Әлімсақтан бері адаммен бірге жасасып келе жатқан әдеп – амандасу.
Алла Тағала Адам атаны жаратқан соң «Анау топқа барып сәлем бер, олардың не деп жауап қайтаратынын тыңдап көр. Бұл – сенің ұрпақтарыңның сәлемдесуі» деген.
Сөйтіп, Адамды періштелермен амандастырған. Содан бері сәлемдесу мұсылман үшін періштелер мен Пайғамбарлардың сүннеті болып саналады. Пайғамбарымыз сәлемдесуді, анығырақ айтқанда сәлемге жауап қатуды бір мұсылманның екінші мұсылман алдындағы хақысы деп анықтап кеткен.
Біздің қасиетті хадистерден мысал келтіріп отырғанымыз түсінікті және бұл сөздерді бірінші рет айтып отырған жоқпыз. Қайталап айтып отыруымызға күнделікті көрініс беретін мына екі жағдай еріксіз себеп болды.
Біріншіден, біз амандасқан адамға дұрыс жауап бермейміз. Тағы да Пайғамбар сөзін алайық: «Екі мұсылман кездескенде емен-жарқын бір-біріне қол беріп, амандық-саулық сұрасса, қош айтыспай тұрып екеуінің де күнәлары кешіріледі». Ал, біз болсақ «ассалаумағалейкум» деген кісіге «қалайсың?» дейміз не болмаса «хоп» деп қолымызды сарт еткізе саламыз. Амандасуға бұлайша немқұрайы қарау – біздің сауатсыздығымыз бен құрметсіздігіміздің белгісі. Қатқыл айтсам, кешіріңіздер, «жасында көргені жоқтың өскенде айтары жоқ» дегендей, егер бала бойына жастайынан амандасу әдебін сіңірмесек, дәл осы хәлге душар боламыз.
Екінші көріп жүрген келеңсіздігіміз – амандасқан сәтіңде жұдырығын немесе қолының сыртын беретін сабаздардың қылығы. Кешегі пандемия кезінде жылу бермейтін, сұс сездіретін жұдырықпен амандасудың жаңа әдістері қалыптасты. Ең өкініштісі, ақылды адамдар Алланың есімі жазылған алақанда мәкірік болмайтынын білмеді.
Адам не үшін алақандап амандасады? Алақанда шипа бар. Алақандап амандасқанда екі адамның биоөрісі алмасады, яғни, адамдар бір-бірінен қуат алады. Алақанда Алланың есімдері жазылғанын ұмытпау керек. Алла Тағала әлімсақта Адам атаны періштелерге не үшін амандастырды, осыған ой жүгіртіңіз. Бұл жерде Жаратушы адамдардың берекесі мен бірлігін ойлады. Береке-бірлікті сақтап тұру қоймада шикізат сақтау емес, аса нәзік һәм қиын іс. Сол қағидаттардан айныған Сирия сияқты елдер әлі соғыстан көз ашпай келе жатыр. «Сәлем түзелмей – әлем түзелмейді» деген сөздің ұйқас үшін айтыла салмаған салмағы бар екенін де біле бермейміз.
Жалпы, қол алысып амандасу арқылы адам өзіне деген қарым-қатынасты қалыптастырады. Бір жағынан, мәдениеттілігін көрсетеді. Өзін үлгілі етіп көрсеткен адамға өзгелер де жақын болғысы келетіні дәлелденген аксиома.
Мен осыдан біраз бұрын ас ішудің әдебі мен сауабы жөнінде жазған едім. Осындағы астан аттап кетпеу туралы заңдылықтар секілді сәлемдесудің де өз әдебін сақтаған дұрыс. Амандасқан адамға телефонмен сөйлесіп тұрып ықылассыз қолын соза салу – әдепсіздік немесе сәлем парызын сезінбеу. Адам адамды емес, алдымен сәлемді сыйлай білуі шарт.
Ертеде, Ақсақ Темір өтіп бара жатып сәлем берген әлдебір жарлы адамның жанында бөгеліп, оның хал-жағдайын сұрап тұрыңқырап қалса керек. Былай шыққасын жақын нөкері: «Әмір, сіз өзіңізден төмен адамға, қарадан шыққан кісіге сонша уақытыңызды қиып, қасында неге бөгеліп қалдыңыз?» дейді. Сонда Әмір Темір: «Ол қара болса да сәлем салу әдебін танытты, мен хан бола тұрып әдепсіз көрінуім керек пе еді?» деп нөкеріне қарсы сұрақ беріпті. Әлемді тітіреткен әмірдің өзі сәлемге дәл осылай құрметпен қараса, біз неге тәкаппарсынамыз?
Ал, енді алақанда жазу бар деген сөзге келейік. Алақан сырын зерттейтін хиромантия деген ғылым күндіз-түні қасқа басын қос қолдап ұстаса да, «алақан сызықтарында адамның тағдырына, денсаулығына қатысты ақпараттар бар» дегеннен аса алмай діңкәлап отыр. Алақанға қарап бал ашатындарды еске түсіріңізші, солар бірдеңе білетін сияқты. «Үш бақытым бар менің алақанда» деп өлеңдеткен Мұқағали ақынның да әулиеліктен алыс емес екенін мойындау керек. Өйткені әлгі хироманттар алақанда «өмір», жүрек», «ақыл» сызықтары болады деп үш атауға тоқтаған.
Сөзімнің түйіні, қол алысып ықыласпен амандасу арқылы әркім өзіне деген қарым-қатынасты қалыптастырады, мәдениеттілігін көрсетеді. Өзін әдепті, үлгілі етіп көрсеткен адамға басқалардың да жақын болғысы келетіні кәміл.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<