Қызғыш құс

1388

0

Қолына қалам ұстаған халықтың мына дүниедегі бір бақыты – өзінің сана түкпіріндегі аласапыран ой-толғамдарын сол қалам құдіретімен ақ қағаздың бетіне түсіріп кететін талайлы тағдырында болса керек. Шығармашылық адамы болып тіршілікке араласып, қоғамда өмір сүріп жүрген соң әр талант өз әлінше өмір-тірлік жайлы ой толғайды, өмірдің арғы-бергі сырларына парасат көңілімен араласып отырады, өйтпеске әддісі жоқ. Әрине, айтуға ғана оңай, ал шынтуайтына келгенде, мұның бөлекше рахатты азабын басынан ол тек өзі ғана өткеретіні тағы белгілі. Ал енді оның жазып кеткен дүниесі  аз ба, көп пе  халықтың, кейінгі ұрпақтың еншісі болып қалады. Саналы ұрпақ содан өз мүмкін-қадарынша алады керегін. Ала алмаса – өз соры. «Айтып өткен ақында арман бар ма!..» демекші, сол жан дүниесін өмірдің от-жалынына салып, елін, елдің қазыналы адамдарын, қоғамының тағдыр-талайын патша көңілдің таразы-талқысымен өлшеп, екшеп-елеп жазған Сыр бойының сарабдал азаматы, жаны сырлы жазушы ағамыздың бірегейі  – біздің Айжекең, Айжарық Сәдібеков еді. 

Кеше ғана арамызда қатар тіршілік кешіп, сіз-біз десіп, қолдан келгенше әздесіп жүр­ген абзал ағаның бүгін енді мынау фәни тіршілікте жоқ екеніне сенбеске уақыт шіркін  қояр емес. Әдетте «сексеннің сеңгірі» дейтін сәлделі жасқа ағамыз тым-ақ жақсы келген-ді. Жазда туған жерінің топырағына барып, ел-жұртымен қа­уышып, кө­ңіл марқайтып, айдынды Ара­лының ақшаңқан алабын аралап, ата-баба басына тәу етіп  оралған болатын. Кете-кеткенше қолынан қала­мы түспеген Айжекең, шынында да, журналистиканың нағыз еңбекторысы еді-ау. Әр жыл­дарда жарық көрген дүние­­лерінің басын қосып, «Көк­те­мін күткен қызыл гүл», «Ақ­құмның ақ түндері», «Ашық мұ­хитқа шыққан алып», «Бал айы», «Жұмыр жер­де біз бармыз», «Шұғыла шуағы» атты жи­­нақтары бі­рінен соң бірі жарық көріп жатты. Ол үнемі өз орта­сын­дағы жылт еткен жақ­сылықты халық жадында жаң­ғыртуды ойлаумен жүретіндей көрінеді. Бұған аталған еңбектері бек куә. Әсіресе,  ағаның шығар­машылыққа деген, шығар­ма­шылық адамдарына деген ерекше ілтипаты мен шынайы таза көңілі ойға орала береді.

Адам Мекебаевпен сұх­ба­тында екеуінің қиын жас­тық шақтары ұқсас екенін айта келіп: «Тағдыр бізді Қы­зылорданың пединсти­ту­тында табыстырды. Бір тілім нанды бөліп жеп, бір бөлмеден өріп жүрдік. Бізді қолымыздан же­телеп жүріп оқытқан, қол­тықтан демеп қызметке тұр­ғызған көкелеріміз де болған жоқ. Кеңес өкіметінің қам­қор­лығымен оқып, білім алып, аяқтанып кеттік» дейді, ке­йіп­керімен ұқсас тағдырға ор­тақ­таса отырып. Атақты Қалтай Мұхамеджановтың редак­тор­лығымен шығып жатқан «Түркістан» халықаралық газетіне енді ғана қызметке тұрғанда Қалтай ағасының  10 мың теңгені редакция кас­сасынан санатып бергізуінің де есте қалып қоятын сыры бар – сол баяғы қиыншылық, тапшылық… Сонымен Қала­ғасы: «Қалғанын Жақайымдар берер, – деп, мені де күлдіріп қойды. Аға алақанына жары­маған шегене басым іштей тебіреніп толқыдым…» – дей­ді Айжекең. Бірақ бұл аз ғана нәрсеңіз – автордың өмір­дің қиын жолдарында сан мәр­те басынан өткен, керек де­сеңіз сіздің өзіңізге де ті­келей қатысты маңызды мә­селе болып шығатынын іш­тей аңғарасыз. Қазақтың «Адам­ның күні адаммен» деген мә­телін әркім әрқалай түсін­діруі мүмкін, бірақ тіршілікте шығармашылық адам­дарының бірімен бірінің таза жүректен шыққан түсіністігінің, аласыз қарым-қатынасының өнерге де, талант иесіне де берері көп.

