Сейіт батырдың ұрпақтары немесе Хадишаның қайсарлығы

4318

0

Режиссёрдің сапары

Өткен Барыс жылының желтоқсан айының соңы еді. Үйге елге белгілі деректі фильм түсірудің шебері, кинорежиссёр, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қалила Омаров келді. Маңғыстау жақтан шығармашылық сапардан қайтарында жол-жөнекей біздің шаңыраққа қонақ болды. Қалила Нематуллаұлымен әлеуметтік желі арқылы және ара-тұра телефон арқылы тілдескен сырттай білістігіміз бар болатын. Осы сапар жүзбе-жүз кездесу болды. Екеумізді жақындастыратын тағы бір себеп бар. Қалила Орта жүзге пір болған атақты Айқожа ишанның ұрпағы болса, мен Ақмешіт пен Сырдың ортаңғы ағысына әйгілі болған Құлболды ишанның ұрпағымын. Қос ишан Бұхара қаласындағы Мир-Араб медресесінде бірге білім алып, Ауғанстанда Ислам Шайхтан жоғары дәрежелі діни дәрістенген. Төрімдегі қонағыммен түні бойы осы ғұлама бабаларымыз жайлы ортақ әңгіме өрбіттік.

Кинорежиссёр осы сапарында Қожа Жаһан (Қожжан қожа) ишанның немересі Сейіт батыр жайлы фильміне сюжет түсіріп жүр екен. Жоңғар жапқыншылығы кезінде Абылай хан жасақтаған қазақ қолының сапында ерлік көрсеткен Сейіт батыр бабамыз туралы әпсананы менің айтуыммен Қалила кездіктің көлеміндей ғана камерасына таспалап алды.

Азанғы астан кейін Амангелді ауылындағы қожалардың мекеніне жолға шықтық. Киношының мақсаты – Сейіт батыр жайлы тарихи деректермен қоржынын қомпайту. Өзі де: «батыр туралы тың дерек осы қалың қожаның бірінен болмаса екіншісінен табылып қалар» деп қояды. Менің діттегенім – Кенбаев Мырзағали ағам. Облыс көлемінде біраз жыл түрлі қызметтердің құлағын ұстап, ел басқарған кісі өз бабасы туралы да білері бар болар деген ой көкейімде.

Мырзекең қонағын жылы шыраймен қарсы алып, төріне жайғастырды. Сағынысып көріскен бауырлардай әңгімелері жарасып сала берді. Үшеуара өрбіген мәслихаттасу бір арнаға тоғысып, ортақ ой орнығып, келелі кеңес болды.

Мырзекеңнің әңгімесі

Сейіт батыр туралы өрбіген әңгіме бел ортаға келе бере, Мырзекең:

– Сейіт батырдың екінші баласы Бекқожаның Иман молда деген ұрпағы болған, – деп, ағамыз қоңыр дауыспен әңгіме өрбітті. Сол Иман молда менің әжемнің ағасы Досжан молдамен екеуі Бұхара жақта діни медреседе бірге оқыған екен. Оқуды бітіріп елге келгеннен кейін Иман молда Жаңақорғанның «Жайылма» деген жерінде мешіт ұстап, молда болып бала оқытыпты. Ал Досжан молда қазіргі «Шіркейлі» ауылының маңындағы «Хан ауылы» деген жерде орнығып қалады. Жер шалғай болса да екеуі жыл аралатып барыс-келістен ажырамайды.

Күндердің бір күнінде Иман молданың әйелі қайтыс болып, Досжанға қаралы хабар уақытында тимей, молданың жарының жаназасына барудың сәті келмей қалады.

Марқұмның қырық күндік асынан кейін ғана Досжанның «Жайылмаға» жолы түседі. Қазалы шаңырақта бақилық болған жанға арнап Құран аяттары оқылып, бата жасалған соң назарлап қараса Иман молданың отбасындағы жетім қалған шиеттей бала-шағасы жүдеп, үй ішінің де күйі тайып, берекесі кетіп қалғанын көреді. Аналарынан айырылғанына екі айдың жүзі болмай-ақ балалардың ашқұрсақ, үсті-бастарындағы киімдері тозып, бірталай азып кетіпті. Арып-ашып, жүздері солғын тартып қалған балаларды көрген Досжанның жүрегі сыздап қоя береді. Ылғи жетімдердің ортасында соқа басы сопайған Иманда қандай жай-күй болсын?! Ол да арық атандай шөгіңкіреп қалыпты.

