Құралайдың көз жасы

9685

0

сурет ашық дереккөзден

Киік – киелі жануар.

Аңызға сенсек, Адам ата жерге түскенде оның жүзін алғаш көрген ақбөкен екен. Алғашқы пайғамбар мейірленіп сипағанда екі танауы желбіреп, көзі мөлдіреген сымбатты, тұяғы желден желгір, мүйізі мың бір дертке ем, буаз кезінде құралайының жынысын қалауына сай өзгерте алатын ерекше жануарға айналған.

«Құдайдан дұға қылып өтейін» деп ақбөкеннің бұйымтайын сұрапты. Сонда жануардың сұрауымен киік төлдейтін кезде шыбын-шіркей шыдамайтын суық тұрады. Мұны қазақ «Құралайдың салқыны» деген», дейді.

Бірде Қарақұм беткейіне іссапарға шыққан едік. Ол кезде мен ауылдағы құрылыс бөлімінің қойма меңгерушісі болып жұмыс істейтінмін. Жанымда прораб, яғни менің тікелей бастығым бар. «Қожа тақыр» аталатын үлкен тақырға жеткенімізде қарақұрым киікті бір адамның мотоциклмен қуып жүргенін байқадық. Əдетте, киіктер кездескен көліктің алдын қашан кесіп өткенше жанамалап жүгіре береді деседі. Мұны естігенде «желден жүйрік жануарлар неге бірден тура қашып, құтылып кетпейді екен?!» деп қатты өкінгенмін. Ақыры бір киіктің қалжырап құлағанын көріп, аңшының жанына бардық. Ұзын бойлы, ашаң жүзді сары жігіт екен. Бізбен сəлемдескен соң «Бұл олжамды сіздердің іштеріңіздегі жасы кіші, мына ініме байладым. Қазір бауыздап, ішін жарып, машиналарыңызға салып берем» деп маған қарады. Тірі киікті алғаш рет көруім еді. Өте нәзік әрі асқан əдемі болады екен. Аңшы тамағына қанжарын тақағанда киіктің сұлу жанарынан жас парлап, бетіме жалынышпен қарағандай болды. Мүмкін, маған солай көрінген шығар. Мұндайды күтпегендіктен, менің жүрегім тоқтап қала жаздады. 

Аңшыға «аға, мына киікті шынымен, маған бердіңіз бе?!» дедім. Ол үнсіз басын изеді. Мен «ағатай, онда босатып жіберші… Мен алдым деп есептейін» деп жалынғанымды сезбей де қалдым. Аңшы да мəрт екен:

– Бүгінгі алған бірінші олжам еді. Амал жоқ, – деп босатып жіберді.

Киік қалт-құлт етіп орнынан тұрды. Аздан соң құм арасына қашқан үйірінің соңынан жөнелгенде қатты қуандым.

Іссапардан оралғанда мені жағымды жаңалық күтіп тұр екен. Бұған дейін «операция жасап, босандыру керек» деген келіншегім үлкен ұлымды отасыз аман-есен дүниеге әкелді.

Сол ұлым кейін спортпен айналысты. Жаман болған жоқ. Бокстан спорт шеберлігіне кандидат нормасын орындады. Аудандық, облыстық жарыстарда талай мәрте чемпион атанды. Халықаралық турнирде күміс медаль еншіледі. Қазіргі таңда үйлі-баранды. Ал қарақаттай жанарында мөлдір тамшы іркілген бөкеннің бейнесі оқта-текте жадыма оралады…

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<