Әрине, өмір жолы тақтай­дай тегіс емес, өмірде бәрі бір­дей ойдағыдай бола да бер­мейді. Айжекең бірде: «Бізде, жалпы, өнер өрісінде жүр­гендер бірін-бірі жақсы­лыққа қимайды. Ара қатынастары қым-қиғаш. Бірін бірі көреалмаушылық індетіне шал­дыққан. Кейде өзімнің осы күніме қа­лай жеткеніме, қалай жер басып аман жүргеніме таңғаламын, тәубе деймін. Жа­сыратыны жоқ, біздің кей­бір қаламгерлеріміз жүрген же­рінде халыққа бірінің жазған шығармасын бірі дә­ріптеп жү­рудің орнына қайдағы жоқты бықсытып жүреді» деп налиды. Жазушының шын  сөзі, шын реніші, өнерге деген ақиқат жанашырлығы екеніне сенесіз.

Ағасы Зейнолла Шүкіров шығарма­шылығы туралы, оны­мен бірге Арал теңізі жаға­лауында дем алған бір ғажайып сәттері туралы естеліктері де ерекше мейірімге толы. Мешітбай ағасының өзіне де­ген бөлек көңілі жайлы айта келіп, жетпіс жасына  аз ғана күн қалғанда, бауырдан кеткен әріптес аға туралы: «Мәт­қапыл соққан сол қара­лы күн бізді бір орны бөлек рухани жебеушімізден айырды» деп қапаланады. Мешітбай ағасының «Арал аспаны» кітабына белгілі ақын  Қ.Шаң­ғытбаевтың: «Ақын­ның дара­лығы дей­міз бе… қат­қыл да сұсты кәсіптен поэ­зия іздеу осы ақынның ғана үлесіне тиіпті» деп, ішкі істер қызметкерінің  шығар­ма­шылығына тәнті болған пікі­­рін өзі жалғастырып: «Ол «Арал аспа­ны» кітабымен ХХ ға­сырға назын айтып, ХХІ ғасырдан «сауға» сұраған еді» депті.

Айжекең Б.Сарбалаевтың сыншы­лық өнерге адалды­ғын, ізденгіштігін, Ә.Кекіл­баев­тың сөзімен айтқанда, «идея­лық-көркемдік бракқа ымы­ра­сыздығын» мактанышпен ай­тады. Көр­кем әдебиет сын­шысының қазіргі қазақ қоға­мындағы  анша-мұнша сүй­кімді көріне қоймайтын тағдырын өмірлік еншілеп, тіпті ғылыми атақ қорғап алуды да мақсат етпей, өз ісіне бірыңғай берілуін үлгі тұта отырып, ризашылық ілтипатын да білдіреді. Сыншының 1984 жылы шыққан «Өткірдің жү­зі» атты сын жинағы үшін Ха­лықаралық «Алаш» сыйлы­ғының лауреаты болғанына қуанады. 

