Сақар сабын таңсық болып қалды ма?

11380

0

фото ашық дереккөзден алынды

Қазалылық кәсіпкер Руслан Бөлекбаев деген жігіт сабын өндіру кәсібін қолға алыпты деген сүйінші хабар жергілікті, облыстық баспасөз беттерінде жарық көріп, телеарнаның да жаңалықтарына арқау болды. «Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін қазақпыз ғой, жерлес баламыздың жан семіртер жақсы жаңалығына жанымыз жадырап қалғанын жасыра алмадық. «Болмасын деген оңбасын» дейтініміз тағы бар, онсыз да қымбатшылық қамыты қажағанымен қатар, жұмыссыздық жанын жүдетіп жүрген қамкөңіл жандардың қатары көбейіп тұрған тұста, жергілікті жерде өз өнімдерін өндіру кеңінен қолға алынып тауар бағасының арзандауына септігі тиер ме еді, жұмыссыз жүрген жерлестеріміздің қатары сәл де болса азайып, тұрмыс-тіршілігі түйткілінің түгенделуіне түрткі болар ма еді деген үміттің жылт еткен жұқанасы ғой біздікі. Әрине, болсын дейміз.

Кәсіпкер Руслан Бөлекбаев туралы аз-кем айта кетсек артық болмас. Жергілікті жердегі сабын өндіру кәсібінің негізін салушы ретінде таныла бастаған ол біраз уақыт арнайы курстарда білімін жетілдіріп, оны тек теория тұрғысында емес, нақты іске асыруды алдына мақсат етіп қойған. Мақсатын жүзеге асыру үшін, Батыс Қазақстан облысынан Ресейде жасалған жоғары сапалы құрал-жабдықтар алып келеді. Бұдан өзге өзі шығаруды қолға алмаққа ниет еткен өнімі, яғни кір сабын түрін пайдаланудың адам денсаулығына зиянсыз екеніне тұтынушының да, талап қоюшының да көзін жеткізу үшін арнайы орындардан сертификат алады. Оның негізгі себебі, «Қазалы сабыны» өнімі жеті түрлі химиялық қоспасы жоқ табиғи заттардан жасалмақ. Бүгінде 170, 200, 250, 300 және 350 грамдық сабындардан тәулігіне 3 мың дананың үстінде шығарып келеді. Ойға алған мақсатын орындауды соңына дейін жеткізуге бел буған кәсіпкер өзінің өнім өндіру цехында бұдан басқа иіс сабын, су сабын мен ас үйде қолданылатын әртүрлі сұйытылған тазартқыштар шығаруды да қолға алған. Ал сұранысқа келетін болсақ, ауданның біраз тұсынан, өзге аймақтардан тапсырыстар түсіп жатқан көрінеді. Ендігі кезекте кәсіпкер жігіт Ресей еліне қағаз сүлгі, майлық, дәретхана қағазын шығаратын арнайы құрылғыларға да тапсырыс беріпті. Құдай оңдап, ісі ілгері басып жатса, 10-15 адам жұмыспен қамтылмақ.

Ауылда болса ауызға тиеді, елде болса ерінге тиеді, Русланның талабы оң болып, ырыс-несібесі арта беруіне тілектеспіз. Алайда сабын дегеннен шығады-ау, шындығын айтсақ, сабын өндіру біздің қазаққа соншалықты тосын кәсіп пе еді?!

Әкем есіне алып отыратын, соғыс басталғанда төрт ағайындының алды он төртте, соңы бес-алтыларда болған. Әкесі еңбек майданына кеткен, анасы сол кезеңнің барлық әйелдері сияқты тыл майданының дала жұмыстарына табанынан таусылып, тауық шақырмай кетеді, түн жарымында келеді екен. Айтуынша, оның егін басындағы жұмысқа қай кезде кетіп, қай кезде келетінін білмейтін көрінеді. Азанда тұрғанда жұмысқа кетіп қалады, балалар дайындап кеткен быламығын ішіп, көрсетіп кеткен тапсырмасын орындауға кіріседі. Егін басынан жасырып әкелген азғантай бидайды диірменге тартады, отын әкеліп бұтап қояды, су тасиды, майда жандыққа қарайды, тағысын тағыларды орындап, кеш болғасын қалған быламықты ішіп, анасының келгенін күтуге дәрмені жетпей қалжырап ұйқыға кетеді. Кеш келген анасы не түн ортасында немесе балалар ұйықтап жатқан таң алагеуімде тұрып балаларының ертеңгі тамағын дайындап, орындайтын тапсырмаларын белгілеп, өзі жұмар-жұмар, дөрекілеу қылып дайындаған сақар сабынмен бұлардың киімін жуып, олар ұйықтап жатқанда жұмысқа кетіп қалады екен. «Бір отбасында болсақ та, анамыздың қай кезде келіп, қай кезде кететініне, не ішіп-жейтініне, апталап көрмеген уақытта қай кезде демалатынына ақылымыз жетпейтін» деуші еді әкем.

