Қыранның қасиеті

1953

0

Баяғыда таудың қиясын мекендеген бір ерекше қасиетті қыран өмір сүріпті. Өзгелерге өрлігімен өнеге болған әлгі бүркіт бір жылы өмірінде бірінші рет үш балапан басып шығарыпты.

Балапандардың қанаттары қатайып, ұясынан ұшып шығуына аз уақыт қалғанда бүркіт үш балапанын уысына қысып, теңіз төсіне алып шығыпты.

Ұшып келе жатқан ол, өзіндік өмірге қанат қаққалы тұрған балапандарын соңғы рет сынақ алып, былай деп сұрапты:

— Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп бағып қаққанымды жақсы білесіңдер. Ертең өскесін, осының өтеуі ретінде маған қандай жақсылық жасайсыңдар?


Біріншісі айтыпты:

-Анашым, сенің ақ сүтінді ақтау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Мен сені өмір бойы қанатыма мінгізіп, алып жүремін. Дүниенін төрт бұрышын саған аралатам, таңғажайып тамашаларды өзің көретін боласың.

Бүркіт басын шайқап, уысындағы балапанын теңізге тастап жіберіпті. Бірінші балапан теңіз тұңғиғына батып кете барыпты.


Сосын екіншісіне бұрылып:

— Ал, сен не айтасың,- депті. Екіншісі айтыпты: — Анашым, мен сені ел аралатып босқа әуре қылмаймын. Ғаламның барлық кереметтері мен қызықтарын алдыңа әкеп беремін, ішкенің алдыңда, ішпегенің артында болады.

Бүркіт тағы да басын шайқап, уысын жазып жібергенде, екінші балапан да біріншісінің соңынан кете барыпты.

Бүркіт үшінші балапанына бұрылып, жарқыншақ толы дауыспен былай депті: — Ал, сен мені қалай жарылқамақсың? Сонда үшінші балапан былай деп үн қатыпты:

— Анашым, өтірік қанша тәтті болса да, саған ащы ақиқатты ақтармасқа амалым жоқ. Маған жасаған жақсылығыңның шеті де шегі де жоқ екенін, оны өтеуге менің барлық ғұмырым жетпейтінін жақсы білемін.

Дегенмен менің өмірім сені әлемді аралатуға да, сан түрлі ғаламаттарды алдыңа алып келуге де арналмайтынын айтқым келеді. Мен сенің маған жасаған жақсылықтарынның барлығын өз балапандарыма жасау үшін өмір сүретін боламын.

Кәрі бүркіт сонда ғана көкірек кере терең дем алып: — Біздің әулет аманатын алға апарар, қыран деген атқа лайық бола алар ұрпақ туылғанына көзім енді жетті,- деген екен.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<