Молданың шаңырағындағы осы жағдайды көрген Досжан көп ойланбастан бір тұжырымға келеді.

Кісі аяғы басылған тұста Иман молданы жанына шақырып алып:

– Имеке, «орта жолға жетпей атың өлмесін, орта жасқа келмей қатының өлмесін» деген бұрынғыдан қалған сөз бар. Әр хикмет пен әр кереметтің бір қайыры болады. Қатыным өлді деп, қайғы жұтып өзің де жүдепсің, анасынан айырылған балаларыңнан да жетім қозыдай күйі қашыпты. Әйел отбасының берекесі ғой. Отанасыз қалған шаңырақтың ошағы күнде лаулай бермейді. Күн аралатып жанса да бықсып жанар. Маздап жанбаған отта ас пісірер қауқар қайдан болсын?! Отын тұтатып, ошағын ұстайтын еге керек, мына шаңыраққа. Марқұмның жылдық асын беремін дегенше жадап-жүдеген мына балалардың обалына қалып жүрмелік. Балаларға қамқорлық қажет, ана орнына ана боларлық ақжаулық керек. Шаңырақтан түтін түзу шықса, өз жағдайың да жөнделер, – депті.

– Досеке, айтқаныңыз жөн сөз ғой. Қатыны жоқ үйде береке бола ма? Марқұмның қырық күндік асын бере сала қатын іздегеннің жөні келер ме екен? Жұрт не дейді? Қабір топырағы кеппей жатып Иман қатын алғалы жатыр деп, ел күңкілдемей ме?

– Жадап-жүдеп, тозғындық көрген жас балалардың обал-сауабы бар емес пе?! Алды жеті-сегізде, кішісі енді отырған бүлдіршіндер күтімі болмаған соң ауырып, сырқамай ма? Кеселге ұшыраса, ақыры не болмақ? Дерттің бетін аулақ қылсын Құдайым.

– Балаларымның аналарын іздеп аңырағаны менің де қабырғама батады, Досеке. Ашқұрсақ жүргендеріне қоса жылап-сықтап, өксігендері де жүдетіп болды өздерін. Енді қайтейін? Алланың басқа салғаны осылай болып тұр ғой. Бұл сынағынан да өтерміз әлі.

– Балалардың обалына қалмай тұрып, енді сенің басқосуыңның қамын жасауымыз керек. Бейкүнә балаларға жаны ашымайтын пенделер не айтпайды?! Аллаға сыйынып сауапты іс жасайық, Имеке.

– Менде сізге қарсы айтар уәж қалмаған секілді.

– Жұрт не дер екен деп, аңыс аңдымай-ақ қоялық. Көп ұзатпай, бір айдан соң «Хан ауылына» кел! Құдай қаласа саған қарындасым Хадишаны қосамын.

Досжанның осы сөзінен кейін Иман молдаға шегінерге жол қалмайды. Қимас адамының кесімді сөзіне тоқтайды. Батасын оқып, бәтуәлі сөзін айтып Досекең еліне қайтады – деп, Мырзекең әңгімесін аялдатты.

– Қош, сонымен енді Хадишаға келейік – деді Мырзағали аға оқиға желісін қайта жалғап. – Жаратылысы қыз демесең, он бестегі Хадиша ер балаға бергісіз қарулы, өр мінезді, сөзді тура айтады екен. Балаша киініп, атқа мініп, қызға тән үйдің қызметінен гөрі түздің тіршілігіне қайым болады. Текетіресте анау-мынау жігіт-желеңді шалып жығып кете беретін болыпты.

Бірде «Хан ауылының» өзі құралпы  бозбалалармен келіспей қалып, алыс-жұлыста аналар Хадишаны бұрымынан тартып құлатып, төмпештеп кетеді. Таяқ жегеніне намысы келіп, ағасы Махамбетке:

– Менің шашымды ер балаша сыпырып алып тастаңыз – дейді.

– Хадишажан-ау, ол не масқараң?!. Енді бойжеткенде тақырбас болып жүресің бе? Жұрт күлмейді ме?

– Онсыз да ерегісте алысқан жігітсымақтар бұрымымнан тартып құлатып, күлкі қылды. Шашымды алып тастап солардан есе қайтарамын!