Айжекең Сыр бойы әде­биеті мен әдебиетшілерінің шы­ғармаларын тал­дау арқы­лы өз жеріміздегі қалам иеле­рінің қырларын аша оты­рып, олардың астанадағы бел­гілі әдебиетшілерден кем соқпай­тындығын көрсетіп, біздерде осындай асыл дүниелеріміз бар, со­лардың қадір-қасиетін тани білейік. Олар – қазақ әдебиеті мен өнері атты үлкен қазынаның лайықты өкілдері, дегенді жарқырата айтуды мақсат тұтатындай. Ал «Дарияның тұмасынан жыр боратқан» («Арна», Алматы, 2012) атты жинағында Сыр өңірі ақын-жазушыларының, өнерпаздарының шығарма­шы­лық тағдыры туралы тебірене жазады. Жақсылық Түменбаев шығармашылығын талдай оты­рып: «Журналистік бір «ауру» болса, «жазушылық» екі «ауру» еді. Неге «ауру» дейміз? «Ауру» дейтініміз – қолына қалам ұстаған Адам, ол және жаза алатын болса, жазбай тұра алмайды. Әне «ауру» дегенің сол. Жазу өнері де дертпен тең. Онымен жолдас болған адамның бір ұйқысы кем, бір күлкісі және кем» дейді. Айжекеңнің жа­зу­шылыққа қояр талабы өте жоғары. Әдебиетіміздің Ә.Нұр­­пейісовтей, З.Шүкіров­тей мықтыларының шығар­ма­шылығын талдай отырып, олардың әдеби лаборато­рия­сына енуді мақсат тұтады. Авторлардың жеке адам ре­тіндегі де, жазушы ретіндегі де жан қалтарыстарын өзінің көрген-түйсінген нақты де­ректері арқылы сөйлету – А.Сәдібеков талдауларының бір ерекшелігі десе болар. Қай авторды алса да ол нақты өзі бастан кешкен, көбіне көзбен көрген жайларды әңгімеге ар­қау етеді. Бұл оқырман үшін тың дерек болуымен қатар, әдетте, қызықты деректер бо­лып келеді. Осындай жайлар әсіресе «З.Шүкіров фено­ме­ні» атты мақаласында ай­қын көрінеді. З.Шүкіровтің адами қасиеттерін тәптіштей айтқанда, өзі де соған жан-тәнімен қызыға, беріле оты­рып баяндайды. Мұндай жай­лар өзге авторлар туралы ең­бектерінде де үнемі аңға­рылады. Ал бұл оқырман үшін шығарма тартымдылығының басты факторы екенінде дау жоқ. Әсіресе, Зейнолла туралы бірнеше мәрте жазды. «Бірде: – Зеке, жаныңызды осынша қинап не болды, жазуды ептеп сиретіңкіретсеңіз қайтеді?.. – дегенімде: «Сиретсем, өлем ғой!» деді жұлып алғандай. Соңыра мына жалғыз көзімнің көрмей, тіпті қолымның қалам ұстауға жарамай қалуы да мүмкін ғой.  Сендер соны неге ойламайсыңдар? Мық­тағанда елу жасармын, алпысың не­ғайбыл-ау, бала…» деп күл­гендей болды.  Ақыры айтқаны дәл келді, айт­қан алпысы топырақ жасына бұйырды» дейді қамығып («Періште қа­натты тағдыр»).

Кітапқа аты қойылған  ма­қала­да («Дарияның тұма­сы­­нан жыр боратқан») өз за­ман­дастары, қатар­лас­тары, дос­тары Әскербек Рахым­­бек­ұлы, Махмұтбай Әмі­реев­тердің шығар­­ма­шылығын тал­дай отырып, екі ақы­­ны­мыз­дың да шығар­машылық ерек­шеліктерін дөп басып сипат­тайды. Махмұтбай аға­мыздың эпика­лық тынысқа бейімділігі мен Әсе­кеңнің со­нымен қатар әдемі нәзік лириканың асқан шебері еке­ніне нақты дәлел-деректер кел­тіреді. «Ал енді Махмұтбай, Темірше, Балашбекпен бас­тас ақын Әскербектің жыр дода­сындағы шабысы бұлардан бөлек. Біз білетінде Әскербек қандай жосықта жазса да, ша­быттанып, шамырқанып жа­затын» деп, ақынның әсерлі жыр жолдарынан мысалдар келтіреді.

