Салқын суда шыныққан…

1666

0

Қыстыгүні суға түсіп, салауатты өмір дағдысын қалыптастыру дегенді көрші Ресейдің киносы не әлдебір жаңалықтарынан естіп жатамыз. «Еріккен екен» дейтіндер де табылатын шығар. «Неге, өз жанын қинайды, суық тисе, мұрттай ұшпай ма?» деген таңырқау аралас табалау да бізде бары рас. Мұзды суға түсуді айтамын да. Ал, мамандардың пікірінше, оның пайдасы тым әріде екен.

Қыста мұздай суға шомылатын «морж» адамдардың терісі мінсіз, бетінде әжім болмайды. Бұлшық ет пен буын ауруын сезінбейді, тұмау дегенді атымен ұмытады. Ал, психологиялық тұрғыдан өзіне деген сенімі артып, ұстамды, төзімді бола түседі, бойдағы күш-қуаты еселенеді. Сондай-ақ, суық су адам ұйқысы мен тә­бетіне де оң әсерін тигізеді екен. Бұл – енді ғылыми дәлел.

Мұнда мұздай суға түсе қойыңыздар деген үгіт жоқ. Журналистік жортуылмен жү­ріп, жолда көргеніміз еді. Қарапайым ауылдан көрген қызық сол, қақаған қыста көл суына шомылған жерлесімізді кезіктірдік.

Арал ауданына қарасты Қосжар ауылында тұратын Әбілқасым Шағанбаев төрт жылдан бері Қамбаш көліне суға түсіп жүр. 46 жастағы кейіпкеріміз өз қатарластарының қасында әлдеқайда ширақ. Қимылы жосын.

– Жазда суға түсеміз ғой. Көлден бөлек, есік алдында тұрған душқа шомыламыз. «Сүмбіле туса, су суыйтынын» білетін қазақ, тамыздың орта шенінен бастап суға шомыла бермейді. Ал, мен оны тоқтатпадым. Қыркүйек, қазан айларында күнделікті далада тұрған душқа шомылып жүрдім. Қараша басталды, оның аяғы қар түсті, Қамбаш көліне мұз қатты. Денем суық суға үйренгені соншалық, желтоқсанда да душқа түсе бердік. Әрине, жаздағыдай су қо­йып, асықпай түсем демейсің, оның қатып қалатыны белгілі. Құдықтан бір шелек дайын суды душқа құйып, шомыла бердім мұндайда. Бұның бәрі денемді жылы күзден бері үйреткендікі ғой. Кейін көлден ойық ойып, өзімді екі-үш рет батырып алу әдетке айналды, – дейді қосжарлық Әбілқасым.

Әбілқасым ағаның суық суға түсуінің өзіндік себебі бар. Біраз жыл бұрын аяғы ауырып, бастырмай қо­йыпты. Сырқыраған буыны балдақ ұстауға мәжбүрлеген. Әлдебір ғылыми кітаптан суық судың пайдасын оқыған ол тәжірибе ретінде жасап көрген. Қазір буыны түзелген Әбілқасым ағаның қимылы жас жігіттен кем емес.

Балықшы ауылдан біз көрген жаңалықтың бірі – осы.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<