Құм қойнауының құпиясын ашқан

2265

0

Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Жолдасбек Құрманқұлов жеті асудың бел ортасы 75 жасқа толып отыр. Ғалым зерттеулерінің  еліміздегі қола және ерте темір дәуірлерін зерттейтін мамандар үшін орны айрықша. Ол кейінгі жылдары Сыр өңіріндегі антикалық ескерткіштерді зерттеуші ретінде археологтар мен жұртшылыққа танылды. 

С.Киров атындағы мемлекеттік университеттің тарих факультетін бітіргеннен соң, еңбек жолын Қазақ КСР ҒА Ш.Уәлиханов атындағы ТАЭ институтынан бастаған ол ұстазы Әлкей Марғұланнан тәлім алып, ғылым жолына түседі. Қарашаңырақта лаборатория, бөлім меңгерушісі, директордың ғылыми істері жөніндегі орынбасары болып институттың дамуына атсалысқан белді ғалымдардың бірі.

2004 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында отандық археологтардың назарынан тыс қалған Сырдарияның төменгі ағысындағы тас, қола, ерте темір дәуірі мен оғыз заманының ескерткіштерін зерттеу жұмыстарын қолға алу үшін Шірік Рабат археологиялық экспедициясын құрады. Бұл экспедиция Қызылорда облысы аумағындағы екі жүзден аса археологиялық ескерткішті анықтап, кешенді зерттеу жұмыстары бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Соның арқасында Сыр бойы Қазақстандағы тұңғыш қалалар отаны болғаны, ондағы тұрғындардың мәдениеті аса жоғары дәрежеде дамып, Мысыр, Грек, Рим, Парсы, Хорезм өркениеттерімен тығыз байланыс жасағаны дәлелденді. 2007-2011 жылдары халықаралық Қазақстан – Италия экспедициясын ұйымдастырып, Қызылорда облысы аумағындағы бірқатар тарихи және мәдени ескерткіштерге зерттеу жүргізді.

«Қызылорда облысының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы» атты іргелі еңбектің 2008 жылы орыс тілінде, 2011 жылы қазақ тілінде басылып, жарық көруіне Ж.Құрманқұлов көп еңбек сіңірді. Сыр өңірінің бай тарихи-мәдени ескерткіштерінің басын біріктірген бұл еңбектің маңызы өте зор.

2011 жылы Ж.Құрманқұловтың тікелей атсалысып, басшылық жасауымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Археология және этнография зерттеу орталығы» құрылды. Бүгінде бұл орталықта археология ғылымына қатысты жиырмаға жуық маман жұмыс жасауда.

Жолдасбек аға еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау-қорғау, зерттеуге қатысты шараларға көп көңіл аударады. Ғылым академиясы президиумы, жоғары ғылыми техникалық комиссия отырыстары мен қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімінде баяндамалар жасайды. Ғалым тарапынан айтылған бірқатар тұжырымдамалар «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және пайдалану» туралы заңына ұсыныс болып енгізілді.

Археолог ғылыми зерттеулермен қатар маман даярлауға да көп ден қойды. Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда және еліміздегі бірқатар университеттерде студенттерге дәріс оқиды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры. Сондай-ақ өзі жетекшілік жасаған Орталық Қазақстан және Шірік Рабат археологиялық экспедициялары аясында жиырмаға жуық жас студент археология мамандығын игеріп, бірнешеуі тарих ғылымдарының кандидаты болды.

Ғалым кейінгі уақытта отандық және шетелдік археолог ғалымдарды көп толғандырған археологиялық нысандарды сақтау, қорғау мәселесін шешудің бірден-бір жолы оларды ашық аспан астындағы музейге айналдыру мен өскелең ұрпаққа насихаттау деп түсіндіреді. Өзі жетекшілік еткен Шірік Рабат археологиялық экспедициясы тарапынан зерттеу жүргізілген археологиялық ескерткіштерді қорғап, сақтауда осы тәсілге және өңірлер тарихын музейлер арқылы насихаттауға көп көңіл бөледі. Сонымен қатар, ол – Ұлттық музей (Астана қаласы), Қазақстан Орталық музейі (Алматы қаласы), Қызылорда облыстық және бірнеше аудандық тарихи-өлкетану музейлерінің кеңесшісі.

Жолдасбек ағаның отандық археология ғылымы дамуында жасаған еңбегі қоғам, мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол 400-ге жуық ғылыми мақала мен 12 монографияның телавторы. Бірқатар ғылыми еңбектері Италия, Түркия, Франция, Англияда басылып шықты.

Жанболат РАЙМҚҰЛҰЛЫ,

Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<