Жақсылық Түменбаев ту­ралы: «Тіпті шығармашы­лық қуатының қан­шалықты ша­рықтағанын сыншылар тара­пынан естіп те үлгіре алмай кетті. Екілесіп келгенде, әрбір шығармасы кім-кім сыншылар тарапынан да елеусіз қалмауы керек еді» деп қай­ғырады. «Атақты жыраудың жүз жыл­дығы» (қармақшылық Мол­дах­мет жы­рау туралы), «Ес­керусіз қалған есім» (жырау Ібаш туралы), т.б. ма­қа­лалардың тақырып­та­рының өзі жа­зушы көзінен белгілі есімдер мен көпке бейтаныс қалып бара жатқан өнер адамдарының қайсысы да таса қалмағанын аңғартады.

***

А.Сәдібеков тек Сыр бойы әдебиеті мен өнері, өнер адамдары туралы ғана жазады, тек соларды ғана на­сихаттайды десек, мұны­мыз таяз түсінік болар еді. Ав­тор қазақ әде­биетінің танымал өкілдері О.Бө­кеев, Ф.Оң­ғар­сынова, С.Мұ­ратбеков, т.б. ав­торлардың шы­ғар­­ма­шылы­ғы туралы талдаулар жа­сап, оларға өзінің шығарма­шылық көңілінің көзімен үңіле біле­ді. Мысалы, Оралханның по­вестерін («Қар қызы», «Сайтан көпір», «Біздің жақта қыс ұзақ», «Жетім бота») талдау үстінде жазушының кейіпкерлерді да­ралау ерекшеліктеріне баса назар аударады. Айталық, «Қар қызы» повесін «жетімдер мен жесірлердің, күштілер мен әлсіздердің тайталасқан тағ­дыры» дей келіп,  жалғыздық пен кеңістіктің арақатынасы, адамдардың өскен ортасына қарай өзгеру стихиясы әдемі айтылғанын аңғарады. Ары да, жаны да таза адамдарды жазушы кеңістік пен күшті­лер­дің қыспағынан жан жү­­ре­гі шырқырап тұрып қор­­ғай­ды» дейді. Мақала та­қы­ры­бын «Рухы мықтылар немесе адалдықтың аласа­пы­ран тол­қындары» деп қо­йыпты. Айжекеңнің мақа­ла­­ларында жалпы қазақ әде­бие­тінің тарихы мен өсу жол­дары, мәселелері де тұтаса қа­­рас­тырылады. Бұл дүние­­­лерінде де әдебиет пен өнер адам­дарына деген жан­ашырлық лебі есіп тұрады.

