Құрттан туған хикая

797

0

Құрттан туған хикая Қолыма екі түйір құрт іліккені. Әлдекімді дәлдеп ұрсаң, көзін шығаратындай тастай екен. Ауызға атып ұрып, әрі-беріден соң тіске де салып көргенмін. Болмады. Екі ұртқа кезек-кезек аунатып қойып, осы құрттан туған хикаяны жаза бастадым ал. Әй, өзі де біраз ермек болды. Сағат сайын темекі тістелейтін ауыз шіркіннің де іші пыспады ау бұл жолы…
         Бұл қай жылы екені есімде жоқ, әйтеуір бала күнім. Бастауыш сыныптамын. Жаңа жылға тұп-тура бір апта қалған уақытта Бейбітгүл ұстаздың тапсырмасы мынау болды:
         – Жақында кластың шыршасы болады. Ата-аналарыңа айтыңдар. Әр бала өз сыйлықтарын жасайды. Соны әкеліп тапсырасыңдар.
Апай айтқан соң, сабақтан соң салып ұрып үйге жеттім. Әншейінде мұзды арықты жағалай, былғары сөмкені шана етіп, төбеден сырғанап, ойын шіркіннің есін тандыратын Ежөктің (бұл үйдегілердің атауы) мектептен ерте оралуы үйдегілерге Меккеден келгендей әсер етті.
         – Әй, біреумен төбелескеннен саумысың? Танауың таңқиып. Алақ-жұлақ етіп, бірдеңе бүлдірген ғой тағы. Әлде сабақтан қаштың ба?! Есіктен апамнан бұрын үлкен тәтемнің даусы қарсы алды мені. Ашулы болғанмен оның апамнан бата қоймайтынын білетін мен, бірден солай қарай жылыстай жөнелдім. Мұндайда қожаның қызы – Сары кемпір қорғаныс министрінен кем емес.
         – Апа, – дедім жанына жете сыбырлай сөйлеп. – Маған падаркі керек.
         – Өй, ақұдай, саған күнде падаркі бар ғой. Сөйтті-дағы да ішкі қалтасын ақтарып, Қазалының ащы кәмпитін шығара берді.
         – Ондай емес. Апам түсінбей әлек. Мен быжырықтатып, мұғалім айтқан тапсырманы әйтеуір түсіндірген болдым.
         – Әә, – десті апам. – Ақұдай-ау, соны да жыр қылады бұлар. Тамағыңды іш те, сабағыңды оқы. Ертеңгісін өзім дайындап қоямын падаркіңді. Осылай деген апамның қулана күлгені есімде.
Сол түні қалай болғанын білмеймін, ертеңіне қағаз қалтаға сықап толтырылған жаңа жылдық сыйлықты апайыма әкеп тапсырғанмын. Ішіндегі сол кезгі вафли, «Пикник» деп аталатын пешенайды, «Албени», коржик, пряниктің дәмін елестетудің өзі қызық еді. Жан Клод Ван Дам мен Шварцнегрдің суреті бар наклейкалы сағыздарды қиялыммен шайнағанымды қалай ұмытайын?!
         Қош, күткен Жаңа жылың да келді. Мерекелік ертеңгілікті бастап кеп жібердік. «Аппақ, аппақ, жапалақтап, Қар жауады тынбастан» деп сарнатып ән салып, қол ұстасқан күйі шыршаны айналып та алдық. Шырша демекші, кәдімгі көше беттегі қара талды мектептің ұстасы Марат аға түнеугіні балталап жатқан. Бір білсем, соны спорт залдың қақ ортасына тікейте салған сияқты. Кезек жаттаған тақпаққа келді. Не айтқанымды анық білмеймін, әйтеуір төрт жолды өлеңді судыратып өте шыққаным есімде. Қазақы шапанды киіп, ақ мақтамен бет-аузын көмкеріп алған, жоғары сыныпта оқитын көрші Кәлдік-Қанжарбектің Аяз ата екенін күні бұрын білетін менің бар ойым сыйлықта. Құмардан шығып, сілейте бір тою. Балалық-ай…
Мереке аяқталған соң, сыйлықты сөмкеге тыға салдым. Ал үйге қарай зымыра енді, Ежөк!))) (Айтпақшы, осы жазбаны жаза бастағалы ауызға тоғытқан манағы құрт әлі сол күйінше. Қап-қатты. Сірә, балталасаң ғана күйсеп жеуге болатын сияқты.)
         Хикаяның қызығы кеп қалды. Үйге жеткен соң, сыртына Қожасов деп «пламастірмен» сүйкете жазылған апайдың жазуын бір оқып шықтым-дағы, қағаз қалтаны абайлап аша бастадым. Енді ше?! Абайламасаң, ішіндегі бар тәттінің қызығы болмай да қалатын сияқты. Міне, аузы ақ жіппен түйілген қалтаның бірінші сыйлығына қолым жетті. Жо-жоқ. Мүмкін емес. Қолға іліккені екі түйір аппақ құрт. Кәдімгі апамның өзі істеген құрты. Қисық мүйіз қара сиыр мен шұбар бет ала қашардың сүтінен дайындады ғой осыны. Бәлкім, тәттілер қалтаның түбінде шығар. Ары қарай ақтара түстім. Қайдағы? Одан кейін жаздай қайнатқан жәмбілше мен қазақы қауынның құрты. Күләбі мен шытырлақ қауыннан өрілген қақ. Ірімшік. Қайдан адасып түскенін білмеймін, Қазалының ащы кәмпиті де осында жүр. Ызадан өкіріп жылап жібердім. Жыламай қайтейін, екі күн қиялымдағы тәттілер алдымнан шықпаса…
         Қазір ше? Ержеттік. Есейдік. Тақырбас күйден шаш қойып, тарақ ұстайтын халге жеттік. Балалықпен отбасы жағдайын сол кезде ұға қоймаппын. Жалғыз апамның зейнетақысы азық-түлікке жетпегенде, менің жаңа жылдық «пәдаркіме» қайдан жетсін?! Сол уақыттағы қиындық, тәуелсіздіктен кейінгі ел тұрмысының күйзелісте болуы біздің үйді де айналып өтпеген. Сонда да апам өз қолымен дайындаған сыйлығын жек көріп, жер тепкілеп жылағаным қалай?! Мен мұның дұрыс емесін тым кеш ұқтым. Тым кеш білгенмін.
         Кешірші, апа! Сол күні өбектеп, жаның қалмай, алдағы зейнетақыңнан бар тәттіні алып беруге уәде еткенсің. Әрі оны орындадың да. Тентек ұлдың кейіннен жорналшы болып, осылай естелік жазарын ол кезде кім білсін, бірақ, бүгін мына қолға түскен қос құрттан кейін өзіңді шын сағыныппын ғой. Күнделікті тырбаңмен кей-кейде жаман ұл сені ұмытса да, сенің ана «ауылда» жүріп-ақ менің тілеуімді тілейтініңді білемін. Жаның жәннатта болсын, жан апа! Әрдайым дұғамдасың!
         Айтпақшы, сол кездегі майлы құрт та, қазан түбіндегі қаспақ, қаймаққа шыланған талқан, жаздай қайнатылған қауынқұрт, тілінген қақ… Мұның бірі де қалмады. Апамның берекесі еді ғой бұлар.
Ержан ҚОЖАС.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<