Осы естелікте айтылған сақар сабынды дайындау тәсілі жалпы қазаққа таңсық емес, тіпті әр өңірде бұны жаңа заманға сәйкестендіріп, кәсіп көзіне айналдырып отырғандар да бар көрінеді.

Бүгінгі нарықта шетелдік компаниялардың «құрамы экологиялық таза» деп жазылған, жарнамасы жер жаратын түрлі сабындары, жуу құралдары, тазартқыштары толып жатыр. Құнының қаны жерге тамбайды. Осы тұрғыдан салыстырсақ, құрамы табиғи таза жергілікті өнім өндіру қолға алынып жатса, барлық жағынан да тиімді болар еді-ау деген ойға кетесің.

Негізінде жерден шығатын әр өсімдік, ағаш атаулының өзіндік емдік қасиеттері, тұрмыста тұтыну тетіктері болады, ал оны ажырата білу өте маңызды. Сайын даланы мекен етіп, иелігіндегі ұшы-қиыры жоқ ұлан-байтақ өлкеде үздіксіз көшіп-қонып жүрген ата-бабаларымыз жер бетіне қылтиып шыққан әр өсімдіктің алуан түрлі қасиетін айнытпай ажыратып, қажет кезде мұқтаждығына жарата білген. Жүздеген тұрмыс қажеттіліктерінің ішінде ең бастысының бірі – тазалық болса, сол тазалыққа керекті тұтыну заттарын Құдайдың өзі «мә, қажетіңе жарата ғой» деп беріп қойған айналадағы тұмса табиғаттан, мың сан шөп-шаламнан іріктеп алып, ұқсатып пайдалана берген.

Жасыратыны жоқ, керегінің қай түрін де қалтасына қарап базардан ала салатын, әсіресе өзге елдің арзанқол тауарына құмар «дайын асқа тік қасық» замандастарымыз үшін алабота өсімдігінің ұмытылғаны қашан. Сол алабота түйе, сиыр, қой алаботасы деп бөліне береді және бәрі де ұқсата білген адамға сабын қайнату үшін қосатын сақар өнімін алуға жарамды. Алаботаның емдік қасиеті бабына келіп, тұтынуға жарамдылық мерзімі толып, әбден пісіп жетілгенде, оны таза жерге жинап өртеу арқылы күлі алынады. Ал оны суға салып қайнатқаннан шыққан ақ ұнтақты сақар деп атаған. Ертеректе ауылдағы аналар асарлатып, келісіп, бірлесіп киіз басып, жүн түтіп, алаша тоқыса, дәл солай сақар сабын дайындауды да көп болып жүзеге асырған. Оны қайнатуға да мән беріледі. Сақарға сиыр, қой майын қосып, бір сағаттай бұрқылдатпай, баяу, баппен қайнатып, суытып, қаласа арнайы формаға келтіріп, немесе кесіп-кесіп бөлісіп алады екен. Мұның өзі бір жағы кереметтей ауызбірлік, береке және тірлік болса, бір жағы жас келіндерге үлгі-өнеге болған. Тіпті, қолының місекері бар жандар сол сақарға басқа өсімдік түрлерін, қажетті қоспаларды қоса отырып, сабын ба, әлде басқа да әртүрлі тазартқыш сұйықтықтар ма, әйелдердің шаш жуатын сұйықтығы ма, қалауына қарай дайындап алып отырған. Сақар сабын түрлері сол замандағы әйелдердің шаш күтімі, тері күтімі, ел арасындағы қотыр, қышыма, бөртпе, теміреткі, тері аурулары, шаш түсу, тағы басқа да көптеген аурулардың шипасы ретінде қолданылған.

Тұрмыста сақар пайдалану бүгінгілер үшін біршама таңсық дүние болса, бұрынғы қазағымыздың атакәсібі десек, артық айтқандық болмас еді. Жалпы сақар болсын, басқасы болсын, қазағымыздың өткен шақтағы өмірімен тұрмыста біте қайнасқан атакәсібінің қай-қайсының да бізге жаттығы жоқ, тек ұқсата білетін ұл-қыздарымыз ұпайымызды түгендеп берсе болғаны.

 Әлімжан ӘЛКЕБАЙҰЛЫ,

 Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<