жазылған шығармаларымды студенттердің орындап жүргендерін білемін.
«Неке қияр» күйімді естімегеніме көп болды. Сыр бойының кейбір кісілері менің күйлерім түгіл, атымды да ұмытып қалған сияқты.
Төлепберген ТОҒЖАНОВ,
Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының кафедра меңгерушісі.
ҚР Мәдениет қайраткері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<