– Намысыңа тигендерден қарымта қайтарамын десең, бұрымыңды түйіп ал да айқаса бер. Шаш қырыққан жақсы ырым емес. Мына сөзіңді әкем естімесін!

Ағасынан осылай тойтарыс алған Хадиша өзінен кіші інісі Әшірбекке «шашымды алып бер» дейді. Ол да шаш алуға келіспейді. Қайсар Хадиша тілін алмаған інісін бір-екі төмпештеп алып, ақыры айтқанын істетеді.

Бұл істі бітірген соң басына орамал тартып құнанын ерттеп мініп алып, қозы бағып жүрген бұзақыларға жетіп барады.

Еркекше киініп, беліне ат шылбырын орап байлап алған Хадишаның қатулы түрін көрген сотқарлардың ересектеуі:

– Әй, Хадиша түнеугі жеген таяғың аз болды ма, неге келдің? – дейді.

– Дүние кезек. Енді таяқ жеудің реті саған келіп тұр, шық жекпе-жекке! – деп, аттан қарғып түседі.

– Тұмсығың қышып тұрса, кел онда, қара қаныңды ағызайын!

– Қанқұмарлана берме, қазір көзіңді көкшитіп жіберемін!

– Кел, күшің тасып бара жатса, аптығыңды басып берейін!

Екеуі тізеден келетін шалғынның үстінде айқаса кетеді. Пәйтін тауып Хадиша әлгіні шалып жығып, кеудесіне тізесін батыра отырып жұдырығымен тұмсығын бұзып, көзін көкшитіп жібереді. Қыздан таяқ жеген бұзақы өштеспей-ақ қояйын деді ме екен, қайта төбелеске бармапты.

Есесі қайтқан қыз бұрымының жоқ екенін ағасына көрсетпеудің амалын жасап, басынан орамалын тастамайтын болады.

Ағасы Досжан келіндеріне: «Хадиша таяу күндерде ұзатылады, дайындық жасаңдар», – деп тапсырма береді. Сонымен ауылдың келіндері қыз жабдықтарын әзірлеуге кірісіп кетеді.

Пысықай жеңгесінің бірі күйеуге шығатынын Хадишаның құлағына сіңіреді.

Ұзын сөздің қысқасы, Досжан молда көп ұзатпай қарындасын ұзатады.

Иман молдаға қосылған Хадиша дүниеге төрт-бес ұрпақ әкеледі. Молданың бұрынғы әйелінен қалған балаларын өз қанасынан шыққан перзенттерінен кем көрмей бағып-қағып, жетілдіреді.

Арада бірталай жылдар өткен соң тағдырдың жазуымен Иман молда қайтыс болады. Жездесінің қазасына бата оқуға менің атам Кенбай «Жайылмаға» барады. Армасын айтып дұғасын оқып, бірер күн аялдаған Кенбай атам Хадишаға:

–Апа, сізді үй ішіңізбен елге көшіріп әкеткім келіп отыр. Жесірдің күні белгілі ғой, күй-жайдан кемдік көрерсіздер. Балалардың жағдайы да кемшін болар. Ел іші кең ғой, ортамызда болсаңыздар ештеңеден қағажу қалмассыздар, – дейді.

– Кенбайжан-ау, өзіңнің үш әйеліңнен өрген бала-шағаң бар, оның үстіне өз төлім мен жетімдерді жетектеп жаныңа мен барсам, саған оңай тиеді ме? Арық атқа ауыртпалық болмай-ақ қояйын.

– Әр баланың өз несібесі болады, дендері сау болса, ертең-ақ жетілмей ме? Уайымың ол болмасын. Әңгімені ұзата бермей, көштің қамына кірісейік, – деп, Кенбай атам, сөздің тоқетерін айтыпты. Айтқанына апасын көндіріп, ел ішіне алып келіпті.

Ал сол Хадиша апамызды Иман молданың бұрынғы әйелінен туған Баба атты баласы өз қолына алып, бағып-қағып, бақилық болғанында мәңгілік мекеніне арулап аттандырыпты, – деп, Мырзекең Сейіт батырдың ұрпақтары жайлы есте қалған әңгімесін аяқтады.

Қабдеш ШАҒЫРҰЛЫ.

Тасбөгет кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<