О.Сәрсенбаев туралы мақа­ласында («Төрге озған қалам­гер»): «М.Мақатаевтың 60  жылдығында бір дүрлігістік. Көзі жоқта. Көзі жоқта түсі­рілген фильмінде өзі жоқ. Тек бір-ақ сәтінде, онда да қас қағым сәт, объективке ілі­ніп қалған – отызында орда бұзған Мұқағали тура­лы емес, құдды басқалар ту­ралы әңгіме бол­ғандай қо­ңыл­­тақ­сып қаласыз. Ж.Нәж­ме­денов ше? Оның да 60 жыл­дығы туралы көзі жоқта берілген теле­хабардан тіпті Мұқағали сияқты бір ме­зеттік тірі бей­несін де көре алмай пұ­шай­ман болдық. Авторлардың көр­сеткісі келмегендігінен емес, хас таланттардың жаз­ба бейнелерінің сақталма­ған­дығынан, – деп ашынады. Жұмекен, Мұқағали сынды қарапайым тұрмыс кешкен сүлейлерімізді мансабы мық­тылар да, былайғылар да көздеріне іле бермеген. Бізге тұлғалы кісілерді елуінде не­месе алпыс-жетпісінде ғана есімізге алу дағды болып кеткен, – деп бұл істегі шала­лығымызды көзге шұқып көр­сетеді. Біз жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың шығарма­шы­лығына қанық болғанмен, ада­ми өмірнамасын білмей­міз… дей келіп, нақты деректер келтіреді. Ал қазіргі оқырман біле ме осыларды? Әй, қай­дам… Міне, Айжекеңді маза­лайтын да осы жай­лар. Шы­ғармасын білумен қатар оның авторының өмірі мен шығар­машылық тәжірибесін түсіну – егіз қатар жүргені абзал емес пе? Өйткені, автордың өмірінсіз оның туындысын толық білдім деу де бекершілік болар еді. Бұл, сонымен қатар, авторға деген зор құрмет те.  Ал біздегі ахуалды қазақи жай­басарлық дейміз бе, әл­де… Асқар Сүлейменовтің жа­ратылыс даралығы туралы естелік кітабын оқи отырып айтқан толғаныстарының өзі жазушыға деген ілтипат, риза­шылыққа толы («Ақиқат күлік – Асқардың өзі еді»). Асқар Сүлейменовпен, Фариза  Оңғарсыновамен жақын сый­лас көңілдері  туралы да сөз арасында жыр ғып шертуші еді.

Айжекең бейне бір ел мұрасының жоқшысы тәрізді, байыз таппай соның кем-ке­тігін ойлаумен жүретіндей кө­рінеді. Біз автордың тек бір ғана кітабындағы мақала­лары туралы аз-кем ой топ­шы­лаған болдық, ал оның қыруар дүниесі туралы ұзақ сонар әңгіме алдағы уақыт еншісінде. Ұзаған жылдың мәресінде жарық көрген «Бұ­­рынғының адамдары» ата­латын кітабының өзіне «Өлер­мен өмір» романы мен «Сұрапыл», «Қарашыққа қат­қан мұз» атты екі бірдей повесі мен бірқатар әңгімелері еніпті. Я, қалам ұстаған ха­лықтың  тағдырлы өмір жолы ел мұратын жоқтаумен жал­ғасып жатса, арманы не…  Жазушы Айжарық Сәдібеков  ағамыздың  бақытты тағдыры бұл.

Сонау Арал теңізіндегі алып шың Көкаралдың түкпі­рінде, алыс ауылда өскен балықшының кішкене ғана қарға тұяқ баласын азамат ет­кен – кешегі кеңестік кезеңнің мектебі екенін ағамыз күні кешеге дейін үлкен мақтаныш-ризашылықпен айтып отыра­тын. Қар­шадайынан теңіз де­мімен, балық­шы ауылдың батан тіршілігімен тыныс­таған ағамыз өзінің балалық, жастық шағын кейінгіге естелік ретінде де, кейде бүгінгі қоғамның кейбір күйбең тірлігінің кө­ңілге қонбас қоясына қарсы­лық-наразылық ретінде де тәм­­сілдеп отыратынының та­лай мәрте куәсі болдық. Аға­­мыздың үлкен бір қайғысы – сол балалық шағы өткен туған ауылының бүгінде құм астында қалып, ұмытылып бара жатқаны еді. Мұны ой­ласа, оның еңсесі түсіп, езіліп, жабырқап-ақ қалатын.

Енді бүгін сол туған топырақтың жоғын жоқтай­тын абзал ағамыздың өзі де мәңгілік сапарында. Ел тағ­дырына, жұрт болашағына алаңдаумен өткен, Айжарық аға, көл қорыған қызғыш құс­тай  халқыңның жоғын жоқтап қаламың қолдан түспеген аза­маттық тұлғаңды да халқың ұмытпайды. 

Шанжархан БЕКМАҒАМБЕТОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<